Үш тұғырлы тіл – табыс кілті
[ 2017 ] 9 маусым, 10:00 | Жаңалықтар
Биыл «Жастар жетістігі» қоғамдық қоры Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жаңа жобамен жұмыс істейді. Бұл туралы қор директоры «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен басқосуда мәлімдеді. Жиынға үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ісмер азаматтар, қоғам белсенділері, ұстаздар мен БАҚ қызметкерлері қатысты. «Үш тілді дамыту және насихаттау мақсатында әлеуметтік маңызы бар шаралар ұйымдастыру» жобасы үш тұғырлы тіл саясатын жүйелі жүзеге асыру, қоғамда қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тіліне деген қызығушылықты оятуды мақсат тұтады. Жоба аясында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, ауыл-аймақ, елді мекендер тұрғындарымен кездесулер өткізіледі. Үш тұғырлы тіл саясатын БАҚ-да насихаттау мақсатында арнайы бағдарламалар немесе тележобалар ұйымдастырылмақ. Мәселен, түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен өтетін қызықты әрі тапқыр бағдарлама халық назарына өзіне аударары сөзсіз. Сонымен қатар қоғамдық қор қысқа мерзімді орыс тілі курстарын ұйымдастыру арқылы орыс тілін білуге мұқтаж азаматтардың сұранысын өтеуге жұмыстануда. Тың жоба аясында «Қазақша сөйлесейік» акциясын өткізу көзделген.
«Былтырғы зерттеу нәтижелеріндегі мәліметтерге сүйене отырып, Мұнайлы ауданының 100-ден астам мемлекеттік қызметкері және ауыл тұрғынына орыс тілі курсы ұйымдастырылады. Ол өз кезегінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және қоғамдық орындарда еркін қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген даналық қазақ халқының көрегендігінің бір айнасы. Бірнеше тілді меңгеру маңыздылығын қоғамға түсіндіру мақсатында арнайы сарапшылар пулы құрылды. Үш тілді меңгерген жас мамандар арасында «Тілдарын» атты республикалық байқауының ауылдық, аудандық, облыстық деңгейін ұйымдастыру жоспарланған»,-деді «Жастар жетістігі» қоғамдық қорының төрайымы Жақсыгүл Махамбетова.
Сонымен қоса қоғамдық қор тарапынан «Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренулеріне әдістемелік көмек көрсету, жексенбілік мектептер арқылы мемлекеттік тілді және этнос тілдерін оқыту курстарын ұйымдастыру» жобасы іске асырылмақ. Жексенбілік мектептерді ұйымдастыру барысында «Қоғамдық келісім» мекемесінің тәжірибесі қолданылады. Сонымен қоса жаңа жобаға аталған мекеме техникалық қолдау көрсетеді.
«Жаңа жоба өте жақсы бастама дер едім. Жексенбілік мектептерді құру және үш тұғырлы тіл саясатын ұстану «Қоғамдық келісім» мекемесі ұстанатын басты бағыттардың бірі. Біз Павлодар және Қарағанды қалаларында құрылған жексенбілік мектептер қызметі әрі құрылымымен іссапар барысында жан-жақты таныстық. Бізге өте ұнады. Мәселен Павлодарда 10 ұлттың жексенбілік мектептері тұрақты жұмыс істейді. Қазіргі таңда Маңғыстауда 5 жексенбілік мектептер қызмет етеді. Осы жоба аясында жексенбілік мектептерде дәріс беретін ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жоғарыда аталған қалаларда қызмет ететін мамандармен тәжірибе алмасу қолға алынса деймін. Бұл іс-шара білім беру сапасының артуына, өзге этнос балаларының өз ұлтына тән салт-дәстүр, әдет –ғұрыптармен қоса қазақ ұлтының тарихы мен ұлттық ерекшеліктерінен хабардар болуына ықпал етер еді»,-дейді «Қоғамдық келісім» МКМ директоры Амангүл Жайылханова.
Сонымен қатар басқосуда «Азаматтық құқық» жекеменшік коммерциялық емес мекемесі жүзеге асыратын «Маңғыстау облысы аумағындағы тіл ахуалына әлеуметтік зерттеу» жобасының жай-күйі баяндалды.
«Маңғыстау облысы – көпұлтты аймақ. Негізінен 60-тан астам халық пен ұлыс өкілдері Ақтау қаласында шоғырланған. Мемлекеттік тілмен қатар көп жағдайда орыс тілі кеңінен қолданылады. Біздің мақсат – тілдерді қолдану аясын және оның қажеттіліктерін жүйелі зерттеп, анықталған мәселелер бойынша жұмыс істеу. Жаңа жоба аясында біз мемлекеттік тілді меңгерген халық пен БАҚ-дағы қазақ тілді контент үлесін анықтаймыз. Тұрғындардың мемлекет саясатындағы тіл ахуалына деген көзқарасы бізге қызық»,-дейді «Азаматтық» жекеменшік мекемесінің директоры Айнагүл Байбатырова.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
987
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.