Биылғы оқу жылы аяқталуы жақындап қалды, яғни мектеп бітіруші түлектердің білімі сыналатын кез де таяу. Олардың ҰБТ-ға дайындық барысын пысықтап алу мақсатында, жыл сайын қалалық білім бөлімімен бас қосатын мәжіліс қалалық әкімдікте өткізілді. Келелі жиынға қала әкімі Елубай Әбілов, әкімнің орынбасары Исахан Сағынбаев, ҰБТ орталығы басшысы Ақкөрпеш Қойшанова, қалалық білім бөлімі басшының м.а. Тәттімбет Жұмалиев, жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Айдаров және мектеп директорлары қатысты. Алқалы мәжілісте екі мәселе қаралды, оның бірі қала оқушыларының ҰБТ-ға дайындығы туралы Т.Жұмалиев хабарлама жасады. Өткен жылғы ҰБТ қорытындысын айта өте отырып, орын алған қателікті болдырмас үшін биыл тестке дайындық жоспары жасалғандығын жеткізді. Жүргізілетін қосымша сабақтар кестесі жасақталып, жыл бойы байқау сынақтары, соның ішінде нәтижелі болып отырған облыстық «Достық» білім орталығымен сынама тесттер алынған. Биыл қаладағы 18 мектепті бітіруші 952 оқушының 742-сі тестке қатысады, яғни жалпы оқушының 77,1%-ын құрайды. Соның ішінде, алтын белгіге 20 оқушы, үздік аттестатқа 16 үміткер бар. Соңғы сәуір айында алған байқау сынағының нәтижесінде орташа балл 82,1-ге жеткен, оқу жылының басында бұл көрсеткіш 58 болған. Мамыр айының аяғында ҰБТ өткізілетін №19 мектептің үшінші қабатында тағы да бүткіл мектеп түлектеріне байқау сынағы ұйымдастырылып, балалардың аудиториялармен танысуына, өздерін еркін сезінуіне, тест сұрақтарын алаңдамай шешуіне жұмыстар жасалады. Т.Жұмалиевтің баяндауынша, өткен 2015 жылдың көрсеткіші 71,5 баллды құраса, биыл көрсеткішті 85-90 %-ға дейін ұлғайтуда жұмыстар жасаланып жатыр.
Қалалық білім бөлімінің баяндамасын тыңдаған қала әкімі балалардың көз қорқыныштарын жеңу үшін тест өткізілетін ғимаратпен бір емес, бірнеше рет таныстыру, байқау сынағын өткізу, психологиялық жұмыстардың көптеп жүргізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, алдыңғы жылы облыс бойынша соңғы ондықта аталған №2,4,6,14,19 орта мектептерге үлгерімдерін ілгерілетуде тынбай бірлестікте жұмыс жасау керектігін тапсырды. Биылғы тест өткізілетін ғимараттың аудиториялары талапқа сай, тоқ мәселесі шешіліп, бейнебақылау камералары, ұялы байланыс телефондарын тұншықтыру секілді құралдардың орнықтырылуы мен салқындатқыш, су аппараттарының жасап тұруын қамтамасыз етуді міндеттеді. « Біз балалардың жоғары сапалы білім алуына, олардың ата-аналарына ауырлық түсірмей, білімдері арқасында мемлекеттік жеңілдіктерді ұтып алуына жағдай жасаумыз керек» -деді, қала әкімі. ҰБТ және мектептердің ішкі мәселелері талқыланған жиында күн тәртібіне қойылған мектеп оқушыларының тәртіптік жағдайы да сөз болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Серік Айдаров жыл басынан бері білім алудан қасақана жалтарып жүрген 157 оқушы анықталып, әкімшілік жауапқа тартылғандығын айтып өтті. Жалпы, осы уақытқа дейін 435 жасөспірім түнгі мезгілде ата-ана қарауынсыз қалада жүру секілді тәртіпті бұзған. Оның 230-ы қайталанып жасап отырғандығы анықталған. Сонымен, екі сағат жуық уақытқа жалғасқан жиын арнайы ұсыныстар мен нақты тапсырма берумен аяқталды. Сапа көрсеткіші анықталатын ұлттық бірыңғай тестілеуде өткен жылғы білім сапасының төмендігін қайталамас үшін тың әдістерді қолдану, дайындықты күшейтудің маңызды қадамдары да ескерілді. Заманауи технологиямен жабдықталған білім ордалары бар кезеңде білімді, тәртіпті бала тәрбиелеу басты міндет болуы керектігі баса айтылды.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА