Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастыруымен «Қазақстан өңірлерінде жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» тақырыбында семинар-тренинг өз жұмысын бастады. Семинар-тренингке Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан өңірлерінен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік қызметшілер, облыстық ҚХА хатшылықтарының, дін істері, тілдерді дамыту басқармалары мен өңірлік «Қоғамдық келісім» мекемелерінің мамандары, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева аталмыш іс-шараның мән-мазмұнын жоғары бағалап, кәсіби білім мен біліктілікті арттырудағы рөлін баса көрсетті.
Басқосу барысында Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» Қазақстан халқына Жолдауы аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа міндеттері баяндалды. Қоғамдық қатынастардағы діни көзқарастар, деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-қимыл әдістері, ҚР сайлау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары, еңбек саласындағы этносаралық қатынастарды реттеу тәсілдері, Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа үлгісіне талдау жасау жүйесі турасында сөз болды. Фокус-топтар мен пікірталас алаңы форматында Қазақстанның батыс облыстарында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ерекшеліктері талқыланды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесі төрағасының орынбасары, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Кәкімқызы жаһандық және өңірлік тегеурінді қатерлер жағдайында жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарын айқындау және жаңа міндеттерін түсіндіру маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта қатысушылар Қазақстанның және әлемдегі көші-қон саясатының жаңа үдерістері турасында дәріс тыңдап, өңірлердегі этноәлеуметтік жағдай мониторингі нәтижелерімен танысады. Бағдарламаға сай Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында көшпелі сабақ өткізу жоспарланған. Сонымен қоса, конституциялық реформа мен экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне талдау жасалмақ.
Семинар-тренингтің алғашқы күні ҚР Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ Этносаралық қатынастар саласындағы талдау және мониторинг қызметінің жетекшісі Р.А.Челидзе, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығынң сарапшысы М.Асанов дәріс оқыды. Семинар-тренинг үш күнге жалғасады.
Голрох Жеменей