Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының бөлім меңгерушісі Нұрсәуле Дауымшарованың ұйымдастыруымен шет тілдер колледжінің студенттері өлкетанушы ақсақалдар О. Көшбай және А. Еділханмен кездесті.
Кездесу қонақтары өздері білетін деректерді жастармен бөлісіп, қорық қызметкері Н.Дауымшарова кездесуге қатысушыларға түбектің тұңғыш кәсіби геологы Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы туралы мәлімет берді. Оның мәліметіне қарағанда, 1882 жылы Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Қызылсу жерінде дүниеге келген Оразмағамбеттің әкесі Тұрмағанбет шағын дәулетті, діни мектебі бар, ахун болған адам болыпты. Алғашқы сауатын әкесінің мектебінен ашқан бала Көне Үргеніште, Хиуа, Бұқарадағы медреселерде оқып, 1897-1900 жылдары Бомбей қаласында арнайы инженерлік білім алғасын, ол ауылға келіп, балаларға араб әліппесінен дәріс береді.
Маңғышлақ уезіндегі 1908 жылғы мұсылман мектептері мен ұстаздары туралы деректерде Оразмағамбет пен әкесі Тұрмағанбет Маңғышлақ уезінде білім алған, түрікше, арабша сауатты, уездің тұрақты тұрғындары деп көрсетілген.
Жергілікті жастарға білім беру мақсатында 1919 жылы ағайындарға асар айтып, Қызылсу ауылында мектеп-медресе салдырады. Онда балалар 1930 жылға дейін оқыған. Діни пәндермен қатар маман мұғалімдер алдырып, орыс тілі мен есеп сабақтарын да оқытады. Жер құрылысы, қазба байлығы, ауа райы, өсімдігі, шығыс медицинасы, халық емшілігі сияқты ғылымдарға ерекше назар аударады. Мал, адам ауруларын емдейді.
1926 жылы Адай уезінің бас имамы Нұрнияз ахун қайтыс болғаннан кейін Түпқараған болысындағы ауылдарға имамдыққа тағайындалғандығы туралы 1926 жылы 9 қарашада Уфа мұсылмандар мүфтиятының декларациясы берген құжат сақталыпты.
Оразмағанбет 1935 жылы Кеңес үкіметінің қыспағынан қашып, Иранға қоныс аударады. 1937 жылдың тамыз айында Мемлекеттік қауіпсіздіқ комитеті тыңшылары тұтқындап, Ашхабад қаласының түрмесіне қамайды. 1938 жылы 29 қыркүйекте КСРО Жоғары Әскери коллегиясы «халық жауы» деп ұйғарып, мал-мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына бұйырды. Бірақ сол кезде инженерлердің жетіспеуіне байланысты, оны «жабық мекемелерде» ұстап, қазба байлықтарды зерттеу жұмыстарына пайдаланады.
1963 жылғы 28 қазанда Красноводск қаласындағы неке бөлімі берген өлім туралы куәлікте «Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы 1942 жылы 61 жасында 30 қазанда қайтыс болды» деп көрсетілген.
Оразмағанбет өзінің кітапханасындағы өте құнды кітаптарды Қызылсу маңындағы тау үңгірлеріне жасырған. Сол 1957 жылы Сахар тауынан табылған ұзын саны 120 кітап әуелі Атырауға, одан кейін Алматыға жіберіледі. Содан қалған 51 кітап 1977 жылы қазіргі Алматыдағы Ғылым Академиясының орталық кітапханасында сирек кездесетін қолжазбалар мен кітаптар қорына тапсырылған. Ғалымның Мұхаммед, Шарғи, Панар, Жазила, Қазина деген балаларынан тараған ұрпақтар қазір Иран елінде тұрады.
Алғашқы геологты атаулы күн қарсаңында еске алған жастар кездесу барысында ғалым туралы сұраққа жауап алып, қонақтармен ескерткіш суретке түсті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