Балалар – жер бетіндегі періштелер деп бекер айтпаса керек. Балалардың балғын шағы бақытты, жастығы жарқын болса, жамандық атаулы бұл әлемде мүлдем болмас еді. Олардың армандарын орындап, жұдырықтай жүректеріне махаббат, сенім, үміт отын жақсақ, дүние нұрға бөленіп, бақыт құшағына енері анық. Осы асыл сөздерді көңіліне түйген, жүрегіне тоқыған жақсылыққа жақын жайсаң жандар бүлдіршіндерге арнап «Арманың орындалады балақай!» атты ерекше шара өткізді. Маңғыстау ауданының Жыңғылды ауылындағы С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернатының 30 тәрбиеленушісіне өткен жылы құрылып, талай игілікті істі жүзеге асырып үлгерген «Ақтау қайырымды жандар» ерікті жастар тобы тосын сый ретінде үлкен мереке ұйымдастырды. Қайырымды жастар бүлдіршіндерді ақмаржан қалада аралатып, «Атлантида» балалар ойын-сауық кешенінде ойнатып, облыстық өлкетану мұражайында өңіріміз туралы білімін молайту мақсатында экскурсия жасап, көңілдерін көтерді. Шуақты шара соңында балаларға сыйлықтар табысталды. Өздері арман етіп, қалаған сыйлықтарын алған балақайлардың қуанышында шек болмады. Сәби көңілмен олар мейірімділікті ту еткен жастарға риясыз ризашылығын білдірді. - «Арманың орындалады балақай» қайырымдылық акциясы осыдан бірнеше апта бұрын басталған-ды. 30 баланың арман-тілегін жазып алып, оны орындауға асықтық. Бізге қайырымды, ізетті адамдар көп көмектесті. Инстаграмм парақшасына жариялаған бала арманын көрген қайырымды жандар жомарттығын, қамқорлығын көрсетті. Сыйлықтар еліміздің түкпір-түкпірінен келді. Тіпті, білім қуып, шетел асқан отандастарымыз да қайырымды істен шет қалмай, көмегін аямады. Австрия елінде тұратын қазақ қызы осы ілкімді іске қосылып, жүрегінің кеңдігі арқасында оның сыйлығы да шетелден жөнелтіліп, бір балақайымыздың қолына түсті. Шара алдағы уақытта жалғасын табады. Бүлдіршіндерді қуантып, ойлаған армандарын орындау – біздің басты мақсатымыз,-деді «Ақтау қайырымды жандар» еріктілер тобының мүшесі Ақмарал
Ханым ОРЫНБАЙҚЫЗЫ