©
«Қазақтар латын әліпбиіне көшкен кезде түрік әліпбиінде кеткен кемшіліктерді қайталамауы керек». Кешегі өткен "Қазақ əліпбиін латын əріптерімен таңбалаудағы ерекшеліктер" республикалық ғылыми конференциясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, «Дайындық» факультетінің деканы, доцент, Рhd доктор Ахмет Гүнгор осылай деді. Ахмет Гүнгор алдымен Түркияның латын әліпбиіне көшу кезеңінен бірер естеліктер келтіріп, ол өзгерістің қажеттілігіне, мақсатына тоқталды. Араб әліпбиін қолданып келген түрік елінің жаңа әліпбиді жатырқағанын да тілге тиек етті. - 1928 жылы Түркия Ататүріктің бұйрығымен латын әліпбиіне көшті. Сонда халық «Құрметті, Президент, латын және араб алфавиті бірге жүре берсе болмай ма?» деген сауал тастаған еді. Сонда Ататүрік олай болмайтынын, латынға бірден көшірілетін нақты кесіп айтты. Бұл мәселеде әрбір мемлекеттің, бауырлас түркі елдерінің өзінше бір жолы болса керек. Түркияның Осман империясынан кейін латын әліпбиіне өтуінің заңдылығы өте маңызды. Байқасақ 1916 жылы 16-17 миллион халықтың 1-1,5 пайызы ғана оқып, жаза алатын, сауатты болған екен. Сондықтан қарапайым елдің білімді болуы үшін Ататүрік латын әліпбиіне көшуді қолдаған. Сонымен қатар, Ахмед Гүнгор мырза латын әліпбиіне көшу барысында өздерінде кеткен олқылықтарды біздің әліпби жасақтауымызда қайталамауды ұсынды. - Латын әліпбиіне әлдеқашан көшкенімізбен, бізде әлі де мәселелер бар. Әліпбиімізде «ә» және «ң» әріптері жоқ. Сөйлеу кезінде байқалмайды, алайда жазғанда мәселе туындайды. Мысалы, «bu sene karım çok iyi» - «Бұл жылы әйелім өте жақсы» дегенді білдіреді. «karı» - «әйел», «kar» - «қар» сөзінің аудармасы. Яғни, сөйлем «Бұл жылы қар өте жақсы» деген мағынаны да білдіруі мүмкін. Бұл сөздер тиісінше айтылғанымен, жазғанда олардың айырмасын беретін әріп біздің әліпбиде жоқ. Ал енді «ң» дыбысында, «kalemini aldım» дейтін болсақ, қаламның кімдікі екені білінбейді. Егер «n» әрпінің үстінде белгі болғанда «ң» дыбысын беріп, сөзсіз ол сіздің қаламыңыз болар еді. Қазақ елінің латын әліпбиі бойынша тәжірибесі өте мол. Сондықтан тіл мамандары мұндай кемшіліктерді жасамайды деп ойлаймыз, - деді ол. Доцент бұдан бөлек, жаңа алфавитке көшкенде оның шет тілін үйренетін тұсын да қарау керектігін айтты. Сонымен қатар, бір дыбысты бір әріппен белгілеуді ұсынды.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН