Маусымның соңғы сәрсенбісінің сәтті күні жолға шықтық. Бағытымыз – Ақтөбе облысының Байғанин ауданы. Мақсатымыз – Дәуімшар батыр Қуатұлының рухына арнап берілгелі жатқан асқа қатысу. Маңғыстау-Астана бағытындағы пойызға отырып, келесі күнгі таңғы сағат 5-00-де Қарауылкелдіден түстік. Таңғы саф ауа бойымызды сергітіп сала берді. Айналамыздан бұрқырап тұрған жусанның жұпар иісі танауымызды жыбырлатып қытықтай түскендей. Рахметулла Бақытов деген бауырымыз күтіп алып, бізді үйіне қарай бастады.
Қасымдағы Жаңаөзеннен бірге келе жатқан үзеңгілес серіктерім, жаңаөзендік жыршы-термешілер Ахмет Баекешов, Жанар Нұрмұханова, Дәмегүл Ізбасарова және Жанна Бүркітовалардың да арқалап келе жатқан жүктері атан түйені қанағаттандыратын-ақ заттар. Домбыра, қобыз, сахналық киімдерінен басқа шәйнек-кеселеріне дейін көтерген жігітті қайқаңдатып жіберетін дүниелер. Рахметулланың шарбағынан ішке ендік. Үй алдында теңкейіп-теңкейіп жатқан 5-6 кісіні көріп, асқа келе жатқан қонақтардың алды ел шетіне жеткенін байқадық. Бізді көріп бірқатары ұйқылы-ояу көздерін уқалап ашып, орындарынан тұра бастады. Кейбіреуі «таңғы тәтті ұйқыны бұзып, мазамды алдыңдар ғой» дегендей тыжырынып, бізді жақтырмаған сыңай танытып, селқос амандасып, іргеге қарап жатып алды.
Шіліңгір шілде басталмай-ақ дәл сол күні ауа райының қатты ыстық болатыны күн шықпай-ақ аңғарылды. Біз барған үйге жан-жақтан келгендер жинала бастады. Өйткені, асқа адам апаратын көліктер сол үйдің маңайына келетін болып ұйғарылыпты. Сәскеде келісілген көліктер келе бастады. Бір автобуспен 3-4 «УАЗ» автокөлігі дайын болды. Оның біреуіне асқа апаратын азық-түліктер тиелді. Себебі, азық-түлік апаруға Қарауылкелдіден қолайлысы жоқ көрінеді.
Бізге қарағанда ол жақтың жағдайын жақсы білетін жүргізушілер жол-жөнекей азық-түлік дүкеніне тоқтап, баклашкадағы мұзды судан жеткілікті етіп алу керектігін еске салды. Соған қарағанда алдағы 120-140 шақырымдық жолды басып, көздеген жерімізге жуық арада жете қоятын түріміз жоқ секілді. Көп ұзамай құбыла батысқа бет түзедік. Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіден ондаған шақырымға дейін жаңадан салынып жатқан асфальт жолдың құрылысы басталып жатыр. «Бұл да Бердібек Сапарбаевтың шапағаты ғой» деп жүргізушіміз облыс басшысына ризалығын білдіріп, қуанып отыр. Аталмыш он шақырым біткесін, бұрынғы әкімдердің назарына ілікпеген грейдер жолға түстік. Ширек ғасырдан бері бетіне күрек тимеген жолдың ойлы-биігі мен шұқыр-шұқанағы жетіп артылады. Мәшине әлгі жолдың үстімен жүрсе жолаушының ішек-қарны мен өкпе-бауырлары үнемі қозғалыста болады. Ал төмендегі қаражолмен айдаса, төбең мәшиненің төбесімен оқтын-оқтын сүйкесіп отырады. Әр жер - әр жердегі төбелерге жерленген ата-бабаларымыздың зираттары артымызда қалып барады. Қарауылкелдіден 9 шақырым жердегі Ақпан Алдияр ишан мен Адайға аты мәлім белгілі балуан Шегем Түрікпенбай жатқан зираттың да желке тұсынан өттік. Өлі әруақтардың бәріне «тие берсін» айтып, жол-жөнекей бет сипап бара жаттық. Кең жазира созылып жатқан жусанды дала. Жүз шақырымға шамаласқанша «Кеңқияқ-Атырау» компаниясы трассасындағы дәу-дәу ақ бөшкелерінен басқа ең болмаса бірде-бір елдімекен көзге түспеді. Білмегенімізді сұрайық десек мәшинеде келе жатқан 12 адамның бәрі де Түрікменстанның Ташауызы мен Қарақалпақстаннан Маңғыстаудың түкпір-түкпіріне көшіп келіп, өзіміз сияқты қоныстанған қандастарымыз. Олжашы Жеменей жүргізушімізден сыр тартып едік, тұшымды жауап алалмадық. Алдымызда кетіп бара жатқан «УАЗ» мәшинесінің жүргізушісі де руының Адай, Адайдың Балықшысы екенінен басқаны білмейтін болып шықты. Сосын ұлттық ұлағат, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жағынан Ақтөбе облысын Маңғыстау және Бесқаламен салыстыруға келмейтініне көзіміз жетіп, буынсыз жерге пышақ салғанның пайдасыз екенін түсіндік.
