Бүгін жарыс бесінші кезеңін аяқтады. Қатысушыларға берілген тапсырма - 370 шақырым болды. Бұл жолы финишке жеткен экипаждар кестесіне аздап өзгеріс енді. Жарыс көсбасшысы - Нассер Салех Аль-Аттия бүгін үшінші сатыны қанағат тұтты. Оның орнына Сауд Арабиялық Аль-Раджи Язид бірінші орынға көтерілді. Дегенмен, Язидтің алғашқы жарыс күнінде алған пенализациясы (100 сағат) бар екенін еске саламыз. Сол себепті оның қарсыластарын базып озуға мүмкіндігі жоқ. Ал польшалық Якуб Пшигонски екінші тұғырын сақтап қалды. Төртінші болып чехиялық Мирослав Заплетал келді. Алдыңғы кезеңдерде үштікті қорытындылап жүрген тағы бір польшалық Арон Домзала бүгін мәре сызығын бесінші болып аттады. Жерлесіміз Юрий Сазонов алтыншы, Литва экипажы жетінші, Ерден Шагиров сегізінші ретпен кезеңді аяқтады. 5-кезеңнің нәтижесі: Ал барлық бес кезең бойынша Нассер Аль-Аттия көш басын ешкімге берген жоқ. Дегенмен бүгінгі кезең біз үшін сәтті өтті деуге болады. Себебі үздік бестікке кіруді мақсат еткен Сазонов пен Шагиров діттеген межесіне қол жеткізді. Сазонов төртінші, Шагиров бесінші сатыға табан тіреді. 5 кезең бойынша жалпы қорытынды: Бір аптаға созылған доданың енді бір кезеңі қалды. Ол ертең сағат 9:00-де Ақтаудан Форт-Шеченко бағытындағы 35-шақырымнан басталады. Жарыс жолының ұзындығы - 147 шақырым. Бұл - сайыстағы ең қысқа кезең.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА