Украинаның «Kinder mix» халықаралық турнирінен маңғыстаулық гимнасшылар жүлделі орынмен оралды. Атап айтқанда, облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің гимнасшылары 2007 жылғы арулар арасында Жансая Жаңбуршиева мен 2009 жылғы арулар арасында Саржан Эркебаева жүлделі бірінші орынға ие болып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ 2007 жылғы арулар арасында Дана Кемелбекова күміс медальдің иесі атанды.
- Көркем гимнастикадан халықаралық жарыс биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарыс 22-23 сәуір аралығында Украинаның Харьков облысының Лозовая қаласындағы «Юность» спорт сарайында өтті. Жарыстың құрметті қонағы болып, Украинаның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем және Еуропа чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Наталья Годунко шақырылды. Жарысқа 2001-2013 жылы туылған Қазақстан, Украина, Молдова мемлекеттерінен келген 250 гимнасшылар қатысты. Мен жарысқа 4 шәкіртімді алып барған едім, оның 3-еуі жүлделі орыннан көрінді. Айта кету керек, жыл басында біз гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның бес дүркін чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, Лондон Олимпиадасының қатысушысы, астаналық Анна Алябьеваны өңірге арнайы шақырып, гимнасшыларға арналған екі апталық шеберлік сабағын ұйымдастырдық. Қаңтар айында гимнасшы қыздарымыз алғаш рет Мәскеуде өткен халықаралық турнирге қатысып, тәжірибие жинақтап, жаңа бағдарлама бойынша шеберліктерін шыңдады. Енді тамыз айында облыс орталығында «Шағала» атты халықаралық турнир ұйымдастырмақшымыз,-дейді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің көркем гимнастикадан жаттықтырушысы, облыстың аға жаттықтырушысы Бибігүл Ерназарова.
Айта кету керек бүгінде өңірде 1200 қыз бала көркем гимнастикамен айналысады. Оларға білікті алты бапкер дәріс береді.
Венера МИРЛАН