Арқа төрінде өтіп жатқан, күллі әлем көз тіккен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін Маңғыстау облыстық ауруханасының 9 ардагер-дәрігері мен 7 орта буын медицина қызметкерлері тамашалап қайтты. Дәрігерлердің барып-келу жол шығынын, жататын қонақүйін, көрмені тамашалау үшін алынған билетті аурухана әкімшілігі көтерді.
Үш күн ішінде дәрігерлер елордадағы көрікті көрмені тамашалап, халықаралық көрмедегі павильондардың жұмысымен танысты. Дәрігерлер дамыған елдердің энергияның балама көздерін іздеудегі ұстанымы, жаңа техника мен технологияның жетістіктері қызықтырғанын айтады.
-Елордада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін тамашалау бақыты маған да бұйырғанына қуаныштымын. Көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Бірінен бірі өткен павильондардың сәні мен салтанатына таңдай қағып, таң қалдық. Көрмеде баламалы энергия көздеріне қатысты тың ақпараттар көп. Әсіресе, қазақстандық «Нұр Әлем» ұлттық павильоны, Германия павильионындағы тоқпен жүретін BMW маркалы машина, Ресей павильонындағы Солтүстік Мұзды мұхитының айсбергі, Франция, Ұлыбритания және АҚШ павильонындағы көріністер қатты ұнады. «Нұр Әлем» сферасы жайлы көп нәрсе айтуға болады. Әсіресе 8 қабаттағы әйнек көпірдің үстінен өткенде алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Егемен елімізде осындай кең ауқымды шараның өтуі еліміз үшін зор мәртебе, үлкен қуаныш, болашағымыз үшін жасалған игі іс деп білемін,-дейді қабылдау бөлімінің медбикесі Ақмарал Қалабаева.
Венера МИРЛАН