Әуезді ән, сырлы сезім тұнған сиқырлы саз, өнеге-өсиет, тағылым-тәлім тұмарындай айшықты жыр жан сарайыңды жібітіп, жүрегіңді нұр шуағына бөлейді. Күміс көмей, жез таңдай өнерпаздың әуезді үні әуелеп, шартарапқа шарқ ұрғанда көңіл құсы құйқылжып, өн бойың өзгеше күйге енеді. Жан-жүректі тебірентер, ізгілік пен іңкәрлікке, сыңғыр сезімге толы ән-жырға бүгінде халық сусап қалғандай.
Көк жәшіктен көз алмай, күні-түні телміргенде, татымды дүние таба алмай, іштей кіжінетіндер бар. Құлаққа түрпідей тиетін, мән-мазмұны таяз, сазы үйлесімсіз, «сарт-сұрт», «тарс-тұрс»-қа толы әндерден әбден мезі болған ел жүрек қылын тербер қоңыр үнді аңсайды. Бүгінде халық әндері әспеттеліп, дәстүрлі жыр-толғау, ән-терме сынды мәдениет мәйегі дәріптеліп келеді. Мәселен, «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан жұмада бір мәрте жария етілетін «Сөз бен саз» бағдарламасы көрермен жүрегін лезде жаулап алды. Тележоба жергілікті ақын-сазгерлер өмірі мен өнер туындыларын халыққа таныстыруды көздейді. Әрі ел жадынан көмескіленген көненің көз сарқытындай, ғажайып саз мұрасына «жан бітіріп», жаңғыртуды көксейді. Бағдарламаның басты авторы - Бердіхан Әлмен.
«Осы жобаны жүзеге асыру ойы ең алдымен Баймұрат Амандықұлы ағамызға келді. Бұл іске бел буа кірісуіме ақын аға түрткі болды. Марқұм Талғат Атшыбай ағамыздың жаназа намазынан соң, Баймұрат аға табиғи талант көзі тірісінде құрметке бөленбесе, о дүниелік жанды дәріптеу бос даңғаза екендігі турасында ішіне бүгіп жүрген сырымен бөліскен еді. Ойлана келе, телеарнада сазгерлер шығармашылығына арналған жаңа бағдарлама жүргізсем деген шешімге келдім. Бұл жоба бір күнде іске аса қойған жоқ. Телеарна штатында бос қызмет орны жоқ болғандықтан, жұмысты тегін жасауға, студияны безендіру мен көркемдеуге жұмсалатын бар қаржыны жеке өзім көтеруге тура келді. Ресупбликаға танымал сазгерлермен қоса, жергілікті өнерпаздар тізімін жасақтадым. Күні бүгінге дейін 20-дан аса сазгер ағалар студияға келіп, шығармашылығы халыққа таныстырылып, талдау жасалды. Олардың қатарында Марат Ордабаев, Есенбай Құлиев, Болат Нұрғазин, Ерекен Қорабаев, Көмек Ыбыраев, Алтынбек Сарғожаев сынды өңірге танымал сазгерлер бар»,-дейді Бердіхан Әлмен.
Мәдени мұра – асыл қазынамызды ұрпақ жадында мәңгі сақтауда, құнды жәдігерлерді ұлықтауда, өнер маржандарын өміршең етудегі еңбегін азаматтық парызы деп білетін Бердіхан аға бұл істе аянып қалған жоқ. Маңдай терімен тапқан бар табысын жаңа жобаны сәтті жүзеге асыруға жұмсады. Алыс-жақыннан арнайы қонақтарды алдыртып, үй-жай, ас-сумен қамту, қолайлы жағдай жасау оңайға түспейтін шаруа. Ойдағы бар іс қаржыға тірелетінін ескерген жөн. Бердіхан ағаның тележурналист ретінде тәжірибесі жоқ. Десек те, көп алдында көсіле сөйлеуді кәсіп еткен өңірге танымал асабаға обьектив алдында өзін емін-еркін ұстау қиынға соқпаса керек. Сонымен қоса, ол студияны безендіру, құрал-жабдықтармен жарақтау, әншілерді дайындау, сценарий жоспарын құру сынды жан-жақты жұмысты үйлестіре білді.
«Түсірілім барысында сан түрлі қызықты оқиға орын алады. Басты мақсатым шалғай ауыл-аймақтағы атағы жер жармаса да, табиғи таланты зор ақын-сазгерлердің мүлдем айтылмай кеткен ескі ән-жырын елге естірту еді. Мәселен, марқұм Қыдырбай Тұрмағамбетұлы «Қос қарлығаш» әнін орта оқу ордасын тәмамдап, өзге қалаға аттанғалы жатқан қос қарындасына арнап шығарған екен. Мен өз бағдарламамда тамаша туындыға себепкер болған қос бойжеткенге осы әнді орындаттым. Менің ойымша, көрермендер дән риза. Бағдарламаның рейтингі жоғары. Толассыз қоңыраулар соғылып, хаттар жолданып жатады. Бір бағдарламаны қайталап көргісі келетіндердің қатары көп»,-дейді Бердіхан аға.
