©
Кеше 172/6 түзету мекемесінде жазасын өтеушілерге аттестат табысталды. Олар орта мектепте алатын білімді толықтай меңгеріп шыққан. Кешкі ауысым мектебінің директоры Гусейн Бозбашевтің айтуынша, аттастат алған 27 жазасын өтеуші білімінің арқасында бүгінгі таңда өздерінің жеке ісін ашып, жұмыс істеп жатыр екен. Сондай-ақ, кешкі ауысымда биылғы жылдан бастап, сотталғандардың өтінішімен ағылшын тілін оқыту қолға алынған. Мәдени шараларға араласып, спорттық жарыстарға қатысуға да толық мүмкіндік бар. Шарада мектеп директоры мен мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Қалдыбаев Жәнібек Тілеубердіұлы, ҚАЖ департаменті САТЖТ аға инспекторы әділет майоры Жиенбай Спабекұлы оқушыларды құттықтап, аттестаттарын табыстады. – Қатаң тәртіптегі түзету мекемесінде сотталғандарға барынша жағдай жасалған. Орта білім беретін мектеп бар. Одан бөлек түрлі спорттық жарыстар өткізіліп тұрады. Футбол, баскетбол, валейболдан жарыстар өтті. Сондай-ақ, мерекелік іс-шаралар, Жайдарман ойындары өтіп тұрады, – дейді жазасын өтеуші Маликов Орынбасар Нарынбайұлы. Бес жылға бас бостандығынан айырылған Орынбасар Нарынбайұлы бұған дейін той жүргізушісі болып қызмет атқарған. Қазір түзету мекемесінде де мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, кештерді жүргізумен айналысып жүр. Яғни, қай жерде де өз ісіңмен айналысуға мүмкіндік бар. Әрине, түзету мекемесі күнделікті өмірдей емес, айырмашылықтары өте көп. Десе де, түзету мекемесі барынша қолайлы жағдай көрсетіп отырғандығын жеткізді ол. Мұнда өткізілген әрбір іс-шара мен жарыстардан соң марапаттау қағаздары мен арнайы сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар, жетістікке жеткендер отбасымен кездесуге қосымша уақыт, ақшалай сыйлықтар, сәлемхат алу мүмкіндіктеріне ие болады. Бұл олар үшін – үлкен қолдау.Гүлжайна Жұмағалиева
Суреттерді түсірген автор