©
Тәуелсіздік жылдарында ең алғаш бой көтерген Мұнайлы ауданы 10 жылдығын кең көлемде атап өтті. Мерейтой қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік шаралар, жұмысын бастаған әлеуметтік нысандар аудан тұрғындарының көңіліне қуаныш ұялатты.
Атап айтар болсақ, Маңғыстау ауылында ашылған 100 орындық «Мұрагер» балабақшасы мен ұн-жарма зауыты, Басқұдық ауылындағы «Мұхамбет» медициналық орталығы аудан халқына сапалы қызметтерін ұсынбақ.
Сондай-ақ, мереке аясында аудан орталығының Тәуелсіздік саябағында биіктігі 12 метрлік «Мәңгілік ел» монументі де бой түзеді. Ұлттық тарихымыз бен дәстүрімізді дәріптейтін ескерткіш Маңғыстаудың қиыршық тасынан жасалған. Басына алтын күн мен қыран бейнеленіп, ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен безендірілген. Тұғырдың артына орнатылған 7 метрлік колонна Мұнайлы ауданындағы 7 елді мекенге негізделіпті. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы майдангерлері құрметіне «Ер есімі – ел есінде», Ауғанстан және тәжік-ауған соғысы ардагерлеріне «Ерлік пен Елдік» ескерткіш тақталары тұрғызылған. Саябақтағы мүсіндер мен ескерткіштер – жергілікті қолөнер шеберлерінің туындысы.
-Осы қирап қалған саябақты қолға алып, осындай келбетті саябаққа айналды. Азаматтардың осындай атқарып жатқан еңбегі – қуанарлық, құптарлық жайт. Алғаш келген кезімде осында 10 шақты үй ғана бар еді. Қазір халық саны көбейіп, аудан көркейіп, адам танымастай өзгеру үстінде. Көшелеріміз өзгерді, үйлеріміз сәнденді. Аллаға шүкір, мұның бәрі Егемендіктің арқасы деп ойлаймын. Халқымыз мәңгілі ел болсын! – деп тілегін білдірді ардагер теміржолшы, Мұнайлы ауданының тұрғыны Алдаберген Амандық.
Саябақты көркейту, абаттандыру жұмыстары әлі де жалғаса бермек.
Мерейтой аясында гала концерт, көрме, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Аң шаңқан үйлер тігіліп, тойға жиылған қауымға дәм ұсынды. Ауданның өсіп-өнуіне, өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатқа ие болды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="38281,38280,38279,38277,38276,38275,38274,38273,38272,38271,38270,38301,38302,38303,38304,38296,38294,38290"]