Көкшетау облысының Зеренді ауданында өткен «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ қызметкерлерінің спартакиадасы аяқталды. Мұнайшылардың мерекесіне орай ұйымдастырылған жарыстан маңғыстаулық «Қаражанбасмұнай» АҚ және «ОSК» командалары жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарды қанжығалады.
Кенорындары мен кеңселерде күні бойы қызмет ететін мұнайшылар бұл жолы «Сұңқар» спорт кешенінде бас қосты. Волейболдан өткен жарысқа алпауыт компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қарамағындағы еншілес және бірлескен ұйымдарынан жасақталған 8 команда қатысып, бақтарын сынады.
Жарыста өрнекті ойын үлгісін көрсеткен «КазТранОйл» компаниясының командасы бірінші орынды иеленсе, екінші орынға «ОSК» командасы тұрақтады. Жүлделі үшінші орынға «Қаражанбасмұнай» АҚ командасы қол жеткізді. Бұл жолы команда құрамында мұнайшылар Б. Жайлаубаев, Р. Нұнов, Д.Сейтмағанбетов, Б. Тоқтасынов, Е. Бiләлов, А. Иманбаев, Ж. Әскербаев, Е. Базарбаев өнер көрсетті.-Жарыс жоғары деңгейде өтті. 2012, 2016 жылдары Астана қаласында өткен спартакиадада үшінші орыннан көрінген болатынбыз. Биыл да сол жеңісімізді қайталадық. Туған жерімізге жеңіспен оралғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Жалпы біздің мекеменің әрбір қызметкері спортқа әуес. Жыл сайын өткізілетін компания аралық спартакиадаға ұйымшылдықпен қатысу мұнайшылар үшін жақсы дәстүрге айналған. Бұл жолы жарысқа ұзақ уақыт дайындалдық. Тыңғылықты дайындықтың нәтижиесінде жеңіске жетіп, ұжымымыздың намысын абыроймен қорғадық. Жалпы біздің мекеменің жігіттері мықты, қаласа бәріне де үлгереді. Жұмыс орнында тапжылмай еңбек етеді, жаттығу мен жарысқа да уақыт табады,-дейді «Қаражанбасмұнай» АҚ командасының капитаны Бекзат Жайлаубаев.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстауда 8 айда 36 172 қылмыс тіркелдіЖарыс жеңімпаздары «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ басқарма төрағасы С. Мыңбаевтың атынан дипломмен марапатталып, медаль, кубоктарға ие болды. Сондай-ақ спартакиада қатысушылары спорттың өзге де түрлері шағын футбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақтан сайысқа түсті.
Венера МИРЛАН