"Ағымдағы жылы 18 тамызда Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық сотында талап қоюшы Б.Серікбаев пен жауапкерлер «Сүйіндік» ЖШС, «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ, «Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық Департаменті» арасындағы азаматтық іс бойынша сот шешімі шықты", - деп хабарлайды Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметі.
Іс сот өндірісіне ағымдағы жылы 22 маусымда қабылданған. Сотқа берген талап арызында Б.Серікбаев соттан жоғарыда аталған мекемелерден денсаулықтың зақымдануына байланысты жалпы көлемі 257 404 345 теңге материалдық шығын сомасын және моральдық зиян өтемін өндіруді сұраған.
Сот талқылауы барысында кәмелетке толмаған Б.Серікбаевтың 2015 жылы 24 наурызда Бейнеу ауданында «Сүйіндік» ЖШС-не қарасты КТП-6/04 тоқ трансформаторына тоққа түсіп, алған дене жарақаттары салдарынан екі қолын иығынан кесіп тастап, мүгедек болып қалғаны, содан бері ұзақ уақыт бойы емделіп, екі қолына протез салу қажеттілігі туындап отырғаны, жоғарыда аталған мекемелер трансформатор маңында қауіпсіздік шараларын сақтамағаны анықталды.
Сот барысында куәлар, сарапшылар мен жоғарыда аталған мекемелердің жауапты өкілдері сұралды.
Сот отырысы ашық тәртіпте өткізіліп, оған БАҚ өкілдері қатысты.
Сот барлық іс материалдарын зерделей келе, талап арызды ішінара қанағаттандырып, Б.Серікбаевтың пайдасына «Сүйіндік» ЖШС-нен, «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ-нан, «Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментінен» ортақ тәртіпте 61 402 559 теңге материалдық шығын, 5 000 000 теңге моральдық зиян өтемін, сондай-ақ «Сүйіндік» ЖШС мен «Маңғыстау электротораптық бөлу компаниясы» АҚ-нан мемлекет пайдасына ортақ тәртіпте 615 160 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарды.
Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар бір ай ішінде Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым не наразылық келтіре алады.