Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов – қазақ поэзиясына өзіндік бір құбылыс боп келген елге белгілі дарын иесі. Айтарын іркілмей ашып айтатын қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ел ішіне кең жайылған жүзге тарта ән мәтіндерінің авторы, қазақ этнографиясының жоқшысы, Мұстафа Шоқай жолымен жүріп өткен азамат, Алашорда "Аманатын" (ақынның өзі жазғандай) насихаттаушысы.
Қасымхан Бегмановтың тұңғыш жыр кітабы «Бастау» деген атпен студент кезінде «Жалын» баспасынан шыққан. Одан кейін «Жазушы» баспасынан «Қарашық» (1990ж.), «Бесіктен бейітке дейін» (1997ж.), «Өлке» баспасынан «Сағыныш» (2000ж.), «Ол көктем оралмайды» (2006ж.), «Атамұра» баспасынан «Менің Түркістаным» (2008ж.). «Ұшпақ» баспасынан (2008ж.) екі томдық таңдамалы кітаптары жарық көрген. «Қайнар» баспасынан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010ж.), 2014 жылы «Дәстүр» баспасынан «Күреңбел» жыр жинағы шығыпты.
Сонымен қатар «Дәстүр» баспасынан «Этнографпен әңгіме» (бірінші басылым) (2010ж.), «Салты мықтының – халқы мықты» (екінші басылым, 2011ж.) «Өлке» баспасынан жарық көреді. «Мұстафа Шоқай жолымен атты екі томдық бірінші рет (2012ж.), мемлектті бағдарлама бойынша екінші рет (2013ж.) көлемді тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрген.
«Мұстафа шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген.
Сонымен қатар осы деректі фильмге қатысты Өскеменде Мұстафа Шоқайға "сатқын", "фашист" деп жала жапқанда шовонистермен қайтпай соттасып, оларды сотта жеңіп шыққан қайсар тұлға.
Бүгінгі күні ұлтымыздың ұлы мұраларын зерттеп, ұрпаққа қалдыру жолында ұлағатты іс атқаруға үлкен ден қойыпты. Осы мақсатпен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, қазақтың болмысы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы тың мәліметтер жинақтап жүр. Ақын «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналған жаңа ғылыми-көпшілік жобасымен Отпантаудағы ұлық мерекені көруге арнайы келіпті.
Көрісу күнінен алған әсері, бүгінгі шығармашылығы туралы әңгіме қозғадық.
Маңғыстауға келіп жоғалғанымды тапқандаймын
– Маңғыстауға қош келдіңіз! Отпантауда дәстүрлі алау оты жағылып, көрісу күнінде тамаша тойдың куәсі болып жатсыз... Бұған дейін киелі өлкеге келген бе едіңіз?
– Маған бұл тойға арнайы кел деген ешкім жоқ. Бұл мереке туралы білетін болғандықтан, жүрек қалауыммен көзбен көрейін деп ниет етіп келген жайым бар. Биыл «Дәстүр» республикалық ұлттық-этнографиялық журналын шығарып жатқаныма сегізінші жыл. Этнография саласында журнал шығарып жатқаннан кейін көп дүниені білуді өзіме парыз деп есептеймін. Соның бірі – Адай ата ұрпақтарының Маңғыстау жеріне қоныс тебуі, батыста тұратын елдің ерекше салт-дәстүрлерін түбегейлі зерттеу. Өңірге бұған дейін келіп жүрсем де, Отпантаудағы алау отын жағу сәтін алғаш тамашаладым. Бұл ерекше сапар ірі мемлекет қайраткері, қазақтың халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, ғұлама Жағда Бабалықұлының дүниеге келгеніне 100 жыл толуына орай «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» ғылыми көпшілік жобасы аясында болып отыр. Мен қай өлкеге барсам да алдымен музейіне бас сұғамын. Экспедициямыз облыстық музей мен мұрағаттарда өткен ұжым мүшелерімен кездесулерден басталып, халық этнографиясының өкілдерімен, өлкетанушылармен, қолөнер шеберлерімен, бүркітшілермен кездесулер соңы Отпан тау баурайындағы от шашуға ұласты. Маңғыстау тұрғындары салт-дәстүрді, ырым-тыйымдарды қалай ұстанып отыр? Осыны өз көзіммен көріп, өз сүйегіммен сезінейін деп бардым.
