©
«Даму» Қорының Маңғыстау аймақтық филиалына мүмкіндігі шектеулі 13 кәсіпкер «Даму–Көмек» бағдарламасы аясында демеушілік көмек алуға өтініш білдірген. Жақында жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 13 кәсіпкерге арнайы көмек көрсетіліп, тігін машиналары мен көп функциональды оверлок табысталды. - Бағдарламаның негізгі мақсаты - мүмкіндіктері шектеулі кәсіпкерлерге қолұшын беру. Маңғыстау облысында «Даму-Көмек» бағдарламасы бастау алғалы бері 100 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерге демеушілік көмек көрсетілді. Соның ішінде бүгін 13 мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер демеушілік көмегін алып отыр. «Даму» қоры атынан демеушілік көмек көрсеткен барлық демеушілерге алғыс хаттар табыстадық. Олар: «Ақ жол құрылысы» ЖШС, «СМК-Атамекен» ЖШС, «Techno West LTD» ЖШС, «БатысГеофизСервис» ЖШС, - дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» бағдарламалар бойынша біліктілікті арттыру менеджері Абай Момбеков.Жоба арқылы жұмысын жалғастыруға көмек алған кәсіпкердің бірі - Жаңаөзен қаласының тұрғыны Клара Чудикова. Үшінші топтағы мүгедек саналып, жұмыс жасауға қабілеті болмағандықтан Клара тігіншілікті қолға алып, осы кәсібін жандандыруға бел байлапты.
- Кәсіпкерлікпен айналысамын деген жандарға әрдайым мемлекеттен осындай қолдаулар көрсетіліп тұрса, қалай қуанбайсың?! Енді арнайы тапсырыстар қабылдап, табыс тауып, отбасыма көмектесетін боламын. Үйде отырып қалмай, еңбек етіуімізге қолдау көрсеткен жанашыр жандарға алғыс айтамын. Құлағым естімейтіндіктен тапсырыс қабылдауға қызым Юля көмектесетін болады, - дейді 45 жастағы Клара Чудикова.
Тағы оқыңыздар: Мүшайраның бас жүлдесін маңғыстаулық Тілеген Әли жеңіп алды (ФОТО)Сондай-ақ, жоба арқылы 2-3 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар Жұлдыз Нұрғалиева, Индира Жұмабаева, Мақсет Сыдықов, Әсел Балтурина, Мейрамгүл Жұманазарова, Жансұлу Жолдасбаева, Гүлнаш Нарембаева, Мөлдір Мисекенова, Айкүн Қосмағанбетова тігін машиналарына ие болды. Одан бөлек Ажар Кубенқызы, Орынгүл Айтжанова, Эльвира Құрмановаға кәсібін жүргізу үшін көп функциональды оверлок табыс етілді.
Венера МИРЛАН