Аймақ басшысы Алик Айдарбаев, қала әкімі Серікбай Трұмов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов Ұлы Отан соғысының ардагері Қамқа Үмбетәлинаның шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Отан үшін от кешіп, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен көрсеткен батыр анаға алғыстарын айтып, деніне саулық тіледі.
Соғыс басталған тұста Қамқа Үмбетәлина 18 жастағы бойжеткен болатын. Майдан даласына аттанған қаршадай қыз әуе шабуылы армиясының қатарына алынып, Украина, Манчурия мен Қиыр Шығыстағы сұрапыл шайқастарға қатысқан. Жастық шағын майдан даласында өткізген батыр қыз елге жеңіспен оралған соң, еңбекке араласқан. Атырау мен Маңғыстаудың қара алтынын игеруге атсалысып, «Барлаушы ханшайым» атанған. Батырлығы мен ержүректігі, қайсарлығы үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдары Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Жуков атындағы», «Жапонияны жеңгені үшін», «Ана шапағаты» медальдарымен марапатталған.
-Ұлы Отан соғысы мен үшін мамырда емес, қыркүйек айында аяқталды. Елге мен 1945 жылдың қарашасында оралдым. Жұмыс істеп, елімнің көркеюіне үлес қостым. Қазір жасым 93-те болса да, жан-жақта болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, хабардар болып отырамын. Әр мерекеде мені ұмытпай, келіп құттықтап, құрмет көрсетуге асығып тұратын ел азаматтарына алғыстан басқа айтарым жоқ. Айналайындарым, бейбіт өмірдің қадірін біліңдер, білім алудан, ізденуден, еңбек етуден жалықпаңдар. Күнде Жаратқан иемнен елімнің тыныштығын, мемлекетімнің ғұмырлы, тәуелсіздігімнің тұғырлы болуын тілеймін. Мереке құтты болсын!,-дейді ҰОС ардагері Қамқа Үмбетәлина.
Венера МИРЛАН