– Көрісу – Батыс өлкелеріне тән салт-дәстүр. Қандай әсер алдыңыз?
– Көрісу – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі. Тек бүгінгі күні Қазақстанның Батыс өңірлері, соның ішінде осы маңғыстаулықтар ерекше атап өтіп жүр. Қазақ бірлігін, тұтастығын сақтау үшін бір-біріне жаны ашып, бірін-бірі биікке көтеру керек. Тұтастық болмаса, елден береке қашады. Мен бүгін еңсесі биік, салт-дәстүрі терең Маңғыстауды көріп, еліме марқайып барамын. Отпантауда оттай жалындаған жастарды көрдім. Бүкіл қазақтың даласынан сарылып іздеп жүрген жоғымды тапқандай әсердемін.
Болашақта "Көрісу" мерекесін бүкіл қазақ тойлауы керек. Қара шаңыраққа барып үлкендерге көрісу, өкпе-ренішті ұмыту, кешірім сұрау – тәлімі терең әрі әдемі көңіл-күй сыйлайтын мереке. "Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" деп жатады. Меніңше, бұл дәстүр ұмытылмауы тиіс. Жоғарыда айтқан жобамның аясында мен белгіл ҚР ҰҒА-ның құрметті академигі Уахит Шәлекенов ақсақалмен сұқбаттасып жатырмын. Сұхбат өте көлемді. қазақ этнографиясы жан-жақты сөз болып жатыр. Соның ішінде ата-бабаларымыздың сәлемдесу дәстүріне қатысты тың деректер айтылады. Сонда: "Орталық Азия түрік тілдес халықтардың отаны. Олардың ата-бабалары ғасырлар бойына сәлемдесу құндылығын қалыптастырған. Ол дәстүр бойынша оң қолымен сол жақтағы көкірегін (жүрек тұсын) басып, бас иіп сәлемдескен" деген еді Уахит аға Шәлекенов. Ал Жағда Бабалықпен жүргізген сұхбатымда сәлемдесуге байланысты төмендегідей әңгіме айтып берген еді: ...Әз Жәнібек: «Өтеке, біздің халқымыздың дені сау, өмірінің ұзақ болуы үшін не істеуіміз керек», – дейді. Сонда Өтейбойдақ орнынан тұрып: «Ең алдымен – қол беріп амандасуды тыйыңыз. Бар бәлені осы таратады. Екінші – беттен сүйіп, сәлемдесуді тыйыңыз, бар бәле – осыдан. Үшінші жеті атаға толмай қыз алысып, қыз беруді тыйыңыз, бар бәлені сол таратады», – деп жауап беріпті.
Қазір көрісудің адамның жынысына, үлкен-кішілігіне сай амандасу түрлері бар екенін көрдім. Бұл дұрыс. Ер адамдар кездескенде бір-бірімен төс қағыстыра құшақ айқастыра, әйелдерде өзара төс қағыстырып амандасады. Келіндер үлкендерге тізе бүгіп сәлем салады. Келген адамдар «жасыңмен!», «жас құтты болсын!» деген тілектер айтылып жатты. Осы "Жасыңмен" деген тілектің өзінде үлкен мән-мағына жатыр емес пе? Басқа жерлерде көп айтылмайтын тілек. Көрісуді бүкіл иісі қазақ болып тойлауды Үкімет ескерсе деп армандаймын. Қазақ бақытты болса, қазақ ақындары бақытты болады.
– «Қазақ деп мұңға баттым мен. Қазақ деп жылап жаттым мен...». Өз сөзіңіз. Ақындық жолға келуіңізге қай тұлғалар әсер етті?