Алдымызда сол жақ тарапымыздан алыстан көрінген елдімекенге жетпей біз оң жаққа бұрылып кеттік. Ендігі бағытымыз Қаражар ауылы. Қос «УАЗ-ик» жусанды даладағы пойыздың рельсі сияқты параллель тартылған қос сызықты құмсақ жолмен жүйткіп келеді. Бұ жол бағанағы грейдер жолдан әлдеқайда тәуір. Әйтеуір, жанға жәйлі болмаса да орындығыңмен қоса көтеріп тастамайды. Жұмсақтау жол, қиялдың найза қанат қырандарын қияға өрлеткендей әсерге бөлейді. Иә, қазақтың кең жазира даласы дөңгеленіп артта қалып бара жатыр. Міне, осы мекенді Адайдағы Дәуімшар сияқты батыр бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған. Үнемі ат үстінде жорықта жүрген. Аты ауыздықпен су ішіп, өзі етігімен қан кешіп жүретін талай оқиғаларды басынан кешкен. Ал солардың XXI ғасырдағы ұрпақтары болған біздер 3-4 сағаттық селкілдек жолға шыдамай, ілініп-салынып әрең келе жатқанымыз мынау. Ал бізден соңғы, яғни XXIII-XXV ғасырларда өмір сүретін ұрпақтарыңның ахуалы қандай болар екен, қайран батыр баба? Жоқ, олар бізден де сергек, бізден де жігерлі, қайратты, қажырлы, патриот болады ғой деп ойлаймын. Себебі, ұлы даланы атпен жүріп қорғап, ұрпағына Азаттық сыйлап, Тәуелсіздікті тарту етіп, аманаттаған жерлерін иеленіп отырған біздер аталарымыздың атақтарын аспандатып, ескерусіз қалған есімдерін ескеріп, өшкендерді жағып, өлгендерді тірілтіп, бүгінгі және келер ұрпаққа олардың өнегелі жолдарын өрнек етіп, қасиеттерін қастерлеп, ерлік істерін үлгі тұтып жүрген бүгінгі аға-іні, замандас бауырларымның ұланғайыр ұйымдастырушылық жұмыстарын қолдаймын, қуаттаймын және мақтаныш етемін, әрі жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін насихаттаймын. Сондықтан біздің бұл істеріміз - келешектегі жарқын істердің бастамасы ғана, яғни әліппесі. Мұндай істердің басталғанына жаңа ғана оншақты жылдың жүзі болды. Атқарылар істің ауқымдылары әлі алда. Сол үшін келер ұрпақтың да бейғам болмайтынына сенемін. Өйткені, олар біздерден де жауапкершілікті болуы ықтимал. Әлі талай ата-бабаларымыздың қаншасының ерлік істерінің тарих қойнауында көмескіленіп жатқанын, бір құдай білсін. Біз оларға қолымыздан келгенінше түзу де, дұрыс жол нұсқап кетуді өзімізідің парызымыз және қарызымыз деп санаймыз.
Біз осындай қымқуыт ойлардың құшағында отырғанда Қаражар ауылына келіп қалғанымызды байқамаппыз. Бойшаң өскен ақ теректері алыстан мен мұндалайды. Таңғы салқында оттап, іштеріне ел қондырып алған жылқылар ойдым-ойдым көлшіктердің ортасына барып жусап тұр. Мүмкін шыбын-шіркей, маса-соналардан сақтанғандары болар. Іштерінде құлынды биелердің де басым екендігі байқалады. Ауылға бойлап енген сайын тұрғындардың ертедегі ескі ауылшаруашылығы техникаларын лекерлеп жүргізіп отырғандары аңғарылады. Әлгі жылқылар жусап тұрған көлшіктер Қаражардың жал-жыраларынан шыққан бұлақ сулары көрінеді. Демек Қаражар ауылының тұрғындары малшаруашылығымен шұғылданады деген сөз. Сондай-ақ бұл ауылдың несібесін Алла тағала Қаражардың қабағынан (асқабақ, кәді) бермесе де, Жемнің шабағынан беріп қойғаны да бесенеден белгілі. Мұндайды қазақ «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп өзен, көлдердің де тіршіліктің көзі екендігін, халқымыздың бір бөлігінің ырыс-несібелері балықтардан екендігін соқырға таяқ ұстатқандай, анықтап айтып кеткен.
Бұл жақтағы ауылдар мен шаруашылықтардың көпшілігінің атауы жарға байланысты аталады екен. Соған қарағанда жарқабақ көп-ау деймін. Мысалы, осынау бүгінгі Қаражар ауылы қарайтын кеңшар атауы баяғы кеңестік кезеңде Ақжар атаныпты. Ақжардың есімі берегірек келгесін, яғни Тәуелсіздік орнағаннан кейін Жарқамысқа ауысыпты. Қазір осы Жарқамыс селолық округіне қарасты үш ауыл бар екен. Оның біріншісі – Ақтан ауылы. Екіншісі – Қаражар. Үшіншісі, Дәуімшар қорымы орналасқан Қалдайбек ауылы көрінеді.
Біз атбасын тіреген Қаражар ауылында бүгінгі таңда 100 отбасы тұрады екен. Әкімшілік басқару орталығы Жарқамыста болғанымен бұл жерде мектеп, медпункт, сондай-ақ ауылдық мәдениет үйі жұмыс істеп тұр дейді тұрғындар. Жастар жағы түрік пен қытайдың мұнай-газ компанияларында вахталық әдіспен қатынап жұмыс істейді екен. Қалғандары ауылда мал өсіріп, жылқы, сиыр бағып күнкөретін құсайды. Бірақ сол малдардың етін, сүтін пұлдау үшін аудан орталығы Қарауылкелдіге апару қиямет қайым. Себебі, жолдың сиқы жоғарыда айтқанымыздай. «Отау» TV көрсеткенімін ұялы телефон арқылы сөйлесу де қиындау. Өйткені, кез келген жерден сет ұстамайды. Сөйлесу үшін биіктеу жерге шығып, ұялы телефоныңды көкке көтеріп, қолдарыңды бұлғап сет іздеу керек екен. Егер аудан, облыс басшылығы осындай ұсақ-түйектерге назар аударып, дұрыс көңіл бөлетін болса, ауыл халқы одан артық ештеңе сұрап, талап етпейді. Ал жаңағыдай ұзақ жолдардан ауылда біреу-міреу аяқастынан ауыра қалса, оған «Жедел жәрдем» жедел жетіп келеді дегенге сенгім-ақ келеді, бірақ сену де қиын. Сол үшін аудан, облыс басшылары осы жағында ескерсе, әкімнің халыққа жақындығы және бір рет көрініс табар еді. Ал республикадан келетін әртүрлі деңгейдегі мамандар мен меймандар, алты айда бір рет кездесіп тұратын Парламент мәжілісі мен облыстық мәслихаттың депутаттары бұл жақтарға адасып қалып келмесе атізін салмайтын секілді. Өйткені, аталмыш ауыл халқы Дәуімшар батырдың асына жан-жақтан жиналған халықпен сағына қауышты.
Сондай жандардың бірі осы ауылда тұратын бауырымыз – Аманбол Мақатұлы. Ол ініміз бізді бұрын-соңды көрмесе де ескі таныстарындай құшақ жайып қарсы алды. Автобус, басқа да көліктермен келгендердің бәріне қонақасы беріп күтті. Үй-ішіндегілердің бәрі ас болатын жерге қызмет етуге кеткен екен. Тек бұл ініміз келін екеуі келетін қонақтарды қарсы алуға қалған көрінеді. Қонақтарын құдайындай сыйлайтын қазақтың ертедегі ескі салт-дәстүрін жас та болса бойына сіңіріп өскендігіне риза болдық. Ол жерде күннің қызуы қайтқанша болып демалдық. Жастар жағы алғысын айтып жатса, жасыүлкендеріміз әлгі ініміз бен келінімізге ақ баталарын беріп, әруақты ата-бабаларымыздың рухтары қолдай бергей деп тілектерін білдірісті. «Жаңбырменен жер көгереді, алғыспенен ер көгереді» дегендей Аманбол ініміздің келешегіне бақыт тілеп ас болатын орынға қарай жүріп кеттік.
Дәуімшар ата қорымына дейін 20-25 шақырымдай елсіз даладағы қаражол бар екен. Аудандық жол патрульдік полициясы қызметкерлерінің жол бастауымен көліктеріміз ізді-ізінен қаздай тізіліп, Жемнің суын кешіп өтіп, арғы жағаға шығып, кідірдік. Ерлер жағы жапатармағай көліктерден түсіп, шөлден келген киіктер сынды Жемнің тізеге келмейтін суына «қойып-қойып» кетісті. Жемде су аз болса да ағысы қатты екен. Нәзік жандылар да ыстықтан қорғанып, салқындаудың амал-айласын жасап бағуда. Ал жаңаөзендік жүйріктер (Дәмегүл мен Жанар) Жемді кешіп жүріп, домбыраны қолға алып:
Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда? Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда. Ат сабылтып алыстан келгенімде, Қарсы алатын құрметтеп, сәулем қайда? Ақерке, аман бол сен, Шыбыным, Шыбыным, Ойна да күл, Шашбаулым, Шашбаулым! – деп шырқай жөнелгенде қарындастарымыздың ашық та әсем дауыстары Жемнен қанат қағып, ашық аспан әлеміне қалықтап кетіп жатты. Суға шомылып жүрген жандардың көпшілігі сүйсіне қол соқса, бірқатары судан жүгіре шығып, апұл-ғұпыл ұялы телефондарын қолдарына алып, бейнетаспаларына түсіріп жатты. Себебі, осы асқа келе жатқандардың көпшілігінің ата-әжелері, әке-шешелері осы Жемнің бойында туылып, кіндік қандары жуылып, кесірдің кесапатынан осы жерден қуылғандар. Сондықтан бұрын Жемді көргені бар, көрмегені бар, сылдырай аққан суына қызыға қарап, атадан балаға қан арқылы өтетін қиял ғажайып сезімнің құшағына енгендей күй кешуде.
*** *** ***
Кешкі сағат жетілер шамасында көздеген жерімізге жеттік. Ас Дәуімшар ата қорымының басында болып жатыр. Әдеттегідей үлкен-үлкен 5-6 темір үй мен палаткалар тігілген. Бір ерекшелігі қорымның басы болғандықтан ба, даңғаза музыканың даусы естілмейді. Қос мәшиненің қорабын жалғап қойып жасайтын жасанды сахна да көзге түспейді. Даурығысып сөйлесіп жүрген жандар да кездеспейді. Движоктың қуаты арқылы тігілген үйлерге жарық тартып берілген.
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="30462,30461,30459"]Дәуімшар ата қорымы басындағы түнеухана
Оқта-текте микрофон арқылы қысқа хабарландырулар ғана жарияланып тұр. Күндізгі аптап ыстықтың әуірі қайтып, кешкі салқын үкім сүріп, жиналған жұрт жадырай түскен. Олар тігілген үйлерден шәй-тамақтарын ішіп-жеп, әруақтардың рухына құран-дұғаларын оқып, сыртқа қойылған арнайы орындықтарға алқақотан жәйласып, өзара әңгімеге кіріскен. «Өзімізге қажетті деректерді естіп қаламыз ба?» деген үкілі үмітпен жастыққа тимейтін жарғақ құлағымызды тігіп бағудамыз. Бірақ өкінішке орай, өзіміз бұрыннан естіп жүрген аңыз-әңгімелерден өзге ештеңе айтылар емес. Әңгіме дүкен құрып отырғандардан кейбір көлденең сұрақтарымызға көңіл көншітер жауап алалмадық. «Ас тарқағанша уақыт бар ғой. Ел ішінен өзімізді ойландырып, толғандырып жүрген сұрақтарымыздың бәріне болмағанымен бірқатарына жауап табылып қалар-ау» деп алдағы күннен күдер үзбей, әліптің артын бағуға мәжбүр болдық.
