Маңғыстау облыстық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ашық есік күні өтті. Шарада Маңғыстау облыс әкімінің мүгедектер құқығы жөніндегі кеңесшісі Владислав Трифонов, «Нұр Отан» партиясы МОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұханбет Жайлыбаев, еңбек әлеуметтік қорғау және көш-қон комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқраушы Қазима Ахметжанова, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Қытай Құсаинова мүмкіндігі шектеулі жандарға үкімет тарапынан көрсетілетін көмек жайында әңгімелеп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Ашық есік күніне Жетібай ауылынан келген Жансәуле Аманбаева 14 жасар немересінің еміне көмек сұрады. 2010 жылы немересі ауыр жол көлік апатына ұшырап, мүгедек болып қалған.
- Немереме күрделі отаны елімізде жасамайды. Бұған дейін біз қайырымдылықтан түскен қаржыға Мәскеуге барып, ота жасатып келдік. Немеремнің толықтай сауығып, аяққа тұрып кетуі үшін екінші ота қажет. Отаның құны 2 млн.теңге тұрады. Отбасымызда жолдасым екеуміз зейнетақы аламыз, онымыз күнделікті ішіп-жемнен артылмайды. Ұлымның табысы-40 мың теңге. Сондықтан да бүгін Сіздерде ашық есік күні өткізілетінін естіп, арнайы келдім. Көмек қолын созасыздар деген үміттемін,-дейді Жансәуле Аманбаева.
Тұрғынның өтінішіне Маңғыстау облыс әкімінің мүгедектер құқығы жөніндегі кеңесшісі Владислав Трифонов егер де ота елімізде жасалмайтын болса, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан квота қарастырылмайтындығын айтты. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы МОФ қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Мұханбет Жайлыбаев ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қабылдауына жазатынын жеткізді.
Сондай-ақ, ашық есік күнінде Ақтау қаласының тұрғыны Игорь Чадай көзінің көрмеуіне байланысты материалдық көмек, қала тұрғыны Орынбасар Жетпісбаев тұрақты жұмысқа орналасуына, 2 топ мүгедегі Ақмарал Баскеева қажетті дәрілерге қаражаты жетпеуіне байланысты көмек сұрады.
В. Трифоновтың айтуынша, қазіргі таңда облыста 19 мыңға жуық мүгедек жан тұрады. Олардың ішіндегі бірінші топтағы мүгедектер саны-1492 болса, 9615 жан екінші топтағы, 4761 адам үшінші топтағы мүгедектер. Ал жастайынан тағдырдың тәлкегіне ұшырағандар - 3136 бала.
Венера МИРЛАН