– Нардың жүгін тартатын Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін бала күнімнен жадыма жаттап өспесем, ақындық жолға түспес ем. Еш ақынға теңдессіз Төлеген – менің өмірдегі кумирім. Төлеген Айбергеновті көзіміз көрген жоқ, бірақ екінші бір сүйіп оқыған ақыным Жұматай Жақыпбаевқа іні болып, қасына ерудің сәті түскеніне бақыттымын. Әсіресе, Жұмекен, Өтежан, Фариза, Өмірзақ Қожамұратов, Марат Отаралиев. Сағат Әбуғалиевтің өлеңдері тылсым күшке ие. Байқап қарасам, қатты қызығып оқыған ақындарым негізінен осы батыс өлкесінен шыққандар екен ғой.
Маңғыстау – қасиетті өлке. Менің ақын болып қалыптасуыма Батыс өлкесінің ақын-жазушыларының шығармалары ерекше әсер етті.
Жағда Бабалықұлымен сұхбат құрып, «Этнографпен әңгіме» атты сыр-сұхбаттан тұратын кітап жазғанымды жоғарыда айттым. Ғұлама: ""Дәстүр " – қазақ дәстүрінің жандануына, жоғалып кетпеуіне үлкен жол болсын, деп журналымызға ақ батасын берді. Сондықтан мен бүгінгі күні аманат арқалап жүрген адаммын. Жаны да, болмысы да қазақ деп соғып тұрған қаншама ақсақалдармен жүздесіп, сұхбаттасуымның басты себебі де – осы қазақ дәстүрінің болашағы. Жақында ғана ұлттық психологияны жазып жүрген бірден бір ғалым Құбығұл Жарықбаев ақсақалмен сұхбаттастым. "Біздің ұлттық психологиямыздың түп қазығы өте мықты. Этнопсихология дегеніміз әрбір халықтың тілі, дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы, ділі, діні, фольклоры, мифі, тағы осы сияқты рухани әрекетінің сан алуан көріністері", – дейді Құбығұл Жарықбаев ақсақал. Бұл біздің тегіміздің мықтылығынан деп білемін. Бүгін маңғыстаулықтардан да осы мықты тектілікті көрдім деп айта аламын.
Міне, мен жүріп өткен өмір сапарымда осындай қазақ үшін жанын беруге дайын тұрған ұлы тұлғалар мен өзім үшін өте аяулы жандар көп кездесті. Олар менің азамат боп қалыптасуыма зор ықпал етті. Әлі де әсер етіп келеді. Қарттарымыз аман болсын!
Қазақ ауылы – ең үлкен мектеп
– Экспедиция туралы кеңірек айтсаңыз... Кейін бұл сапарларыңыз көп томдық болып жарық көреді екен.
– Қазір жоғарыда айтқанымдай қазақтың абыз-ақсақалдарынан, ғалымдарынан сұхбат алып жүрмін. Астана қаласы, Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстарынан осы мақсатпен жүріп өттім. Келешекте, Алла қаласа осы ақсақалдармен болған сұхбаттарым мен экспедициямның негізінде төрт томдық кітап жарық көреді. Онда көрнекті ғалымдар Уахит Шәлекенов, Құбұғұл Жарықбаев, Жамбыл Артықбаев, Әлімғазы Дәулетхан, Бибизия Қалшабаев тәрізді ұлттық салт-дәстүріміздің жаңғыруына үлкен үлес қосып жүрген тұлғалармен жүргізілген сұхбаттар жарияланады.
Дәрігер-ғалым Советхан Ғаббасов ана құрсағындағы ұлттық тәрбие жайында қызықты факторларды айтады. Бала бойға біткеннен бастап болашақ ананы күту қажет дейді ғалым. Қазір қиын жұмысты да істейтін әйел, бала туатын да әйел. Жұмыстағы қиындықтарды шешумен бас қатырып, көшедегі қым-қуыт, айқай-шудың жаман жағын бойына сіңіретін де әйел. Соның бәрі бойға біткен сәбиге қатты әсер етеді. Әйелдің тамыр соғысы, жүйке жүйесі, ауруы, көңіл күйі бәрі құрсақтағы сәбиге әсер етеді.
