Қызылорда облысы Сырдарияда ауданындағы Тереңөзек кентінде тоғызқұмалақтан халықаралық турнир мәресіне жетті. Дәстүрлі түрде оныншы рет ұйымдастырылып отырған жарыстан маңғыстаулық Жұмакелді Тұрақбай қола медальді қанжығалап, облыс абыройын асқақтатты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан халықаралық жарысқа Қазақстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінен 256 спортшы қатысты. Турнир швейцар жүйесі бойынша 14 жасқа дейінгі қыздар, ұлдар және әйелдер мен ерлер арасында өтті.
-Халықаралық турнирге шәкірттерім алғаш рет қатысты. Үш шәкіртімді апардым, олардың ішінен 14 жасқа дейінгі ұлдар арасында Жұмакелді Тұрақбай жүлдегер атанып, қола медальді иеленді. Мұның өзі үлкен жеңіс. Жалпы Жұмакелді 9 жасынан бастап тоғызқұмалаққа қатысып жүр. Бірнеше республикалық турнирлердің жеңімпазы. Ойыншылардың ойлау қабілетін дамытып, есепке мықты болуға, асқан сабырлыққа баулитын спорттың бұл түрімен бүгінгі таңда өрңіде 1 000-нан астам жасөспірім айналысып жүр,-деген облыстың тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Гаухар Жакиева 25-29 наурыз аралығында Ақтауда алғаш рет тоғызқұмалақтан халықаралық семинар ұйымдастырылатынын жеткізді.
Бір аптаға созылған жарыстың қорытындысында еліміздің қоржыны 4 алтын, 4 күміс және 3 қола медальдармен толыққан. Сондай-ақ, «Ең жас ойыншы» номинациясына 7 жастағы Алматы облысының спортшысы Әдемі Азмахын лайық деп танылса, «Тарлан ойыншы» номинациясымен 77 жастағы сырдариялық Тұрғанбай Болғанбайұлы марапатталған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар табысталған.
Венера МИРЛАН