Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжанов «СITIC GROUP» корпорациясы делегациясы өкілдерімен кездесіп, келешекте жүзеге асуы көзделген жобалар жай-күйін талқылады.
«Маңғыстау облысы әкімдігі қытайлық инвесторлармен экономиканың сан түрлі саласында сенімді серіктестік орнатып келеді. Мәселен, жыл басынан бері азоттық тыңайтқыштар және метанол өндіру жобасы бойынша «Иннер Монголия Берун Холдинг», теңіз инфрақұрылымын дамыту және жел стансалары құрылысы жобасы бойынша «Сани Груп», Шетпе ауылында күн электростансасы құрылысын жүргізіп жатырған «Норт Вэст Пауэр Констракшн», Ақтау қаласын жарықтандыру жобасына жауапты «Хуаминг Гуандонг» компанияларымен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі таңда Қаражанбас кенорнында су тұщыту зауытын салу жобасы іске асыру көзделген»,-деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
«Сізбен екінші мәрте жүздесіп отырмын. Қазақстанда он жыл бойы қызмет етіп келемін. Осы уақыт аралығында туыстық әрі достық қарым-қатынас орнады. Маңғыстау өңірінде алғашқы жоба «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ-мен бірлесе жүзеге асты. Биыл өткен кезеңде іске қосылған жобаларды негізге алып, жаңа бастамаларды қолға алуды көздеп отырмыз. Солардың бірі -Қаражанбас кенорны аумағындағы өндірістік ағынды суларды өңдеу жобасы. Егер жоба сәтті әрі сапалы жүзеге асса, өңірдегі өзге де кенорындарда іске асырылады. Өндірістік қалдық сулар мұнай-газ өндіру барысында туындайтын басты мәселенің бірі. Қалдық суларды қайта қалпына келтіру, тұщыту тек мұнай саласы ғана емес, облыс халқы үшін игілігі зор іс болмақ. «СITIC GROUP» корпорациясы Қытай елінде ең ірі әрі ауқымды компания ретінде танымал. Кәсіпорын 56 бағытта қызмет етеді. Құнды қағаздармен, сақтандыру ісімен, жерсеріктері мен көлік құрылымдарын, құрылыс материалдары мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен айналысады. Жуырда біздің тарап Қазақ агротехникалық институтымен меморандумға қол қойды. Сонымен қоса, қазақстандық компаниямен алманың түрлі сорттарын өсіру технологиясын енгізу бойынша келісімге келдік. Бұл тек бастамасы ғана. Маңғыстау өңірінде жылыжайлар салу, ет өндіру, күл-қоқыс қалдықтарын кәдеге жарату жобаларын жүзеге асырғымыз келеді. Теңіз суын тұщыту зауыты құрылысы қолға алынса екен дейміз. Қазіргі таңда Қытай елінде «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы іске асуда. Бұл екі ел даму бағытының ұқсастығы мен үндестігінен хабар береді»,-деді «CITIC Kazakhstan» ЖШС директоры, «CITIC Resources Holdings Limited» вице-төрағасы Сунь Ян.
Облыс әкімі Кендірлі аумағында жаңа жобаларды жүзеге асыру маңыздылығына тоқталды.
«Саябақ туралы жоба жайында ойлану қажет. Инвестициялық әлеуеті зор аумақтарда жұмыс жандануы тиіс. Жұмыс топтары құрылып, жоба бақылауға алынсын. Ет өңдеу, күл-қоқысты кәдеге жарату жобалары да өте маңызды»,-деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31728,31730,31727,31729,31726"]