Жақында ғана Алматы қаласында қасиетті Құранды аударған Уахап Қыдырханұлымен сұхбаттастым. Шариғаттың маңызы туралы көп мәселені кеңірек тарқаттық. Дінді желеу етіп, адасқан қарагөз қыздарымыз бен қара домалақ ұлдардың дертіне шипа іздеуге тырыстық. Міне, осы мәселелер төңірегінде кеңірек кітабымда жазатын боламын.
Экспедицияның негізгі мақсаты – салт-дәстүріміз бен ұлттық жәдігерлеріміз музейлер мен архивтерде қалып қоймай қаланың да, ауылдың да қазағының өмірінен орын алып, қолданылуы. Осы ортаға алтын көпір бола алсақ – мақсаттың орындалғаны. Бұл бірден іске асатын шаруа емес. Бұл эспедиция мен сұхбаттар осы мақсат жолында теңізге тамған тамшыдай болса да пайдасын тигізсе деген ниет.
– Этнограф ғалымдармен көп сұхбат құрдыңыз, зерттеп, түйгендеріңіз де көп. Бір сөзбен айтқанда, этнография деген не?
– Этнография – қазақ ауылы, қазақтың болмысы, күнделікті тыныс-тіршілігі. Бізде қалыптасқан қағида бойынша Этнография – тарих ғылымының бір саласы болып келеді. Бірақ бұл – этнография жеке дара ғылым болуы керек деп ойлаймын. Өйткені бұл бүкіл бір халықтың болмысы, ерекшелігі ғой. Сондықтан этнография тайпалар мен халықтардың шығу тегін, тұрмысын, кәсібін, әдет-ғұрпын, ерекшелігін зерттейді деп жүрміз. Салт-дәстүрді зерттеу немесе оны мен сияқты жоқшы болып-ақ жазып алудың өзі өте қызық. Кешегі бала кездегі көргеніміздің бәрі бүгін жоқ. Ал сол көргендеріміз қазақтың болмысы екен, ерекшелігі екен. Бүгін содан ажырап барамыз. Соны бала болып көрсек те, бүгін жоқшысы болып жүрміз. Бұл да бала күнгі қазақы тәрбиені көргеніміздің пайдасы деп білемін.
Қала мен ауыл баласының айырмашылығы неде? Неліктен бізге қала баласы сүйкімсіздеу болып көрінеді? Ауыл баласы неге етене жақын? Өйткені ауыл баласы ана тілінде сөйлейді. Көп жаңа ғылымды, жаһандануды меңгермеуі мүмкін, бірақ ауыл баласы алғыр әрі сезімтал болады. Академик, ғұлама, ұлы ақындардың көбі ауылдан шыққан. Түп-тамырымызды, ұлттық болмысымызды ұмытуға шақ қалдық. Мен үшін ауылдағы қазанға піскен бауырсақ пен самаурынға қайнатылған шай қымбат. Мен үшін көктемде төлдеген қозы-лақтың ойнағаны әдемі. Қазақтың жыры, әні, қамшысы, киіз үйі, күбісі, қазақтың ою-өрнегі, ұлттық нақыштары – осының бәрі этнография.
Көрісуді бүкіл қазақ тойлауы тиіс
– Қазақ рухани бай болумен бірге материалдық ахуалы да жақсы болуын айтып қалдыңыз...
– Қазақтың бақытты, бақуатты болуы ер азаматтарға байланысты. Жігітке қыздың қарамай қалуы, отбасы-ошақ қасындағы кедергілер, өмірде кездесетін түрлі проблемалардың жүгі жеңіл. Ердің басына не келіп, кетпейді?! Әрбір қазақтың отбасы бай, бақуатты, дәулетті болуы керек. Қазір бизнес жасаймын деген қарапайым адамға мүмкіндік көп. Үкіметке тапқан табыстың 3 пайызын төлеп, кәсіпті дөңгелету керек. Бұған қазақтың ақыл-пайымы да, қауқары да жетеді, жігер, тәуекел қажет.
