©
Жастардың болашағы «Caspian Youth Forum» халықаралық форумы пленарлық мәжілісінің басты тақырыбына арқау болды. Яғни, жиын қатысушылары «Жастардың мәдени коды: құндылықтар, архетиптер және мазмұн» мәселесіне қатысты пікірлерін білдірді.
Атап айтар болсақ, жастарды ақпараттық, экономикалық, әлеуметтік, діни сипаттағы теріс әрекеттерден қорғау, шетелдік білім факторы және оның ұлттық кодқа әсері, олардың бәсекеге қабілетті болуы, тұлға ретінде өзін-өзі көрсетуі сынды тақырыптар талқыланды.
Бұл орайда Әзірбайжан Республикасының Милли Меджилис депутаты Шахин Исмаиловтың да пікірі көпшілікке ой салды.
-Бұрынғыдай емес, қоғамдық өмірге қазір жастар көбірек араласып отыр. Неге? Бұл олардың өздерін адам, тұлға ретінде білуінен шығып отыр. Тұрақты даму – жастардың дамуы арқылы ғана болады. Осы орайда өзіңнің мәдени байлығыңды, дәстүріңді ұмытпау керек. Бүгінде жастарды түрлі террористер, экстремистер өздерінің қатарына қосқысы келеді. Оны біз Армения елімен қарым-қатынасымыздан да байқап отырмыз. Жерлерімізді басып алу, мәдени құндылықтарымызды, тарихи байлықтарымызды жою сынды жағымсыз, қауіпті үлгі көрсетіп отыр.
Әзірбайжан Республикасы ХХІ ғасырдың басынан бері 5 жылдық әрекет жоспарларын жүзеге асырып келеді. Оның мақсаты – жастар арасында патриотизмді халықтың дәстүрін, мәдениетін білу арқылы дамытуға арналған. Осының бәрі біздің өмірімізге, тек жастарға ғана емес, жалпы қоғамға ықпал етуге дайындалған. Мәдени өзгерістер бүгінгі заманда қарқын алып, өте тез дамып келеді. Оның қиындықтары да бар, бірақ жаңа мүмкіндіктер сыйлайды, - деді Шахин Исмаилов.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН