Республика көлемінде пошта желісінің ұлттық операторы 102 жаңа пошта бөлімшесін ашты. Маңғыстау өңірінде Мұнайлы ауданы аумағында жаңғыртылған бөлімше өз қызметін бастады.
Заман талабына сай жабдықталған жылжымалы ғимарат аудан халқына сапалы әрі жедел пошта қызметін көрсетеді. Жоғары ақпараттық технологиялармен қамтылған бөлімше сан түрлі бағытта жұмыс жасайды. Төлем қабылдау және аудармаларды жүргізу валюталық кассалары бар. Өрт тұтанып, төтенше жағдай орын алса, апат алдын орар құрал-сайман, белгі беру құрылғыларымен қамтылған. Күзет, видео қадағалау мен қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Жаңа мобильді бөлімше арқылы аудан халқы шаһарға сабылмай-ақ хат-хабар, сәлем-сауқатын жөнелтумен қатар, қаржылық қызметін қолдана алады. Мұнда ақша аудару, жедел аудару, тұрғын үй және салық төлемдерін қабылдау, жәрдемақы, жалақы алу қызметі қолжетімді. Әсіресе жасы егде тартқан жандар кез келген кезде зейнетақысын ала алады. Ең тиімдісі, жаңа пошта бөлімшесі арқылы жолаушылар темір жол және әуе билеттеріне тапсырыс беріп, тез арада қол жеткізуге мүмкіндік алады. Жаңа жұмыс форматы халыққа қызметтер көрсету сапасын арттырумен бірге сәлемдемелерді алу және жөнелту рәсімдерін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Жылжымалы ғимарат аудан аумағын аралап, щалғай ауыл, елді-мекендерге жаңғыртылған пошта қызметін ұсынады. Алдағы уақытта жаңа бөлімшеде бірыңғай электронды кезек жүйесі орнатылып, төлем терминалдары, банкоматтар мен поштаматтар тәулік бойы іске қосылмақ.
«Қазпошта» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Дариға Утебалиева жаңартылған бөлімше жұмысымен таныстырып, оның қызметтерін одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
«Біз барлық бөлімшелерді жаңартып, пошта қызметі инфрақұрылымын жаңғыртудамыз. Ендігі ретте халық ұзын-сонар кезекке тұрмай, жаңа кеңсе қызметіне жүгінеді. Алдағы уақытта өзге аудандарда жаңғыртылған жылжымалы бөлімшелер ашу жоспарда бар. Қызметкерлердің сапалы қызмет көрсету деңгейін жақсарту мақсатында жаңа оқыту тәсілдерін жолға қоюдамыз»,- дейді Д.Утебалиева.
Голрох Жеменей