– Жастармен жиі кездесесіз бе?
– Әрине! Айналамда жастар жүрсе, еңсем көтеріліп қалады. Өздері іздеп келсе, бағыт-бағдар беруге тырысамын. Шақырған жерден қалмай, кездесулерде көрген-білген, түйгендерімді бүкпей айтамын. Мен алдымен қазақтың ақынымын. Ақын тек өлең жазумен шектелсе – қателескені. Қазір соғыс кезінен де әлдеқайда қиын заман туды. Ақпараттық шабуыл көп. Бұрыс идеологияны миға, әсіресе жастарға құйып жатыр. Ұлтқа қарсы көзге көрінбейтін майдандар жүріп жатыр. Сол себепті жастармен байланысты үзбеу керек. Олардың психологиясын, таңдауы мен қызығушылығын ескере отырып, ұлттық арнаға бұру керек. Ол – біздің ең басты міндетіміз. Осы экспедияцияларым да, салт-дәстүріміздің болашағына алаңдаушылығым да, бәрі жастар үшін.
– Мұны сұрап отырған себебім, меніңше, жастар мен үлкен буынның арасы алшақтап кеткен сияқты. Бұрын бір сөзге, бір абыздың шешіміне тоқтаған халық едік.
– Егер қазақ өз құндылығын білмесе, бағаламаса әлсіздерді әлділер жояды. Соңғы жылда жантүршігерлік оқиғалар көп болды. Туыла сала шақалақты тірілей қоқысқа, дәретханаға тастап кеткендерді естіп, есеңгіреп қалдық. Өмірде тура жолдан адасып қызын қолдаудың орнына жаңа туылған баласын дәретханаға тастаған безбүйрек аналарды да көрдік. Сүйген қызы алдаса, яки қарамаса, көзін байлап жетінші қабаттан өз-өзін лақтырған ез жігіттерді де естідік. 100 доллар берсе, суицид жасағандарды молдалар арулап жерлеп жатыр. Қазіргі қоғам шариғатты терең білмейді. Ең сорақысы, дінді желеу етіп, Сирияға аттанған жастардың тағдыры... Бүкіл таным-түсінігімізге, парасат-пайымымызға, тарихымызға, этнографиямызға қарсы жүрген балаларымыздың «алды» міне сотталып, шетелге бала-шағасын шулатып әкетіп, елге қайтып орала алмай жүр! Жарты күн бойы автоматын арқалап 8 адамды мерт қылған Руслан Кулекбаевтың әрекетіне бәріміз кінәліміз. Былай қарасаң, батыр жігіт. Тек потенциалын жаман бағытқа пайдаланып кетті. Мұның барлығы айналып келгенде тәрбиенің ақсақтығынан, білімнің жоқтығынан. Алланың шариғаты мен мемлекетіміздің Ата заңымызды ардақтап, оны жадымызда жаттап өмір сүретін болсақ, дәулетті, бақытты ғұмыр кешер едік.
– Қазір шығармашылығызда қандай жаңалық болып жатыр? Өлең жазып жүрсіз бе?
– Күнде жазам деп айта алмаймын. Дегенмен өлең жазып жүрмін. Бір дастан бітіргем. Бірақ оны "суытып" қойдым. Араға уақыт салып қайта қараймын. Жуырда "Күреңбел" жыр кітабымның Қазанда татар ақыны Рафис Құрбановтың аудармасымен, Бішкекте қырғыз ақыны Марқабай Ааматовтың аудармасымен тұсаукесерлері өтті.
Мәскеуде орыстың тамаша ақыны Михаил Синельников өлеңдерімді аударып жатыр. Амандық болса жыл соңында орыс тіліндегі кітабым мәскеулік оқырманға жол тартады. Сондай-ақ "Дәстүр: кеше, бүгін, ертең" атты экспедиция аясында төрт томдық этнографиялық кітапты шығару үшін тынбай еңбектеніп жатырмын.
Сұхбаттасқан Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН