Мемлекеттік қызметшілерге арналған тренинг
[ 2017 ] 26 мамыр, 13:11 | Жаңалықтар
Жаңаөзенде «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі «Жергілікті өзін-өзі басқару принциптері және механизмдері» тақырыбында тренинг өткізді.
Қазіргі таңда, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Қазақстан мемлекеттілігінің дамуында маңызды орын алады. Аталған заңдылыққа сәйкес, жергілікті билік өкілдері қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және материалды-қаржылық жағдай жасауы тиіс, ал жергілікті қауымдастық аталған заң аясында өзекті мәселелерді шешу процесіне белсенді атсалысуы қажет. Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес, ауыл тұрғындары өздерінің жергілікті бюджет қаражаттарын басқару мүмкіндігіне ие болады және бұл арада аталған процесс жергілікті халықтың қатысуымен жүзеге асырылады. Аталған өзгерістер ауыл әкімдері және жергілікті қауымдастық мүшелерінің әлеуетін көтеру қажеттігін тудырады.
- Тренингтің мақсаты - жергілікті қауымдастық мүшелерінің, әкімшілік қызметкерлердің потенциалын арттыру. Тренингке жетекшілік ету үшін Алматы қаласынан арнайы Ұлттық экономика Министрлігінің жанындағы ЖӨӨБ заң жобасын жасақтау бойынша жұмыс тобының мүшесі, жергілікті өзін-өзі басқару бойынша сарапшы маман Шолпан Айтенованы шақырдық. Бүкіл мәселені бір күнде шешу мүмкін емес, сондықтан осы тектес жиындарды жылдың соңына дейін барлық ауыл, аудандарда өткізіп, халық арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, - деді «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметова.
Жиынға Жаңаөзен қаласы және Қарақия ауданына қарасты ауылдардың әкімдері және жергілікті қоғамдастық мүшелері қатысты.
Қайырбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қарақия ауданы Құрық селосының әкімі:
- Бүгінгі алдағы жұмыстарымызды ұйымдастыруда тигізер көмегі зор болып отыр. Көптен көкейімізде жүрген сұрақтарға тұшымды жауаптар алып жатырмыз. Бұл шараның мақсаты жоғарыда аталған мәселелерге байланысты мемлекеттік қызметкерлерге дайындық жұмыстарын жүргізіп, қажетті ақпараттар беру болып отыр. Тренинг нәтижесінде қатысушылар қоғамдық жоспарлау, жобаны басқару, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық талқылауда өзара әрекеттесу және қатысу дағдыларын үйренді.
Айжан НАСЫРОВА.
1012
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.