Облыс орталығында сенбі, жексенбі күндері «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының, облыстық мәслихат депутаттарының мұрындық болуымен волейболдан ардагерлер арасындағы республикалық турнир өтті. Спорттық шара Тәзіке Ата ұрпақтарының «Отпан тау» этно-мәдени кешенінде «Амал-2017» мерекесінің тойлануына орай ұйымдастырылды.
Биыл дәстүрлі түрде үшінші рет өткізілген байрақты бәсекеге 11 команда қатысып, бақтарын сынады. Олардың қатарында Астана, Хромтау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысынан келген командалар мен аймақтан «Алтынқұрық» ЖШС-нің, облыстық прокуратураның, Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаментінің, Ақтау қаласының, Бейнеу, Маңғыстау ауданының командалары бар.
- Барлық қазақ халқына береке мен бірліктің мейрамы болған – Амал мерекесі құтты болсын. Қазағымыздың салт-дәстүрін дәріптейтін Амал мейрамы тек қана Қазақстанның Батысында ғана емес, республикамыздың барлық аймақтарында тойлансын деген ниетпен республикалық деңгейде осындай спорттық жарысты ұйымдастырып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз-Амал мерекесін насихаттау. Сондықтан да турнирдің ашылуында қонақтарымызға Амалдың мән-мағынасы туралы әңгімеледік. Жалпы жарысқа қатысуға бес облыс ниет танытып, тапсырыс берді. Олардың арасынан бүгін 3 облыс қатысты. Финалға өзге өңірлерден тек Астана қаласының командасы шықты. Волейболдан бөлек, біз Жаңаөзен қаласында шағын футболдан қалааралық турнир, Маңғыстау облысының аумағымен шектелмей, Атырау облысының Мақат ауданында үстел теннисі мен шағын футболдан мектепаралық турнирлер өткіздік... Барша қазақ халқына Амал мерекесі құт-береке әкелсін деген тілектемін. Келесі Амал мейрамына аман жетуге нәсіп етсін. Амал – оң болсын, ақ мол болсын! Береке-бірлік халқымыздан қашпасын. Келесі жылдары осы мерекені бүкіл қазақ болып тойлауды нәсіп етсін,-дейді «Нұр Отан» партиясының мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Қуанышбек Әбдірахманов.
Командалық ұйымшылдықты, ширақ қимылмен шеберлiктi талап ететін жарысқа командалар белсене қатысты. Жеңіс тұғырынан көріну үшін бар өнерін салып, әдемі ойын үлгісін көрсете білді.
- Жарысқа Астана қаласынан арнайы келіп, қатыстық. Мынадай Амал деп аталатын мерекенің қарсаңында бір-бірімізбен жүздесіп, етене араласып, танысып, біліскеніміздің өзі үлкен қуаныш деп санаймын. Әрине, әркім өзінің шыққан тауын биік болса екен дейді. Біздің бүгінгі шыққан тауымыз - ІІ орын болып тұр әзірге. Мынадай үлкен турнирді ұйымдастырып, оған бізді арнайы шақырған шараны ұйымдастырушы Қуаныш Спанұлына алғысымыз шексіз. Ауылдарыңызда үнемі осындай той көп болсын. Ауызбіршілігіміз артып, мемлекетіміз алға жылжи берсін,-деді «Астана» командасының ойыншысы Ерлан Тасыров.
Екі күнге созылған жарыс тартысты өтті. Жарыс қорытындысында І- орынды «Ақтау волейбол клубы» командасы иеленіп, 500 000 теңгенің сертификатын қанжығасына байлады. ІІ-орыннан Астана қаласынан келген командасы көрінсе (300 000 теңге), ІІІ-орын Маңғыстау облыстық прокуратурасының командасына (200 000 теңге) бұйырды. Сондай-ақ, «Ең үздік қорғаушы» аталымына «Ақтау волейбол клубы» командасының ойыншысы Валерий Кулешов, «Ең үздік бұғаттаушы» аталымына Маңғыстау облыстық прокуратурасы командасының ойыншысы Андрей Рюхов, «Ең үздік байланыстырушы» аталымына «Астана» командасының ойыншысы Рустам Масимов, «Ең үздік шабуылшы» аталымына «Алтынқұрық» ЖШС-нің ойыншысы Абай Өтегенов, «Ең ересек ойыншы» аталымына «Астана» командасының ойыншысы Ерлан Тасыров лайық деп танылды.
- Екі күн қатарынан волейболдан өтіп жатқан турнир спорт сүйер қауымды қызыққа бөледі. Командалар жақсы ойындарымен бәрімізді тәнті етті. Жалпы, жарыс өте тартысты өтті. Соның ішінде Ақтау қомандасы, Астанадан келген команда, Маңғыстау облыстық прокуратурасының командасы - өздерінің үздік ойындарын көрсетті. Ардагерлердің арасындағы жарыс болғанмен, командалардың деңгейі өте жоғары, - деді турнирді тамашалауға келген Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы Бекмұрат Жүсіпов.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