Алматыда иісшіл иттер есірткі затын табудан сайысқа түсті. Кинолог мамандар арасындағы сайыс 5 күнге созылды деп хабарлайды inform.kz.
16 иісшіл ит автобуста, ұшақта, көлікте жасырынған есірткі заттарын табудан өзара бақ сынасты.
Байқау қорытындысында өзіне жүктелген міндетті атқаруда еркше жеделдік танытқан Оңтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің кинолог маманы Ғани Абдрамановтың «Найза» атты иті топ жарды.
Ал Мемлекеттік Кірістер департаментінің кинологиялық орталығының маманы Марат Тілеукеевтің «Дак» атты иті екінші сатыға тұрақтады.
Үздік үштікті Маңғыстау облыстық МКД өкілі Нұрбол Сабановтың «Барби» атты иті қорытындылады.
Жеңімпаздардың барлығына итті бағуға қажетті құралдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Біздің орталықта иттер күшік кезінен бағылып, қолға үйретіледі. Бастапқы кезде мінез-құлқы мен ерекшеліктеріне қарай иттерге кинолог маман бекітіліп беріледі. Оларға нұсқау беріп, оны орындауды күшік кезінен үйретеміз. Негізі иттің қызмет ету жасы 8 жыл. Одан кейін олар ұйықтатылады. Арнайы бағдарлама негізінде кинолог мамандар орталыққа келген соң оқып, емтихан тапсырған соң курсты аяқтағаны туралы сертификат тапсырылады»,-деді Кинология орталығы басшысының орынбасары Ақан Тұрсынбаев.
Тағы оқыңыздар: Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукты нокаутпен жеңдіОның айтуынша, жыл басынан бері жергілікті кинологтардың иісшіл иттері 50-ден астам контрафактілік өнімнің жолын кесті. Оның ішінде валюта, есірткі заттары, жарылғыш заттар, жоғалып бара жатқан жануарлардың мүйіздері немесе терілері бар.
Жеңімпаздардың бірі Нұрбол Сабанов «Барбиді» күшік кезінен үйретіп келеді. Бұл - капитанның баптап жатқан үшінші иті. Иісшіл ит 3 жыл ішінде 11 рет нәтиже көрсеткен.
«Барби» марихуана, амфетамин, героин, гашиш тасымалдаған қылмыскерлерді ұстауға көмектескен.
Жазы ыстық Маңғыстау облысында «Барби» қауіпті жағдайда жұмыс жасаудан тайынған емес.
«Біз көбіне кемелерді қараймыз. Маңғыстау облысының 50 градус ыстығында күйіп тұрған кемеден есірткі іздеу оған үлкен қауіп туғызады. Кемеге міну үшін жалғанған траптан құлап кете ме деген қауіп те болады. Бірақ шамамыз келгенше ыстық өткізбеуге тырысамыз», - дейді Нұрбол Сабанов.
Айта кету керек, Алматыдағы ҚР Қаржы министрі Мемлекеттік Кірістер департаментінің Кинологиялық орталығында осы уақытқа дейін 860 команда оқып шықты. Оның ішінде Монғолия, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан елдерінен келген кинологтар да тәлім алды.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="35119,35118,35117,35116"]