Дәуімшар батырдың ертедегі салынған моласы Бізде әуелі Дәуімшар атаның басына барып, аят оқып, бет сипадық. Шынында да патшалы Ресейдің әділетсіздігі, отарлау саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып, қол бастап, сол жолда 1810 жылы 40 жасында құрбан болған батыр бабаның моласының өзі-ақ тарихтың көптеген құпиясын көмкеріп тұрғандай. Сонау XIX ғасырдың басында салынған мола тамы уақыт пен ауа райының түрлі өзгерістеріне төтепкі бере алмай жермен жексен болған. Тек қабырғаларының үйіндісі ғана жатыр. Ұрпақтары ауыз біріктіріп, бастама көтеріп, сол үйіндінің сыртын айналдырып консервациялап, 1999 жылы там салған. Ертеректегі арабша, берідегі Кирилл харпімен жазылған құлпытас пен естелік белгілері де тұр.
Дәуімшар қорымында кәдімгі құрылыс алаңдары сияқты ертеде жазылған ескі құлпытастар өте көп. Шашылып жатқандығы сондай, аяқ алып жүргісіз. Бірақ бәрі де арабша, шағатайша жазылғандықтан оқуға біздің сауатымыз жетпеді. Оқитын адам табылғанымен сынапша зымыраған уақыттың тапшылығы да қолбаулау болғаны рас. Білетіндердің айтуына қарағанда жердің астында көміліп қалғандары да жеткілікті көрінеді. Әрине, олай болатыны да заңды құбылыс. Өйткені, арада өткен екі ғасыр аз уақыт емес. Оның үстіне сол уақыттардың көпшілігі халықтың басына төндірген зобалаң жылдардың бір-біріне жалғасулары қазақтың басқаға бас бұрып, назар аударып, көңіл бөлулеріне мүмкіндік бермеді. Яғни, біріне-бірі тұтасқан «Байтал түгіл бас қайғы» замандары халқымыздың ата-бабаларының зиратын күтімге алу түгілі, қуғын-сүргін мен жоқшылық, аштықтан көз ашпады. Бір сындырық нанға зәру болып, перзенттерін қырып алмаудың жолын қарастырып, туған жер топырағын тәрк етіп, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей төрткүл дүниенің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылды. Солардың ішінде Дәуімшар батырдың ұрпақтарының аз болмағанын жоғарыда айттық. Сосын ертедегі ата-бабалардың басы қараусыз қалмай қайтеді?
Дегенмен, сол XVIII-XIX ғасырларда қазақ жерінде сәулет құрылыс өнерінің қарқынды дамығандығының куәсі болдық. Кесек тамнан ертеде киіз үй іспеттес салынған күмбезді кесенелерді көріп қайран қалдық. Біреуінің жазуы арабша және сынған құлпытастары кесене ішінде жатқандықтан, өкінішке орай оқи алмадық. Екіншісі, Түгел Қырықмылтық Рақ батырдікі. Бойы биік, еңселі етіп киіз үй формасында салынған кесене көлденең қараған кісіге аса сұсты көрінеді. Алғаш келген кісінің бойын белгісіз діріл билейтіні жасырын сыр емес. Әйтеуір, өзіміз сондай күй кештік. Айбары мен айбынын өздері о дүниелік болса да ғасырлар бойы жоғалтпаған әруақты да батыр аталарымыздың кесенелерінің әлге дейін міні құрамай тұр деп айту қиын, әрине. 200 жылдай уақыт күмбезді кесенелердің төбесін ойған. Сонда да әлі талай жыл құламай, ата-бабаларымыз бүгінгі және келер ұрпақтарын рухтарымен желеп-жебеп жататыны көрініп-ақ тұр. Шіркін-ай, ғасырдан ғасырға жеткен сәулет өнерлерін туындатқан сол ертедегі Дәулетнияз Шеркешбайұлы, Құлжан секілді басқа да хас шеберлерге, салғандары 200 жыл түгілі 2 жылға жетпей құлап немесе жер таянып жамбастап қисайған үйлерді салған жемқор, көзбояушы, біліксіз сәулетшілерден бастап, құрылыс шеберлері, бригадир, қатардағы қара жұмысшыларына дейін қолдарындағы дипломдарын алып, жанып тұрған отқа салып, 5-6 жыл қайтадан оқытып алар ма еді?
Рақ батырға да, Қырықмылтық руынан шығып, осы қорымға ертеде жерленген басқа да бірқатар жандарға да Нұрлан Құлбаевтың арқасында бүгінгі шөбере, шөпшек, неменелері осы астың кезінде ескерткіш тақта, құлпытастар жасатып әкеліп орнатып жатыр. Әрине, бұл да перзенттік парыздың бір парасының өтелгені болып есептеледі. Өйткені, ертедегі қарттарымыз «Өлі жебемей – тірі байымайды», «Әруақты ардақтаған азбайды» деп бекерге айтпаған болар.
Рақ батыр Есетұлының кесенесі Жаңадан қойылған құлпытасы
Дәуімшардың Тағанияз, Қожанияз деген қос ұлы да осы қорымда жатыр. Шашылып жатқан құлпытастардың арасынан аяғымызды аңдап басып, қорымды аралап келеміз. Бір кезде көзіміз кирилицамен жазылған «Тәңірберген ұлы Әділ» деген жазуы бар тасқа түсті. Міне, осы Әділ төңірегінде аздаған әңгімелер болып, нақты тоқтамға келмей тұрған жағдай да бар. Өйткені, Нұрлан Құлбаевтың «Арал-Каспий аралығы тарихи-мәдени ескерткіштеріндегі араб графикалы мәтіндердің анықтамалығы» атты еңбегінің 185-бетінде, құлпытастағы жазуды оқығанда (шағатайша): «Адай руғы Қырықмылтық тайфасы Дауымшар баласы Әділ уфат 62 жасында 1858 санда қылдырды баласы Мұрын. Шежіре бойынша Әділ Тәңірберген ұлы» деп жазылғанын анықтайды.
