©
2017 жыл - Көне Түркістан шаһарының түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты ТҮРКСОЙ осы киелі мекенде дүниежүзілік деңгейдегі халықаралық жобалар мен ізгілікті іс-шаралар ұйымдастырып, түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін өрістетуде өнегелі істер атқаруда.
2007 жылдан бері екі жыл сайын өтіп тұратын Түркі әлемінің «Ортеке» Ү халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының ұжымы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталып, 500 мың теңгелік ақшалай сыйлығының сертификатына ие болды.
-Түркістан қаласында, мауысым айының басында өткен бұл фестивальді ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы. Өнер сайысына Түрік, Әзірбайжан, Қырғызстан, Қазақстан Республикаларынан 8 ұжым қатысты. Қазақстаннан Ақтау, Ақтөбе, Жезқазған, Шымкент қалаларының облыстық қуыршақ театрлары ұжымы өнер көрсетіп, шетелдік мемлекеттік дәрежедегі тәжірибелі қуыршақ театрларымен бақ сынасты.
«Ортеке» фестивалінің басты мақсаты – ежелгі өнерді қайта жаңғырту. Сонымен қатар, фестивальдің құндылығы – кәсіби мамандар мен қоғамның назарын аудару арқылы жоғалып бара жатқан ежелгі қуыршақ театры өнерінің халық жанрының қайта жандануына ықпал етуінде жатыр. Қуыршақ өнерінің майталман шеберлері Құралай Ешмұратова, Мевлут Озхан-Унима, Вадим Смирнов, Сәбила Әбуева, Михаил Константинов төрелік еткен фестивальдан жүлдемен оралуымыз ұжымның ұйымшылдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасы деп білеміз.
Біз ол сайысқа жергілікті ғашықтық аңыз-хикаясының желісі бойынша қойылған «Ақшора-Белтұран» спектаклімен қатыстық. Фестиваль аясында шеберлік-сыныптары өтті. Бағдарламаның шебер құрылуына сәйкес барлық қатысушы өнерпаздар бір-бірінің қойылымдарын тамашалауға мүмкіндік алды. Қуыршақ театры мамандарының бір-бірінен үйренері мен үлгі алар жақтары көп болды. Фестивальдің ұйымдастыру деңгейі өте жоғары дәрежеде өтті.
Бүлдіршіндер мен жасөспірім балаларға ұмытылып бара жатқан қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпын насихаттаумен бірге жергілікті аңыз-хикаяларды да жас ерекшелігіне сай қойып жүрміз. Репертуарымызда: астаналық Бекболат Пармановтың – «Қадырдың бақыты», «Адамдар – құстар», «Дос болайық», «Дала қызы - Ақбике», «Әділетті сарбаз», Надежда Насырованың - «Сұрмерген», «Дала желі не дейді?», «Күнше», «Айжан әжейдің ертегісі», «Сәлематсыз ба?!», «Бір жарым уыс», Надежда Майбоның - «Қазақстан ортақ үйіміз», «Қайта жаңғырған аңыз» т.б. бар.
Ұжымда «Құрмет» орденінің иегері бас режиссер Надежда Насырова, «Мәдениет саласының үздігі» Бану Түстікбекова, Нұрлығаным Абділдаева, Таңат Шайық, Жәмила Қоянбаева секілді еселі еңбек етіп келе жатқан қуыршақ өнерінің үздік мамандарын мақтанышпен айта аламыз,-дейді Фарида Момбекқызы.
Театр ұжымы бұған дейін де талай рет көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, түрлі фестивальдерден жүлделі оралып жүр. Театр құрылғалы 24 Халықаралық және Республикалық фестивальдерге қатысып, кәсіби сыншылардың жоғары бағасын алумен қатар, түрлі номинацияларды иеленді. Ресей, Молдово, Украина, Түрікменстан сияқты шетелдерде жүлделі орындарға ие болып, 5 рет «Үздік режиссерлық жұмыс», 6 рет - «Үздік актер», 4 рет - «Ұлттық дәстүрді сақтау және дәріптеу» номинацияларымен қатар, «Үздік сценография», «Үздік әуенмен көркемдеу», «Үздік менеджер», «Әнші қуыршақ» секілді түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды.
2006 жылдан бері облыстық қуыршақ театрының директоры қызметін атқарып келе жатқан Қазақстан театр қайраткерлері одағының мүшесі Фарида Атақаева еңбектегі жетістігі үшін 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен», 2011 жылы есімі үздік қызметкер ретінде «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына еніп, 2013 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атағын иеленген. Қуыршаққа жан бітіріп жүрген ұйымшыл ұжымға жаңа жеңістер тілейміз.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН