©
Бүгін «Аракс» кемесін тазарту жұмыстарына байланысты Ақтау және Баутино теңіз порты әкімшілігінің жетекшісі Нұрбол Ерманов және Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс, жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі басшысы Маралбек Сейловтің қатысуымен брифинг өтті.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Маңғыстау облысы әкімі Ералы Лұқпанұлының төрағалығымен кезектен тыс төтенше жағдайларды болдырмау, алдын алу жөнінен облыстық комиссия отырысы өткен болатын. Онда облыс басшысы Ералы Тоғжанов тез арада кеме қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған тұлғалар осы мәселеге қатысты журналистердің сұрақтарына жауап беріп, тазарту мақсатында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
– 2016 жылы 11 қарашада оңтүстік Каспийдің Құмды мүйісінде жағалаудан 100 метр қашықтықта Ресей Федерациясының «Аракс» кемесінің қайраңға отырғаны туралы ақпарат келіп түсті. Кеме капитаны кемелермен болған апаттық жағдайларды теңіз порты әкімшілігіне тез арада хабарлауы керек болатын. Алайда кеме экипажына ешқандай ақпарат берілмеген. Сондықтан біз жағдайды анықтау үшін Махачкала портына хат жолдадық. Сонда 2014 жылдың сәуір айында экипаж мүшесі 8 адаммен ашық теңізге шығып кеткендігі белгілі болды. Және кеме иесі «Транс Каспий» мекемесі екені анықталды. Сол уақыттан бері бұл мекемемен кеменің қауіпсіздігін тез арада қамтамасыз ету жөнінде бірнеше хат алмасу болды. Алайда кеме қожайындарынан бүгінгі таңға дейін ешқандай шара қолданылған жоқ. 2017 жылы сәуір айында осы апаттық жағдай бойынша РФ Теңіз және өзен-көл порттарын бақылау мемлекеттік мекемесі мен ҚР Инвестиция және даму министрлігінің көлікте апаттық жағдайларды тергеу департаментімен бірлескен тергеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда біз осы тергеу жұмыстарының қорытындысын күтудеміз. Қорытынды РФ тарапынан әлі қол қою үстінде, - дейді Ақтау және Баутино теңіз порты әкімшілігінің жетекшісі Нұрбол Ерманов.
Соңғы лабораториялық зерттеу нәтижесінде «Аракста» 900 тоннадан жоғары мұнай қалдықтары мен балласт суы араласқан мұнай өнімдері бар екені анықталған. Олар бір апта мен он күннің аралығында жойылып, кеме тазартылады деп жоспарланып отыр.– Біз облыс әкімдігі тарапынан Сыртқы істер минситрлігі және Жоғары институт арқылы Ресей Федерациясына бірнеше мәрте хабарластық. Соның нәтижесінде Үкіметаралық екі комиссия келді. Бірақ соңғы комиссияның шешіміне әлі Ресей тарапынан қол қойылған жоқ. Бұған қарамастан, теңіздің ластануын болдырмау, экологиялық зардаптардың алдын алу мақсатында комиссияның шешімімен облыс әкімі хаттамалық тапсырма берді. Бүгін арнайы лицензиясы бар апатты жұмыстарды болдырмау мақсатындағы мекемелер есептерін алып келеді. Арнайы есепке сәйкес қаражаттар бөлініп, жедел арада жұмыстар басталып кетеді, - дейді Маңғыстау облысы әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс, жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімі басшысы Маралбек Сейлов.
ҚР сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заң талаптарына сәйкес, егер кеме иесі 1 жыл ішінде анықталмаса, теңіз порты әкімшілігі ол жөнінде сотқа шағымдана алады. Сондай-ақ, кемені мемелекет кірісіне алу шараларын жүргізуге құқылы. Осы жылдың қараша айында кеменің ел аумағында тұрғанына бір жыл толады. Құзырлы органдар азаматтық кодекске сәйкес, сотқа шағымданамыз деп отыр.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