©
Түлектердің мектеппен қоштасып, соңғы қоңырау үнін еститін күні алыс емес. Бәрімізге белгілі, бітірушілер ұлттық сынақ тапсырып, 11 жыл алған біліміне қорытынды жасайтын. Көрсеткен нәтижесіне қарай әрқайсысы мүмкін болған оқу орындарына табан тірейді. Сондықтан оқушылардың сын алдында алаңдауына сөзсіз негіз бар. Биылғы түлектер бұрынғы түлектерге қарағанда көбірек алаңдайтын сыңайлы. Өйткені 13 жыл бойы мызғымай орындалып келген ҰБТ ережелері осы жылдан бастап өзгертілді. Енді олар мектебінде бір сыннан өтсе, ЖОО-ға қабылдану үшін екінші сынға түседі. Өзгерістің алғашқы жылы болғандықтан, бітірушілерді, ата-аналар мен мұғалімдерді тест төңірегіндегі сұрақтар мазалайтыны жасырын емес. Сонымен, ҰБТ-ның жаңа ережелері қандай? Түлектерге тиімділігі қандай болмақ? Осыған орай, Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Эльмира СУХАНБЕРДИЕВАНЫҢ қатысуымен биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге дайындық барысы жайлы баспасөз конференция өтті. Онда жаңа ҰБТ-ға қатысты барлық сұрақтар талқыланып, ережелер түсіндірілді. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Дархан АХМЕД-ЗАКІ, департаменті директорының орынбасары Зейнеп МАҚСҰТОВА және ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тесттілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ қатысты. ҰБТ-ның жаңа форматы түрлі мемлекеттердегі емтихандарды өткізу бойынша халықаралық тәжірибелерді талдау нәтижесінде әзірленген. ЖОО-ға түсу емтиханы мен бітіру емтихандары бөлек өткізілетін Жапония, Израиль, АҚШ секілді мемлекеттердің тәжірибесі қарастырылған. ҰБТ тестілерінің мазмұны оқу қабілетін, логикалық ойлаудың деңгейін, базалық құзыретін, яғни функционалдық сауаттылықты анықтауға көзделген. 2016 жылдың қазан айынан бастап ҰБТ жаңа форматы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары толық көлемде өткізіліп келеді. Сол бойынша медиа-жоспар әзірленген. Мектеп бітірушілердің, сынып жетекшілердің, мұғалімдердің, білім басқармалары әдіскерлерінің, ата-аналар қауымының, БАҚ және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен 53-тен астам кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Бұл жолғы жиналыс соларға қорытынды жасап, нүктесін қойды десек, артық айтпағанымыз. «Қазір ата-аналар, мектеп бітірушілер, мұғалімдер қобалжып жүрген болар. Ережелер бұған дейін де айтылды. Дегенмен бүгінгі отырысымызда түсінбеген сұрақтардың барлығына жауап беруге әзірміз» деген болатын вице-министр жиын басында. Биылғы жылы мектеп бітіруші түлектердің саны 130 мыңның үстінде, оның 95 мыңнан астамы ҰБТ тапсыруға тілек білдірген. Олар 25 мамыр мен 10 маусым аралығында мектепте 4 міндетті және 1 таңдау пәні бойынша мемлекеттік емтихан тапсырады. 20 маусымнан 1 шілдеге дейін барлық ел аумағы бойынша ҰБТ өтеді. Елімізде 165 ҰБТ өткізу пункті бар. Олардың 111-і мектептерде, 46-сы ЖОО-да, қалғаны колледждерде. -Жаңа форматтағы, ҰБТ 5 пән бойынша тапсырылады. Оның үшеуі міндетті, екеуі таңдау пәні. Міндеттілердің қатарына қазақстан тарихы (20 сұрақ), оқу сауаттылығы (20 сұрақ) және математикалық сауаттылық (20 сұрақ) жатады. Ал қалған екі таңдау пәнінің әрқайсысы 30 сұрақтан тұрады. Түлектердің140 ұпай жинауларына мүмкіндіктері бар. Бұрынғы ҰБТ ережесінде барлық 125 ұпайдың 100-і есепке алынатын болса, биылдан бастап 140 ұпайдың барлығы есептелетін болады. Ал шектік ұпай 50 болып қала береді. Ұлттық университеттерге түсу бұрынғыдай 70 ұпайдан, медициналық университеттерге 65 ұпайдан жоғары болуы керек. Біз ҰБТ өткізуге техникалық тұрғыда дайынбыз. Тестілеуге қатысуға ұсыныстар қабылдау аяқталды. Нәтижесінде