Жалпы Құттықадамнан Төлекбай, Қуат, Аткелтір, Қорықпас туылғанын жоғарыда айттық. Соның ішінде Төлекбайдан Тәңірберген, Қуаттан Дәуімшар туылады. Яғни, Тәңірберген мен Дәуімшар бір-біріне немере туысқандар. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұратын Дәуімшар Қырықмылтық Қожабай Қозыбағарұлының айтуына қарағанда, Дәуімшар 13 жасында әлгі немере ағасы Тәңірбергеннің жесірі, өзінен 13 жас үлкен Алтонға үйленііпті. Бірақ Қожабай ағамыз Дәуімшар үйленген кезде Алтонда бала болмаған деп болжам жасайды да, Дәуімшармен некелескесін Өмірбай туылған дейді. Ал енді осы мәселе бойынша Жаңаөзен қаласында тұратын, Тәңірберген Қырықмылтық Рейім Жайлыбаев ағамыздың айтқан пікірлеріне құлақ түірп көрелік: - Тәңірбергеннен Әділ, Өтеген, Қожақай, Молдамұрат, Бертіс деген бес бала туылады. Тәңірберген батыр болған кісі көрінеді. Ол бір жорықта қанды қырғын кезінде жау қолынан мерт болады. Шешеміз бес баламен жесір қалыпты. Батыр бабамыздың жыл асы берілгесін ауыл ақсақалдары шешемізді немере қайнысы Дәуімшарға атастырып, некесін қиыпты деп естігенбіз жасыүлкендерден. Ол замандардағы ақсақалдар ақылсыз болмаған ғой. Ақылдылығы сол – ізіндегілерді бір ауыз сөзімен тоқтатын болған. Себебі, ауыздары дуалы. Бес балаға жетімдік көрсетпей, өзгелерге көзтүрткі етпей, қысылғанда қол созып, қиналғанда қамқорлық жасасын деп жаста болса Дәуімшарға сенген шығар. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей ел бес жетім балаға Тәңірберген мен Дәуімшардың ортақ баласы деп қараған шығар. Осындай жағдайларға байланысты Әділ қайтыс болғанда құлпытасқа Дәуімшардың баласы деп жазып жіберген болар. Оның асып бара жатқан оғаштығы да, әбестігі де жоқ. Себебі, Тәңірбергеннің де, Дәуімшардың да кәрі әкесі бір кісі. Яғни, екеуі де Құттықадамның немересі. Дегенмен, шежіре шатаспас үшін, тарихи деректер адаспас үшін, соңғы ұрпақтар алжаспас үшін «Құлпытас қойған баласы Мұрын. Шежіре бойынша Әділ Тәңірбергенұлы» деп сілтеме жасапты ғой. Өйткені, Әділден Әжімұрат, Төремұрат, Мұрын, Демесін, Жұбан атты бес бала дүниеге келеді. Мен соның Әжімұратының ұрпағымын, - деп Рейім аға әңгімесін аяқтады. Демек, Әділдің мәселесі осымен өз шешімін тапты деген сөз
*** *** ***
Дәуімшар туралы айтылатын кейбір аңыз әңгімелерде екі Құдабай жәйлі сөз болады. Оның біріншісі, баршаға белгілі кәдімгі Сарымыс Қырықмылтық Құдабай батыр. Ол – тарихта елеулі орны бар, ерлігімен елге танылған, Дәуімшардың әрі тумасы, әрі жауға бірге шабатын қандыкөйлек жолдасы, майдандас сенімді серігі. Бұл Құдабай да Дәуімшар құрбан болған шайқаста ауыр жараланып, ауылына жете алмай жолда жан тапсырған деп айтылатын ел аузында деректер бар. Ал екінші Құдабайды Дәуімшар батырдың күйеу баласы делінеді. Ол туралы әртүрлі әңгімелер көп. Сол көп әңгімелерден түрлі-түрлі оқиғаларда өрбиді. Соның біріндегі оқиға былайынша қиыннан қиыстырылады: «...Дәуімшар орыс экспедициясымен соғысуға дайындалып жатқанда күйеу баласы Құдабай өзі діндар болғандықтан орынсыз қан төгілуі мүмкін деп қайынағасын сабырға шақырған деседі. «Орыстың экспедициясына тимелік. Олар бесатар, зеңбіректермен мықтап қаруланған. Жазықсыз жандардың қаны төгіледі. Жазықсыз қан төгу шариғатта да күнә саналады» деп ар мен намыс, ездік пен ерлік сынға түскелі тұрған шақта сәуегейлік айтып, қазақ сарбаздарының жігерін жасытуға тырысқан құсайды. Сол үшін Құдабайды антты бұзды деп көпшілік жерленген қауымға қоспай, оқшаулау қойыпты» деседі алыпқашпа әңгімелердің алғашқы легі.
Ал екінші оқиғада одан да өткізіп құйқылжытады: «Кезекті шабуылға аттанғанда әлгі күйеу бала жаудың қарасын көргеннен қорқып кейін қаша жөнеліпті. Содан Дәуімшар ел тағдыры, ер тағыдыры, жер тағдыры сынға түскенде қорқып кейін қаштың. Сендей сатқын жаудан да жаман» деп Құдабай күйеу баласын қуып жүріп Дәуімшардың өзі қылышпен шауып тастапты деседі. Күйеу баласы сол шабылған жерінде жан тапсырып, сол жерге жерленіпті десе, тағы біреулер Дәуімшар қорқып қашқан күйеу баласын атып өлтіріпті дейді. Әрине, мұның бәрі ертедегі аңыз бен болжамдарға сүйеніп айтылған әңгімелер болуы ықтимал. Дегенмен, «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды». Сонда да қисынсыздау әңгімелердің күдіктілеу тұстары болмай қалуы мүмкін емес. Сол үшін сол жердегі жергілікті тұрғындардан Құдабай күйеудің жатқан жерін көрсетуін өтіндік. Бірақ бізге нақты жауап беруге ешкімнің жүрегі дауаламады. Сөйлескен адамдарымыздың бәрі бірінің айтқанын бірі қайталап, бұрыннан өзімізге таныс оқиғаның төңірегін шиырлап, кібіртіктей берді. Тек ертеңіне таңертең ғана көктен тілегеніміз жерден табылғандай қуандық. Өйткені, осы асқа арнайы келген сол ауданның ардақты ақсақалдарының ішінде екі ағамыздың айтқан уәждері көңілімізге қонды. Олардың бірі, белгілі шежіре жинаушы – Бисен Жақанұлы ақсақал. Екіншісі, Байғанин аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, қоғамдық кеңестің төрағасы, Ақтөбе облысы әкімінің қоғамдық көмекшісі, танымал тарихшы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі –Ибраһим Ермекбаев. Біз көкейіміздегі жауабы табылмай жүрген сұрақтарымызды ардагерлердің алдына көлденең тарттық: - Аудан жұртшылығы атынан ағайындардың асына келіп, қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Ас өте әдемі өтуде. Сондықтан осындай алқалы асты өткізіп, маңызды жиынға мұрындық болып ұйымдастырып жүрген азаматтарға алғыс айтамын. Шоғы батыр Мұңалұлының және соның ішіндегі Дәуімшар батыр Қуатұлының бүгінгі ұрпақтарының ауызбіршіліктерінің мықты, ұйымшыл екендеріне өте сүйсініп тәнті болып тұрмын. Маңғыстаулық Қырықмылтықтардың бастамасын қызу қолдап, жұдырықтай жұмылып, атсалысып жүрген ақтөбелік, соның ішінде жерлестерім, яғни Байғанин ауданында тұратын Шоғы батыр ұрпақтарының да жұмыла кірісіп жүргенін өз көзіммен көріп көңілім толып, қуанып тұрмын. Сондай-ақ, бойымды мақтаныш сезімі билеп тұр, - деп Ибраһим ағамыз әңгімесінің әліппесінен-ақ ағынан жарылды.
- Енді сіздің сұрағыңыздың жауабына көшейін. Жалпы бүгінгі шара ҚР Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру үдерісіне берден-бір нақты жауап болады деп есептеймін. Біздің Байғанин ауданының аймағында Қазақстан Үкіметінің мемлекеттік қорғауға алынып, есепте тұрған осындай қасиетті төрт орын бар. Дәуімшар ата, Қарасақал, Сүндеттің тамы және осы Жем бойындағы Асан Қожа қорымдары. Сондықтан олар мемлекеттің де, аудан, облыс басшылығының да үнемі назарында болатын аса құнды тарихи орындар. Дәуімшар ата – Шоғы әулетінен шыққан батырларымыздың бірі. Осы жерде орыстың отарлау саясатына ашықтан-ашық қарсы шығып күрескен, наразылық білдірген бірден-бір тұлға. Кейіннен қазақ жерін иеленуді мақсат етіп, жер шегіп келген
[caption id="attachment_30468" align="alignleft" width="367"] Ибраһим Ермекбаев[/caption]адамдары осы жерден кетпей қойғандықтан, оларға шабуыл жасап, қанды қырғын соғыс ашады. Екі жақта айтарлықтай шығынға ұшырайды. Жемнің арғы жағасында орыстардың да қаза болып, жерленіп, крест қойған молалары бар. Бергі жағы Дәуімшар ата қорымы. Батыр атамыз небәрі 40 жасында ауыр жараланып, осы шайқаста қаза табады. Дәуімшардың жасағы мұздай қаруланған орыстардан ойсырай жеңіледі. Бірақ қазақтың қасиетті жерін қанымен қажет болса жас жанымен қорғап қалады.
Осында тұратын жергілікті халықтардың ішінде әртүрлі оқиғалы әңгімелер болып тұрады. Әрине, оның шындыққа жанасатыны да, жанаспайтыны да бар. Бірақ соның қайсысы көбірек айтылса, сонысы халықтың санасына жылдам сіңіп, қалыптасып қалады. Ет пен сүйектен жаралған, қам сүт емген пендеміз ғой, кейде бізде соған сеніп қалатын әдетіміз бар. Себебі, халықтан үлкен емеспіз. Міне, осындай бірқатар әңгімелер Дәуімшар батырдың күйеу баласы төңірегінде де өрбіген. Енді соны анықтаңқырап, халқымызға түсіндіретін уақыт жетті ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, шежіренің шырғалаңы бүгінгі және келер ұрпақты шатастыруы әбден мүмкін.
Осы арадан Самға қарай жол өтеді. Көшпелі ел осы жол арқылы барыс-келіс жасап, бір-бірімен қатынасып отырған. Сол кездерден бері жұрт осы арадан 2-3 шақырым жерде орналасқан жалғыз тұрған моланы Құдабайдікі деп жүрді. Ақтан салынған моланы біздер де солай шығар деп түсіндік.Бір күні сол жерге Қосайдағы Есембеттер Бердібек дегенге мола салып жатыр деп естідік. Сосын біз «Неге Құдабайдың жатқан жеріне мола салады? Бұл дұрыс емес ғой», деп өзімізше ренжідік. Негізінде олардікі дұрыс екен. Моланы біліп салып жатыр екен. Біз қателесіп жүр екенбіз. Ал Құдабайдың қорымы бөлек екен. Ол қорым осы Дәуімшардан координат бойынша есептегенде 1,5 шақырым жерде. Оңтүстік батысқа қарай 1,5 шақырым (анығырағы 1475 метр) жүргенде Жемнің бойында орналасқан. Олай дейтін себебіміз карталарда «Кладвище Кузибая» деп жазылған. Яғни, баяғыда орыстар картаға түсіріп, жазған кезде «Құдабай» дегенді «Кузибай» деп «д»-ның орнына «з»-ны жазып жіберген секілді. Күнделікті өмірде ондай-ондай жағдайлар болып тұрады. Дегенмен бір әріптен кеткен кішкене ғана қателік бүгінгі ұрпақтарды ғасырлар бойы шатастырып келді. Сондықтан тарихты жазғанда, шежірені айтқанда ешкімнің ешқашан шатасуға, өзімен тұрмай өзгені де шатастыруға, адамсыруға хақысы жоқ. Себебі, ол ұрпаққа, қала берді ұлтқа айтарлықтай зардабын тигізетіні заңды құбылыс. Сол үшін Құдабай батырдың моласы соңғы айтқан жерімде. Қасында Сарымыстың да, тіпті Келімбердінің де басқа ұрпақтары жатыр. Демек, бұл Адай ұрпақтарының қауымы деген сөз. Жаңа жоғарыда айтқанымдай, аңыздың ақиқаты да бар, ішінде алыпқашпалары да бар. Сондағы айтайын дегенім, Есембеттен шыққан Бердібек те анау-мынау емес, батыр адам болған. Дәуімшардың күйеу баласы, яғни қарындасының жолдасы – міне, осы Бердібек. Арадан пәленбай ғасыр уақыт өткенде тырнақ астынан кір іздеп, әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің жетегіне еріп, ағайынның арына, қандастардың намысына тиюге болмайды деп ойлаймын. Жалпы ел ішіндегі аңыздардың арасында «Бердібек батыр жауға шапқанда алдыңғы қатарда болып, алғашқылардан болып оқ тиіп, ауыр жараланған көрінеді. Содан ат жалын құшып, жеткен жеріне жерленген», деген де әңгімелер бар.
