©
Ақтау қалалық сотында ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігімен, 188-бабының 2-бөлігінің 3-тармағымен сотталушы Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, сотталушы Б. түнгі сағат 3.00 шамасында Ақтау қаласы 6 шағын аудандағы «Праздничное настроение» дүкенінен қасақана бөтеннің мүлкін жасырын ұрлау мақсатында дүкеннің пластик материалды қабырғасын тесіп, ішіне кірген. Дүкеннен 3 жұмсақ аю ойыншықты, 3 құрастыратын ойыншықты, 300 дана әуе шарлары мен 6000 теңге ақша ұрламақ болған. Оларды жинап, әкетуге дайындап қойған. Осы кезде көшеде өтіп бара жатқан жүргінші дүкенге ұры түскенін көріп, оны қорқытып, дүкен иесіне хабар беріп, ұрлықтың жолын кескен. Б. теріс ниетін аяғына дейін жеткізе алмай, оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен.
Осы әрекетімен сотталушы Б. жәбірленуші Ш.-ға 80 000 теңге материалдық шығын келтірмек болған.
Ақтау қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, келесі күні сотталушы Б. Ақтау қаласындағы «Свежая выпечка» дүкенінде жәбірленуші А.-ның «Самсунг Галакси Джи-1» маркалы ұялы телефонын жасырын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалап қашып кеткен. Бұл әрекетімен жәбірленушіге 30 000 теңге көлемінде материалдық шығын келтірген.
Тағы оқыңыздар: Мәдениет мамандары марапатталдыСот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындап, бірінші жәбірленушіден ештеңе әкете алмағанын, екінші жәбірленушіге келтірген шығынның орнын толтырып, онымен татуласқанын айтып жауап берді.
Сот үкімімен Б. жоғарыда аталған баппен кінәлі деп танылып, оған ҚР ҚК-нің 63 бабын қолданумен 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ол шартты түрде сотталды.
Сурет ғаламтордан алынды