Облыстық М. Өскінбаев атындағы филармония залында аймақтағы медицина қызметкерлерінің арасында «Денсаулық-зор байлық» тақырыбында «Жайдарман» көңілді тапқырлар ойыны өтті. Қайырымдылық акциясы аясында өткен жайдарман ойынын облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы ұйымдастырды. Мәдени шарадан түскен қаржы Бейнеу ауданының тұрғыны, мүгедек бала Балғынбек Бахтияровтің еміне жұмсалады.
- Облыста ұйымдастырылған қайырымдылық кешіне белсене қатысып, әзілдерімен көрерменге көңіл-күй сыйлаған ақ халатты абзал жандарға алғыс айтамын. Бұған дейін дәрігерлер өңір басшысы Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сай өткізілген бір айлық қайырымдылық шарасына да белсене қатысты. Қайырымдылық істеріміз мұнымен шектеліп қалмайды. 26 сәуір күні өнерлі ақ халатты абзал жандардың атсалысуымен концерт өткізбекшіміз. Қайырымдылық кеші «Абай» мәдени-демалыс кешенінде 26 сәуір күні 19:00 де өтеді деп жоспарланған. Түскен қаражат екі мұқтаж отбасыға табысталады,-дейді облыстық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева.
Бұл жолы «Жайдарман» ойынына Ақтау қалалық №1 емханасының «Медэкспресс» командасы, Ақтау қалалық №2 емханасының «Денсаулық» командасы, облыстық психоневрологиялық диспансері мен Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының біріккен құрама командасы, Жаңаөзен қаласынан «Онлайн» командасы, Қарақия аудандық орталық ауруханасы және «Мейірбике» медициналық колледжінің командасы қатысып, бақтарын сынады. Олардың өнерін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының директоры Нұрсұлу Мұхамедиярова, облыстық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасындағы «Үміт сәулесі» хабарының редакторы Маржан Медиева, облыстық жастар саясаты мəселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдәулетов, жайдарманшы Нұрбол Сағидуллин бағалады. Кеште командалар қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, әзілмен түйреді. Тартысты өткен сайыс көрерменнің де көңілінен шығып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сайыс қорытындысында ұтымды қалжың, өткір әзілмен ерекшеленіп, көрерменнің ықыласына бөленген жаңаөзендік «Онлайн» командасы бірінші орынға ие болды.
- Жалпы жайдарманның негізгі мақсаты-қоғамымызда болып жатқан көптеген оқиғаларды сын арқылы, оның ішінде әзіл-күлкі арқылы жеткізу болғандықтан жақсы әзіл айтып, көрермен көңілінен шығуға тырыстық. Бұған дейін біздің команда медицина қызметкерлері арасында алғаш рет ұйымдастырылған ойында да бас жүлдені еншілеген болатын. Бұл жолы да сәтті ойын көрсетіп, әріптестеріміздің арасынан дараланып, бірінші орынды иеленгенімізге өте қуаныштымыз. Ең бастысы-әзіліміз халыққа ұнады және қайырымдылық кешінің жоғары деңгейде өтуіне атсалыстық,-дейді «Онлайн» командасының жетекшісі, хирург-дәрігер Мақсат Оңайбаев.
Екінші орын облыстық психоневрологиялық диспансері мен Мұнайлы аудандық орталық ауруханасының біріккен құрама командасына бұйырса, үшінші орыннан Ақтау қалалық №1 емханасының «Медэкспресс» командасы көрінді. Одан бөлек, «Үздік команда капитаны» аталымына «Мейірбике» медициналық колледжі лайық деп танылса, «Үздік ойыншы» аталымымен Ақтау қалалық №2 емханасының «Денсаулық» командасы марапатталды. Барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар мен алғысхаттар табысталды.
Шара соңында концерттен түскен және қайырымдылық жәшігіне жиналған 328 мың теңге Балғынбек Бахтияровтің туыстарына табысталды.
Венера МИРЛАН