ниет білдіргендер саны 95340-ға жетті. ҰБТ-ның жаңа форматындағы сұрақтардың логикалық мән-мағынасы бар. Таңдау пәндеріндегі 30 сұрақтың 20-сы бір дұрыс жауаптан, қалғандары бірнеше дұрыс жауаптан тұрады. Ол 1,2 не 3 жауап болуы мүмкін. Алдын-ала бірнеше сынақ өткізілді. Сұрақтар сараланды, іріктелді нәтижесінде негізсіз сұрақтар базадан алынып тасталды, - деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тесттілеу орталығының директоры Рамазан ӘЛІМҚҰЛОВ. Осы орайда ата-аналарда, оқушылар мен мұғалімдерде де «Алтын белгілер» ҰБТ қалай тапсырады?» деген сұрақ туындайды. Отырыста бұл сұрақтың да түйіні шешілді.Үздік түлектер де мемлекеттік емтихан тапсырады. «Алтын белгісін» алып, ЖОО-ға келіп, барлық үміткерлермен бірге тестілеуден өтеді. Егер ҰБТ нәтижесінде екі оқушы бірдей ұпай жинаған болса, «Алтын белгі» иегері басымдыққа ие болады. Айырмашылығы осында ғана. Былтыр бакалавр дәрежесіне 31 мың грант бөлінген. Биыл оның көлемін 5500-ге арттыру, қажет болса, 40 мыңға дейін жеткзіу көзделуде. Негізгі басымдылық педагогикалық мамандықтарға және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес, инженерлік мамандықтардың сапасын арттыруға, ағылшын тілі мамандарын көбейтуге бағытталып отыр. Осыдан біршама уақыт бұрын ҰБТ тапсырмаларының қатарында Баян Есентаева, Нұртас Адамбаев жайлы сұрақтар қосылды деген сыбыс тараған еді. Оның ізін ала наразы топ та бас көтерді. Байқағанымыздай, қоғамның басым бөлігі айтылған тұлғалардың тестіге енгізілуіне қарсы пікірде. Жиын өкілдері бұл мәселені де айналып өтпеді. «Елімізге танымал тұлғалар жайлы сұрақтар байқау сынағына енгізілген, бірақ ҰБТ сұрақтарында болмайды» деп, даулы мәселенің нүктесін қойды. -Тест тапсырмаларына үш рет сараптама жүргізілді. Барлық тапсырмалар тестология талаптарына сәйкестігіне тексерілді және ҰТО-ның базасына қабылданды. «Егемен Қазақстан» газетінде апта сайын тест үлгілері жариялануда. ҰТО сайтында әдістемелік нұсқаулықтармен қатар тест тапсырмалары қосымша жарияланған, - деді басшылар. Тестідегі өзгерістерге биылғы түлектердің дайындығы қалай? Олар үшін тесттің қай түрі тиімді? Сынақ тапсырудағы өзгерістерді қалай қабылдайды? Осы сұрақтардың жауабын білмек болып, жаңа ҰБТ-ның алғашқы тапсырушыларын сөзге тартқан едік. Жарылғас Айгерім, Мұнайлы ауданы №2 мектебінің 11-сынып оқушысы: «ҰБТ-ға жақсы дайындалып жатырмын. Дайындығым аса керемет дей алмаймын. Мен үшін жаңа форматтағы ҰБТ тиімді. Себебі ол арқылы өзіміздің білімімізді дәлелдей аламыз. Ал бұрынғы ҰБТ-да көпшілігі тек тапсырып кетуді ойлайтын. Кімнің бағы жанады, кімдікі жанбайды дегендей... Сол үшін маған жаңа ҰБТ жеңілірек. Қорқыныш жоқ емес, бар, әрине». Тілектес Рамазанқызы, Ақтау қаласы, №28 орта мектептің 11-сынып оқушысы: «Дайындық жақсы. Қорқыныш та жоқ емес. Қазіргіге қарағанда бұрынғы ҰБТ тиімді еді. Қазір не мектептегі сынға, не ҰБТ-ға дайындаларыңды білмейсің. Биылғы ҰБТ-ның мектепке қатысы болмайды, университетке барғанда ғана тапсырасың, сонысы ғана ұнайды». Бектұров Ислам, Ақтау қаласы, №28 орта мектептің 11-сынып оқушысы: «Тестіге санаулы уақыт қалды. Дайындық ойдағыдай. Менің ойымша, бұрынғы форматы тиімді болатын. Дайындалып, бір рет тапсырып кетесің. Ал қазір мектепте де, университетте де тесттен өтуің керек». Түлектердің білімін таразылайтын сынақтың жаңа үлгісі біріне тиімді болса, енді бірін алаңдатып отырғаны байқалады. Әйтеуір өту керек бір көпір. Тестідегі өзгерістің қаншалықты жемісті боларын алғашқы жылдың нәтижесі шыққан соң бағамдай жатармыз. Тапсырушыларға сәттілік серік болғай.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА