©
24-28 тамыз аралығында Ақтау қаласында Каспий жағалауы елдерінің І халықаралық театр фестивалі өтті. Фестиваль ҚР Еңбек Ері, Ұлттық кино жəне театр өнерінің қайраткері Асанəлі Əшімовтың 80 жылдығына арналды. Бүгінгі өткен мəдени шараның жабылу рəсімінде облыс əкімінің орынбасары, фестивальді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Мақсат Сқақов сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтады.
Фестивальге қатысқан барлық театрға Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Фестивальге Каспий жағалауы елдерінің 6 театры қатысып, 5 тілде өнер көрсетті. 200-ге жуық қатысушы, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды. Шара аясында қойылымдарға түркі тілдес елдер мен ТМД аймағының белгілі театр сыншылары мен өнер майталмандары қазылық етті. Театрларға мəртебесі бірдей номинациялар бойынша дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. "ХАЗАР РЕНЕССАНСЫ" аталымымен ЙУГ Мемлекеттік театры ұжымы (Əзірбайжан); "КАСПИЙ ШҰҒЫЛАСЫ" номинациясы бойынша М. Əуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры ұжымы (Қазақстан); "СИЯНИЕ КАСПИЯ" номинациясымен Астрахан облыстық "Астрахан драма театры" Мемлекеттік автономиялық мəдениет мекемесі ұжымы (Ресей); "КАСПИЙ МЕРУЕРТІ" номинациясы бойынша "Айна театр тобы" (Иран);
"КАСПИЙ АЙДЫНЫ" аталымымен "Ноғай Мемлекеттік драма театры" мемлекеттік бюджеттік мекемесі (Терекли-Мектеб, Дағыстан, Ресей); "КАСПИЙ МАРЖАНЫ" номинациясы бойынша Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Қазақстан) марапатталды. Салтанатты кеш соңында халықаралық шараның бас кейіпкері Асанəлі Əшімов барша жиналған қауымға, ұйымдастырушыларға зор алғысын білдірді. -Киелі жер, киелі ел, мен сіздермен мақтанамын. Осы жердің əулиелерімен мақтанамын. Маңғыстау халқы сондай кішіпейіл екен, сондай риза болдым. Осынау дүр сілкіндірген төрт күн Каспий жағалауындағы бірнеше мемлекеттің басын қосты. Елге келген қонақты жақсы қарсы алғандарыңыз үшін сіздерге басымды иіп, алғысымды білдіремін. Түркі халықтарын біріктіріп, осы фестивальді өткізген ұйымдастырушыларға, əділқазыларға да рақметімді айтамын. Бұл мен үшін тарих. Мұнда келгеніме, осы оқиғаны көргеніме, естігеніме ризамын, - деді ол қорытынды сөзінде. Каспий жағалауы елдерінің келесі фестивалі қайда өтетіні əзірге белгісіз. Дегенмен ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейнов айтулы шараны Ақтаудың келесі жылы да қабылдауға дайын екенін жеткізді.