©
Бүгін құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында 120 орындық жатақхананың ашылу рәсімі өтті. Ақтау қаласы 31Б шағын ауданы, 25-үйде орналасқан жаңа ғимаратта басқа аудан, қалалардан келіп жұмыс істейтін жастар тұра алады.
Бұл үй шалғай ауданда тұратын, «Жаңа серпін» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтылған азаматтар үшін қарастырылған. Бұдан бөлек, дәрігер, мұғалім сияқты облыс орталығында тапшы маман иелерінің осы жерге орналасуына мүмкіндік бар. Жатақханада тұру үшін жас мамандар тек коммуналдық төлемақы төлейді.
- Ақтау қаласында тұрғын үй алу тізімінде 5 мыңнан астам адам кезекте тұр. Сол себепті бұл жатақхананың ашылуы тұрғын үй нарығындағы жағдайды жақсартуға өз септігін тигізетін болады. Жас мамандар пәтерге қол жеткізгенге дейін жатақханада тегін тұрып, алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасалып отыр, - деді Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов.
- «НКОК» (НортКаспианОперейтинг Компани Н.В.) компаниясының қаржыландыруымен салынған жатақхананы жастар үйі деп те атауға болады. Отбасылы азаматтарға пәтер ретінде 25 орын қарастырылса, 85 орын жеке азаматтардікі. Бір бөлмеде 2,3 адам бірігіп тұрады. Ал отбасылы азаматтардың бөлмесі жеке пәтердің жағдайынан кем емес. Мұнда арнайы медицина кабинеті, жаттықтыру залы, конференция залы бар, - дейді Ақтау қаласы әкімі Серікбай Трұмов.
Құрылыс директоры Нығметов Нұрланның айтуы бойынша, жатақхана құрылысына 580 миллион теңге шамасында қаржы кеткен. Былтыр ақпан айында басталған үй шамамен 1,5 жыл ішінде салынып біткен.
Конституция күні қарсаңында «Шығыс» тұрғын үй массивінен жастар үшін тағы 500 орындық жатақхана тұруға берілмек.
Айгүл ДӘДЕН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32455,32460,32459,32458,32454,32456"]