Елімізде осыдан екі жыл бұрын жаңа Қылмыстық процестік кодекс қолданысқа енді. Заңнаманы жаңадан қабылдаудың бір мақсаты – әділ сот төрелігін қалыптастырып, үкім, қаулы, басқа да сот шешімдерінің заңды әрі негізгі болуын қамтамасыз ету болатын. Заңның жаңа редакциясында тергеу судьясы деген процессуалдық тұлға да енгізілді. Жалпы қылмыстық процестік кодекстің жаңа нұсқасы қандай артықшылығымен тиімді? Қылмыстық заңдардағы өзгерістер туралы не білеміз? Жаңа кодекстер жұмыс бағытын жаңа арнаға бұра алды ма? Бұл сауалдарға қылмыстық істерді қарайтын Ақтау қалалық сотының судьясы Аида Бұлақбаева жауап берді.
- Аида Сағатбекқызы, сот жүйесіндегі жаңалықтардың бірі-тергеу судьялары институтының енгізілуі. Осы туралы кеңірек тоқталсақ, тергеу судьясы деген кім? Оның міндеттері мен құзіреті қандай?
- Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіліктерді біртіндеп тергеу судьясына беру арқылы тараптардың теңгерімдігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл мәселе, яғни айыптау мен қорғау тараптарының қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында да көрсетілген.
Қылмыстық сот ісін жүргізуге тартылған азаматтардың құқықтарын қорғау механизмі тергеу судьяларының қызметі болып табылады. Тергеу судьяларының институты 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қызмет ете бастады. Тергеу судьясы қылмыстық сот ісін жүргізудің сотқа дейінгі сатыларында адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуіне жол бермеуді қамтамасыз етуге бағытталған қызметті жүзеге асырады. Тергеу судьясы – сотқа дейiнгi iс жүргiзу барысында қылмыстық-процестiк кодексте көзделген өкiлеттiктердi жүзеге асыратын бiрiншi сатыдағы сот судьясы. Оны аудандық сот төрағасы тағайындайды. Ол Қылмыстық-процестiк кодекстiң 55-бабына сәйкес, күзетпен ұстауды, үйқамақты, лауазымынан уақытша шеттетудi, жақындауға тыйым салуды, экстрадициялық қамақты, мүлікке тиым салуды санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзiмдерiн ұзарту, кепiлдi қолдану; күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, мәйiттi эксгумациялау, күдiктiге, айыпталушыға халықаралық iздеу жариялау мәселелерiн қарайды.
-Тергеу судьяларының тиімділігі неде? Олар iстiң сапалы қаралуына, үкiмнiң әдiл шығарылуына ықпал ете ала ма?
- Екі жыл ішінде тергеу судьялары институты өзінің жарамдылығын көрсете білді. Тергеу судьяларына жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғайтын адамдардың белсенділігі артып келеді. Тергеу судьясы анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң және прокурордың әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) және шешiмдерiне жасалған шағымдарға баға бередi. Адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейiнгi iс жүргiзуде процестiк мiндеттердi орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндiрiп алуды қолдану тергеу судьясының құзырында. Прокурордың ұсынуымен қылмыстық iс бойынша процестiк шығындарды өндiрiп алу туралы мәселенi қарайды. Бұдан басқа да тергеу судьясы қарайтын мәселелер көп. Тергеу судьясы iстiң сапалы қаралуына мүдделi екенін де айта кеткен жөн. Жалпы тергеу судьясы қылмыстық іздестіру органдарының лауазымды тұлғалары мен прокуратура тарапынан салғырт қараушылыққа тосқауыл қою мақсатында енгізілген болатын. Тергеу судьясы өкілеттілігі әлі де кеңейтіле түсуі мүмкін. Бұл заңның үстемдігінқамтамасыз етудің бір кепілі болып табылады.
-Жоғарыда қылмыстық процестік кодекстің жаңа нұсқасы қабылданғанын айтып өттіңіз. 2015 жылы бірнеше қылмыстық заңнамалардың да қолданысқа енгізілгенін білеміз. Жаңа кодекстер жұмыс бағытын жаңа арнаға бұра алды ма?
- Иә, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Қылмыстық, Қылмыстық –процестік және Қылмыстық-атқарушылық кодекстері қолданысқа енгізілді. Жаңа заңнамалық база сот қорғауы саласын кеңейтуге мүмкіндік берді. Қылмыстық кодексте ұлттық қылмыстық заңнаманың репрессивтілігін төмендететін бірқатар жаңа енгізулер көп. Яғни, экономикалық қылмысқа жаза тағайындау кезінде ұстанымдар біршама өзгеріп, бас бостандығынан айыруға баламалы шаралар кеңінен қолданылуда, жазалаудың жаңа түрі еселік айыппұлдар енгізілді. Жалпы айтқанда, заңнамалардағы өзгертулер сот практикасында бас бостандығынан айыру жазасын қолданудан гөрі жазалауларды неғұрлым кеңінен қолдануға мән берді, бұл түрмеге қамалғандардың санын төмендетуге септігін тигізді. Мысалы, 2013 жылы бас бостандықтарынан айырыла отырып сотталғандар жалпы сотталғандардың 39%-ын құраса, 2016 жылы сотталғандардың шынайы бас бостандықтарынан айырылғандарының үлес салмағы 26,6 %-ды құрады. Осылайша Қазақстан түрме халқы саны жөнінен әлемдік рейтингіде 62-орынға дейін төмендеді. Айта кету керек, 2013 жылы біздің еліміз бұл рейтингіде 33-орында еді. Бұдан басқа жаңа қылмыстық заңнамаларда қылмыстық істерді қарауда жаңалықтар мен едәуір жеңілдіктер қарастырылған. Оның барлығы да өз кезегінде тиімділіктерін көрсетуде.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Венера МИРЛАН