Жеңіс күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Руслан Бектубаев, №2 Ақтау қалалық емханасының директоры Бектібай Төлегенов 29 шағынауданда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Қылыш Өтетілеуовтың шаңырағына барды. Ардагерді мерекемен құттықтап, азық-түлік өнімдерін сыйға тартқан Р. Бектубаев айтулы мерекеге орай жеңіс сыйлаған, елімізге бейбітшілік таңын тарту еткен ардаргерлерге әрдайым құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың парызы екенін айтты.
91 жастағы Қылыш ақсақал 1943 жылдың көктемін майдан даласында қарсы алған. Калинин майданындағы 156 атқыштар дивизиясының 361 батальонында взвод командирі лейтенант Мишениннің қарамағында адьютант болып тағайындалған. Майдан даласында бірнеше рет жараланған ардагер І, ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Алғаш рет ардагер 1944 жылы Лесная, Солнечная шағын ауылдарын азат ету барысында жараланыпты.
-Соғыста қанша рет жаралансам да, госпитальде жатып дұрыс емделген де жоқпын. Адам санын кемітпейміз деп, соғысты біржолата аяқтап, елге келіп, еңбек еттім. Үйленіп, ұл өсіріп, қыз тәрбиеледім. Денсаулығым құдайға шүкір жақсы. Мені құрметтеп, үйіме келіп құттықтап жатқан баршаңызға алғысымды білдіремін. Енді елімізде соғыс болмасын. Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, заманымыз тыныш болсын, бейбіт елімізде ұрпағымыз бақытты өмір сүрсе екен деймін,-деп ақ батасын берді Қылыш ақсақал.
1946 жылы отбасын құрған өнегелі шаңырақта 6 ұл мен 4 қыз өсіп-жетілген. Бүгінде Қылыш ата мен Ару әже 136-шы ұрпағын көріп отырған бақытты отбасы.
-Соғыс аяқталғаннан кейін әкеміз туған жері-Маңғыстауға оралып, ұзақ жылдар мұғалім болып жұмыс жасады. Еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, кейін мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Барлық балаларының білім алуына жағдай жасап, оқытты. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Жақында ата-анамыздың отасқандарына 70 жыл толуына орай мейрамханада дастархан жайып, той жасап бердік. Менің ата-анам өте бақытты жандар, осыдан бес ай бұрын 136-шы ұрпағын көріп, қуанып отырған жайы бар. Жыл сайын жеңіс күніне орай балалары болып қара шаңырақта бас қосып, әкемізге «Катюшаны» айтып береміз, дастархан жайып, құрмет көрсетеміз. Әкеміз домбырада ойнайды, шежіреге бай, өте әңгімешіл жан, үнемі саяси жаңалықтардан да хабардар болып отырады. Ал, анамыз тыл ардагері және «Батыр ана» медалімен марапатталған. Мен осындай отбасында тәрбиеленгенім үшін өзімді өте бақытты санаймын,-дейді Жанбибіш Қылышқызы.
Жалпы қазіргі таңда облыста көзі тірі Ұлы Отан соғысының 51 ардагері және мыңнан астам тыл ардагері бар.
Венера МИРЛАН