©
Бүгін 1-шағынаудандағы «Теннис орталығында» Маңғыстау облыстық самбо федерациясының жүлдесіне арналған «Ақтау кубогі» халықаралық турнирі басталды. Жарыстың салтанатты ашылуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекболат Байжанов, облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов пен мәртебелі меймандар қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Облыс орталығында осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен және Түркия, Армения, Тәжікстан, Әзірбайжан, Якутия, Ресейден келген 20 команда қатысуда. Бүгін жарыс 2002-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында өтуде. 13 мамыр күні өтетін жарысқа 2005-2007 жылы туған балуандар қатыспақ. - Бүгін самбодан өткізіліп жатқан «Ақтау кубогі» халықаралық турниріне біз күткен барлық командалар келді. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Балуандар үш кілемде белдесіп жатыр. Дүбірлі додада Маңғыстау облысының намысын 60 спортшымыз қорғайды. Барлығы да бабында тұрған балуандар. Бүгінгі жарысқа 2002-2004 жылы туған балуандар қатысып жатыр, ертеңгі бәсеке 2005-2007 жылы туған балуандар арасында жалғасады,-дейді экстра-класс дәрежесіндегі төреші, облыстың самбодан аға бапкері Берік Жұмағалиев. Ақтауда өтіп жатқан жарысқа Қырғызстаннан 8 самбошы келген. Олардың арасында 6 қырғызстандық чемпиондар да бар. - Біз Ақтау қаласына алғаш рет келіп тұрмыз. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Менің бапкерлік салада жүргеніме биыл-7 жыл. Осы жылдар аралығында бірнеше «Самбодан Қырғызстанның чемпиондарын» тәрбиелеп шығардым. Қазіргі таңда 100 жеткіншекті самбо және дзюдодан жаттықтырып жүрмін, олардың арасынан «мықты» деген 8 шәкіртімді бүгінгі жарысқа алып келдім. Жарыстың алғашқы күні 46 келі салмақта белдескен Ермек Сүйінбаев атты шәкіртім үмітті ақтап, бірінші кездесуін сәтті аяқтады. Самбодан өтіп жатқан «Ақтау кубогі» халықаралық турнирінен кейін дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирге қатысамыз,-дейді қырғызстандық бапкер Құлынбек Естебесов. Шымкенттік бапкер Жадыра Садықова болса, шәкірттерінің 15 медальді қоржынға салатынына сенеді. Өйткені, шәкірттері талай додаларда топ жарып, бапкерлер үмітін ақтап, облыстың абыройын асқақтатқан. - Жарысқа Шымкенттен 25 бала алып келдік. Оның ішінде «Қазақстан Республикасының чемпиондары», күміс жүлдегерлері бар. Түске дейін шәкірттеріміздің белдесулері өтті. Бейбіт Қалжанов атты шәкіртіміз үшінші орынға белдеседі. Одан бөлек самбошымыз Бекасыл Орынбасаров ақтық сынға жолдама алды. Елге 15 медальмен ораламыз деп сенемін. Бұл жарысқа біз биыл бірінші рет қатысып отырмыз. Жарыстың ұйымдастырылуы, жалпы деңгейі өте жоғары. Барлық самбошыларға сәттілік тілеймін,-дейді шымкенттік бапкер Жадыра Садықова.Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы