Алматы қаласында гір тасын көтеру және қол күрестен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен жиналған мыңнан астам спортшылар қатысты. Олардың арасында облыстық гір спортының бас бапкері Нартай Алтыбаевтың шәкірттері топ жарды.
Тарқатып айтар болсақ, гір тасын көтеруден маңғыстаулық спортшылар Нұркен Айтқали (24*24) мен Жомарт Роман (32*32) күміс жүлдені иеленді. Айгерім Ходжалепес қола жүлдені қанағат тұтты. Жарыста топ жарып, жеңімпаз атанғандар Азия және Әлем чемпионаттарына жолдама алды.
- Бұл жарыс биылғы жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарына іріктеу. Бәсеке ардагерлер, жастар мен жасөспірімдер арасында өтті. Бұған дейін Шымкент қаласында өткен жарыста шәкірттерім Нұркен мен Жомарт қола жүлдені еншілегін болатын. Бұл жолы бұйырғаны күміс жүлде. Екі жігітіміз де «Спорт шебері» атағын абыроймен қорғады. Ал, 8-сыныптың оқушысы Айгерім қызымыз 12 келілік гір тасын көтеріп, қоланы иеленіп отыр. Бұл-Айгерімнің алғашқы қатысқан жарысы. Әлі де талай шыңдарды бағындырып, алтыннан алқа тағады деп сенеміз. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен облыстық армрестлинг және гір федерациясының президенті Роман Исламғалиевқа алғыс айтамын,-дейді облыстық гір спортының бас бапкері Нартай Алтыбаев.
Венера МИРЛАН