Жалпы барша ата-бабаларымыздың илегені бір терінің пұшпағы. Яғни, армандағаны – Азаттық, аңсағаны – Бостандық, тілегені – Тәуелсіздік. Осыларға ерісу үшін, келешек ұрпақтарының қолын жеткізу үшін қасық қаны қалғанша ел қорғау жолында шайқасты, қанын төкті, құрбан болып жанын сөкті. Сол үшін Дәуімшар сынды талай батыр бабаларымыз аманаттап кеткен жеріміз бен елімізді көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Тәуелсііздіктің қадірін біліп, тұғырын нығайтып, абыройын асқақтатуымыз қажет. Қазақтың көк туын қолдан келгенінше көкке желбіретіп, беделін биіктетіп, мерейін үстем етуіміз керек. Әйтпесе, сол Дәуімшар сияқты барлық батыр ата-бабаларымыздың аманатына қиянат жасаған болып есептелеміз. Сосын олардың әруақтары бізді кешіре ме, кешірмей ме, оны бір Алла біледі.
*** *** ***
Астың қонығы күні кешкісін жиналған жұртқа әржерден келген әнші, күйші, термешілер өз өнерлерін паш етті. «Жүйріктен жүйрік озар жарыстырса, тұлпардан тұлпар озар салыстырса» дегендей аумағы атшаптырым темір үйдің ішінде сағат 8-ден, түнгі сағат 2-3-ке дейін бірінен-бірі озып бақты. Әрине, іштерінде бір мақамға түсіп алып, ұзақ сонар жырды қуалап, тыңдарманды жалықтырғандар да болмай қалмады. Кешкі салқын түскесін дөңгелек үйдің іргесі түріп тасталды. Енді арнаулы орындықтарға алқақотан жайғасқан жұрт сыртта отырып, тыңдауға мүмкіндік алды. Ал ақжаулықты аналар жағы далада өсіп тұрған жусандардың үстіне төсек төсеп жіберіп, тамашалауға кірісті.
Бір кездері темір үйдің төріне, ұлттық киімдерімен жаңаөзендік жүйріктер, көпке танымал әнші-термешілер Ахмет Баекешов, Жанар Нұрмұханова, Дәмегүл Ізбасарова және Жанна Бүркітовалар келіп жайғасты. Қарындастарымыздың ашық та, жарқын даусынан күнімен ұяқылы-ояу бұйығы қалыпта отырған тыңдарман қауым шырт ұйқыдан оянғандай серпіліп сала берді. Олар әуелі Маңғыстаудың әралуан төкпе мақамдарымен соңғы кездері жазылған Шоғы, Есекей, Дәуімшар, Құдабай сияқты Қырықмылтықтан шыққан батырлар дәріптелетін жыр, терме, дастан, толғауларды нақышына келтіре орындағанда қиқу салған халық сүйсіне қол соқты. Осы үш жүйріктің аузымен Қашаған, Сүгір, Сәттіғұл, Қалнияз, Аралбай, Нұрым, Мұрын, Есенғали Бөкенбаевтар сөйлеп, өздерінің баяғы ұлағат жырларын орындағанда, әсіресе Маңғыстаудан жырақта жүрген Қырықмылтықтар 2 мыңдықтан бастап 10 мың теңгеге дейін ақшаларын қарша боратты.. Аталған үш жүйрік ара-арасында қазақтың көңілді әуенді әсем де, ойнақы әндерін бірде кезекпе, бірде қосылып, кейде попурилетіп орындап, жастардың да делебесін әбден қоздырды. Кейбір алыстан келген қонақтар қызды-қыздымен өздеріне арналып, қой сойылып, Қаражар ауылында дайындалып жатқан арнайы қонақасыларын да ұмытып кетіпті. Осындай ұлы дүрмектің ішінде жетпістің желкесіне мінген жетібайлық белгілі атбегі ағамыз Мектепбай Еламанов қазақтың қос ішекті қоңыр домбырасын қолына алып, термелетіп қоя берді. Аттары бәйгеде озып жүрген ағамыздың қаражаяу емес екенін байқаған жұрт бұл ағамызды қолпаштап, қошаметтеп, қолқалап 3-4 ән-жыр орындауға көндірді. Сөйтіп ән-жырға шөліркеп, аңсаған халықты өнерлерімен таң алдына дейін сусындатты. Әсіресе, Байғанин ауданының алыс ауылдары мен шалғай шаруашылықтарынан келген ағайындар таң намазы оқылғанша тапжылмай тыңдады.
Таң алдында тынығап, көз шырымын алған жұрттың көпшілігі күн шығар-шықпастан сергек оянып, таңертеңгі шәйға дейін үлкендер жағы тағы әңгіме дүкенге кірісіпті. Күн қызбай тұрып істі бітіріп тастауға тырысқан әр ұрпақ тікелей өз ата-бабаларының басына Маңғыстаудан жасатып әкелген құлпытас, ескерткіш тақталарын орната бастады. Қорымның қапталындағы жазық сайдың түбінде болып жатқан аламан бәйгені тамашаланағандардың қатары қалың. Бәйгеге қосқан жүйріктер мен шабандоздар сол жердегі ауылдардағы ағайындардың бірі Дәуімшар атаның рухы үшін бас бәйгеге тіккен өгізді жетектеп кету үшін табан жолға тарысып бағуда. Ақыры бас бәйге жергілікті шабандоз атбегінің біріне бұйырды.
Талтүсте, күннің ыстығына қарамастан балуан күресі басталды. Бұлшық еттері бұлтылдаған біраз балуан бірімен-бірі алысып, текетірес жасап жүріп, жұртты қызыққа кенелтті. Мұнда да бас бәйге Қарауылкелдіде тұратын балуан жігіттің қанжығасына байланды.
Ас соңында белгілі Пірлер мен әр рудың рубасыларына әдеттегідей аташапан таратылды. Алыстан-жақыннан келген ағайындар мен құрметті қонақтарға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Ұлы ас беріліп, сол қорымда жатқан әруақты батыр аталардың рухына дұға бағышталып, Құран қатым етілді.
Бүгінгі ұрпақ пен келешек жастарға тәрбиелік мәні зор осындай маңызды шараның негізгі демеушісі мен ұйымдастырушысы, осы Дәуімшар батырдың ұрпақтары, жаңаөзендік қос жігіт, «Каспий» педагогикалық және салалық технологиялар колледжінің директоры, ҚР білім беру ісінің үздігі Ісенбай Әбиұлы Қалдаманов пен «Өзенмұнайгаз» ашық акционерлік қоғамы бас директорының транспорт және әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Мақсат Оңғарбайұлы Ибағаров. «Жүк ауырын нар көтереді» дегендей осынау ұлы істің ұйытқысы болып жүрген інілерімізге Алланың нұры жаусын! Әруақты ата-бабалар желеп-жебеп, отбасылары аман, дендері сау, жұмыстары жемісті болғай!
Ағайынның ауырын иықтасып, Дәуімшар ата бейіті мен түнеуханасын жөндеп, әктеп, сырлап қалпына келтіруге және осындай маңызды шараның ұйымшылдықпен ауызбіршілікті өтуіне шын ниетімен атсалысып, бауырмалдық танытқан барша азаматтардың әрбір қадамына сауап жазылып, шапағаты отбасы, бала-шағасы, тума-туысқандарына шашылып, алдарынан ақ күн туғай!
Сондай-ақ, осы шараның ұйымшылдықпен өтуін бақылап, қадағалап, қолдау көрсетіп отырған Байғанин ауданының әкімі Асқар Тұрарұлы Шерияздановқа, Ибарһим Ермекбаев басқарған аудандық ардагерлер ұйымына, облыс, аудан атқамінерлері мен барша тұрғындарына шексіз алғыс айтамыз. Өйткені, халқымыздың ұлы батырларының бірі әрі бірегейі - Дәуімшар атамыздың ХХ ғасырдың аяғымен XXI ғасырдың басындағы рухының қайта оралуы әуелі Алладан. Екінші өздері аңсап, армандап, сол үшін жанын пида еткен, түн түнегін түре қуған тоқсан бірдегі Тәуелсіздіктің арқасы. Үшіншіден, ауылы аралас, малы қоралас, түп тамыры мен төркіні бір, бір бәйтеректің қатар өскен қос бұтағындай қасиетті Ақтөбе мен киелі мекен Маңғыстау жұртының ауызбіршілігінің, тату-тәтті туысқандығының, бірінің басына іс түссе, екіншісі тыныш қарап отыра алмайтын бауырластығының арқасы. Енді міне, аймағы бір, қаймағы бір, ботасы мен тайлағы бір екі облыс тұрғындарының ара жігін ажырамастай етіп Дәуімшар батыр бабамыздың асы бұрынғыдан да бітістіріп, туысқандықтың тамырын одан әрі тереңдетіп, нығайтып жібергендей.
Біз осындай қалың ойдың құшағында Маңғыстауға бет алдық. Тақ-тұқ, тақ-тұқ, кейде ысылдап-пысылдап, кейде шыңғыра дыбыс шығарып, отарба түтіні будақтап алға қарай тартып келеді. Әкем мен шешемнің, кәкәм мен әжемнің және одан арғы барлық ата-бабамның кір жуып, кіндік қаны тамған, жастық дәуірі өткен киелі мекен көз алдымда дөңгеленіп артта қалып бара жатыр. Басқа жақта туылып өскенмен мен де сол бір аталардың ұрпағымын. Осынау ұлы даланың ұланымын. Есейгенде ағысын Отанға бұрған бұлағымын.
О, баба, мен де сертке бекіп барам, Қиялға қанат байлап жетіп барам. Арманды ақ қағазға ақтаруға, Өзенге құштай ұшып кетіп барам.
Ежелгі Жемнің бойын кезіп келем, Оңашалау жер іздеп безіп келем. Кешегі кедір-бұдыр жолдарыңды, Ал бүгін космостай сезіп келем.
Бұйырса баспасөзде саламын жар, Алдымда нақты жоспар, талабым бар. Жырлауға туған жердің топырағын, Қолымда қару қылған қаламым бар.
Бесқала бесігімдей бақ төбем бар, Маңғыстау қоныстанған нақ төбем бар. Шоғы батыр бабамыз туын тіккен, Артымда арқа сүйер Ақтөбем бар.
Арқырап арындаған айбат берші! Дұшпанның қол-аяғын байлап берші!
Батырлығын бабалар баяндауға, Ұлықпан ұланына қайрат берші!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жаңаөзен – Ақтөбе – Жаңаөзен 17.07.17