Дүйсенбі күні облыс әкімдігінің мәжіліс залында өңір басшысының, қала, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларының қатысуымен аппарат жиналысы өтті. Маңызы зор басқосуда облыстық денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелер мәнісі, жүйелі жұмыстар барысы, нақты міндет-тапсырмалар орындалысы сөз болды. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының м.а. Клара Әбдіғаппарқызы былтыр және биылғы бес ай бойы атқарылған жұмыстар жайын баяндап, есеп берді. Облыс әкімі халықты денсаулық сақтау ұйымдарымен қамту мәселесіне аса назар аударды. Шалғай ауыл, елді мекендерде медицина мекемелеріне деген мұқтаждық болмауы тиістігін ескерді. Мәселен, халық саны 2000-нан асатын елді мекендерде міндетті түрде дәрігерлік амбулатория жұмыс істеуі керек. Басқосуда бой көтерген басты мәселе – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу барысы. Клара Оралбаеваның мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс халқымен 1638 кездесу өткізіліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген. БАҚ-да 186 жарияланымдар жасалған. Әрбір мекеме деңгейінде спикерлер анықталған. Мәселен, әрбір денсаулық сақтау мекемесінде 5 спикер жұмыс істейді. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша халыққа нақты мағлұмат беріп, қажетті ақпармен бөліседі. «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 1 маусымнан бастап өз нәтижесін көрсетеді. Сондықтан аудан, ауыл әкімдері, мемлекеттік кірістер департаменті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы бағыттағы жұмысты бақылауына алуы тиіс. Сақтандыру қорына бағытталған жарна көлеміне сәйкес біздің жұмысымыздың нәтижесі көрінеді»,-дейді К.Оралбаева. Өңір басшысы халықты МӘМС жайлы толық ақпаратпен қамтуды күшейтуді, іс жүзіндегі нақты нәтижеге ғана сенім артатындығын жеткізді. Cондай-ақ, биыл міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізуе байланысты облыста 5 ақпан мен 33 маусым аралығында тіркелім жүргізілуде. Аталған іс-шара нәтижесінде облыс бойынша 634 мың 145 адам тіркелді. Тіркелген азаматтар тізімінен қайтыс болғандар алынып тасталды. Жаңа жүйе талабына сәйкес әрбір тұлға тіркелу барысында өзінің тиісті денсаулық сақтау мекемесі мен мәртебесін анықтауы қажет. Бұл өте маңызды. Себебі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден халықтың әлеуметтік осал тобының 14 санаты босатылады. Олардың қатарында, жұмыссыз азаматтар, көпбалалы аналар, зейнеткерлер бар. Аталған санаттағы азаматтарға мемлекет тегін медициналық көмек көрсетеді. Қазіргі таңда Маңғыстау облысы бойынша 200-ге жуық азаматтың санаты анықталу үстінде. Сонымен қоса 12 мың 912 жұмыссыз азамат тіркелуі тиіс. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов міндетті сақтандыру жүйесін енгізуде, яғни денсаулық саласындағы жаңа саясатты жүзеге асыруда мұндай олқылықтарға жол бермеу қажеттігін баса айтты. Келелі басқосуда облыс әкімі денсаулық сақтау саласының қыр-сырына көз жүгіртіп, ең өзекті деген тақырыптарды қызу талқыға салды. Оның ішінде ана мен бала денсаулығы, нәрестелер өлім-жітімінің алдын алу, туабітті ақауы бар сәбилерге толыққанды көмек көрсету сынды түйіткілді жайттар бар. Болашақ аналардың денсаулығын қатаң қадағалау, жасөспірімдік жүктіліктің алдын алу, ана өлімін болдырмау дәрігерлердің ақыл-кеңесінің әркез қолжетімдікті қадағалау қажеттігі туралы өңір басшысы Е.Тоғжанов атап өтті. Клара Әбдіғаппарқызы туа бітті ақауы бар сәбилер санының артуына, ана мен бала өлімінің көбеюіне аймақтағы экологиялық жағдайдың орасан зор әсері бар екендігін атап өтті. «2012-2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының зерттеуі нәтижесінде Басқұдық, Ақшұқыр елді мекендеріндегі халықтың денсаулығына химиялық қоқыс-қалдықтар өндіретін зауыттардың жұмысы мен Қошқар ата қалдықтар қоймасының зиянды әсер ететіндігі анықталды. Олар өсімдіктер, жануарлар мен тұрғындардың ағзасында цитогенетикалық өзгерістер орын алғандығын дәлелдеп отыр»,-деді Клара Оралбаева. Өңір басшысы экологиялық мәселе тез арада шешімін табуы әрі сол аумақта қоныстанған халықтың денсаулығын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспары жасақталуы тиістігін ескерді. Сонымен қатар, жиналыста қырүйек айында іске қосылатын «Ана мен бала орталығы» сөз болды. Жоғары перинаталдық технологияны негіз еткен, заман талабына сай үздік құрал-жабдықтармен жасақталған орталық ана мен нәресте өлімін азайтуға, сапалы медициналық көмек көрсетуге лайықталған мекеме болмақ. Сонымен қатар, дәрігер-мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру бойынша арнайы курстар ұйымдастырылып, өзге өңірлермен байланыс беки түспек. Өзге ел тәжірибесі жіті назарға алынып, мағлұмат алмасу мүмкін болады. БҰҰ Балалар қорының қолдауымен өзге де жобалар жүзеге асады. Сонымен қоса, жаңа педиатриялық учаскелерді ашу, оны мамандармен қамту, учаскелер жұмысына талдау жасау ісі жүргізіледі. Басқосу барысында жүрек қан тамырлары ауруларынан, ми қанайналымының жіті бұзылысынан, апатты не төтенше жағдайлардан туындаған өлім-жітім деңгейі сөз болды. Облыс басшысы әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс атқарылуы тиіс екендігін және нақты әрі дәйекті диагноз қою маңызына тоқталды. Сонымен қоса, ауыр хирургиялық операциялардан кейін сырқаттың оңалуына, қайта қалпына келуіне жан-жақты жағдай жасалған орталықтардың жұмысын ретке қою туралы бірқатар тапсырмалар берді. Жиында өңір басшысы Е.Тоғжанов жазғы ақшатырлардың жұмысы мен жазғы маусымға дайындығын қатаң сынға алды. «Балдәурен» лагеріне бас сұққан облыс әкімі жазғы лагер мен жағажай көрінісіне көңілі толмайтындығын жеткізді. Барлық балаларға арналған жазғы демалыс орталықтарын тексеру, жай-күйі мен тазалық талаптарына сай болуына бақылау жасау міндетін жүктеді.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