Телеөнім сапасы оның мән-мазмұны, астарлы ойы және көрермен көңіліне қона кетер тағылымды дүние екендігімен айқындалады. «Сөз бен саз» бағдарламасы әуезді ән, әсерлі үн, әсем сазды әспеттеу ғана емес, ұрпақ санасына отаншылдық, ізгі адамгершілік, имандылық пен инабаттылық сезімін ұялату мақсатын ұстанады.
«Қазақтың ән мен саз әлемінде жалпы республика көлемінде ірілі-ұсақты байқауларды қоспағанда жасалып жатырған шаралар жоқ емес. Баспасөз беттерінен, әсіресе әлеуметтік желілерден «Бәлен жерде түген деген сазгердің кеші өтіпті, бәлен деген әнші туған жерінде есепті концертін беріпті» деген сыңайдағы жаңалықтарға біздің құлағымыз әбден үйреніп болды. Артымызға бұрылып қарауға мұрса бермей өтіп жатырған уақыттың соңғы алты айына шегініс жасағанда, біздің Маңғыстау өңірінің аймақтық «Қазақстан-Ақтау» телеарнасынан жаңа жоба бой көрсетті. Уақытқа дес бермейтін ағын судан бір кемдігі жоқ ақпарат ағынындарының арасынан «Бердіхан Әлмен деген жігіт сондай бір тың сазды хабарды жасағалы жүр екен» деген әңгіменің шет жағасын естігенде «қазіргі заманғы көзіміз әбден үйреніп, құлағымыз әбден жауыр болған көп даңғазаның бірі болар» деп онша алағыза қоймағаным рас. Дегенмен «Сөз бен саз» деген атына қарап, жасалынып жатырған дүниенің көп телевизилық ән төңірегіндегі жасалған жұмыстардан өзгешелу екенін сездім бе, әйтеуір бір жылы үмітімнің болғаны жасырын емес. Аймақта, тіпті Қазақ еліне танымал бір автордың емес, бір ән шығарса да осы өнердің соңында жүрген сазгерлердің басын қосып хабар жасау бұрын-соңды ешкімнің ойына келмепті. Әндерін тыңдап, бірақ оны кім шығарғандығынан бейхабар жұтшылық әннің иесімен көзбен көріп, қолмен ұстағанның қасында ұшырасып мәз болысты. Көпшіліктің бірі білсе, бір білмей жүрген әндерінің ел құлағына шалынғанына қуанғандардың ішінде өзімде бармын. Жақсысын алып, көңіліне ұнамағанын шетке ысыра салып екшелеу көрерменнің жұмысы, ал менің тілерім елге жаққан дүниенің өміршеңдігі», - дейді жазушы, сатирик, композитор, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ерекен Қорабаев.
«О дүниелік болып кеткен сазгерлер шығармашылығы жайлы бағдарлама түсіру оңай нәрсе емес. Марқұмның отбасы, балалары мен туыстарының көңілі босап, көзіне жас алатын кездері жиі кездеседі. Бұл жағдайда бір эпизодты бірнеше қайта түсіруге тура келеді. Мәселен, Ибрагим Алтыбаев бүткіл ғұмырын музыка өнеріне арнаған жан. 40-тан астам әні бар. Мүгедек кісі. Көзі көрмейді. Тек қана тыңдайды екен. Мүгедек кісіні студияға шақырту маған қиынға соқты. Бір ретін тауып, бүкіл отбасын студияға жинап, бағдарлама түсірдік. Өткен аптада көрерменге жол тартты. Кеше ауруханаға түсіп қалған екен. Әрине, өкінішті. Танымал сазгер Көмек Ыбыраев әннінің сөзін жазған жігіт 25 жасында КамАз-дың астына түсіп, жол апатынан ауыр зардап тартқан. Әлі күнге дейін арбаға таңылған күйі өмір сүріп жатыр. Үйде отырып, әнді естігенде, жүрегі жарылардай қуанса керек. Ағайын-тумасы бәрі дерлік алғысын жаудырып жатты», -дейді бағдарлама авторы.
Шыны керек, жастар жағы сыры терең, ұлттық бояуы қанық халық әндерінен гөрі батыстың не корейлік стильдегі даңғаза әндерге аса қызығады. «Бұның сыры неде» деп ойланатынымыз жасырын емес.
«Бұл бүгінгі қоғамның дерті. Халықтың интелектуалды деңгейі түсіп кетті. Рухани дүниесі, таным-талғамы таяз. Екіншіден, тойдың әндеріне сұранысы көп. Мен өзім асабамын. Той иелеріне қоятын екі талабым бар. Бірі – тойда міндетті түрде күй тартылуы не домбыраның сүйемелдеуімен ән-жыр орындалуы тиіс. Екіншісі – кез келген орындаушының ән қоржыны маңғыстаулық ақын-сазгерлер туындыларымен толығуы тиіс», - дейді Бердіхан Әлмен.
Бердіхан Әлмен 7 желтоқсан күні «Алтынды Орда, ұран - жыр» жыр кешін ұйымдастырды. Ал 10 наурыз күні «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының қолдауымен Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрында жергілікті ақын-сазгерлер әндеріне арналған «Сөз бен саз» бағдарламасының концерті өтеді.
«Бағдарламаға қонақ болып келген ақын-сазгерлердің әндерін нотаға түсіріп, туындының қысқаша тарихы жазылған, суреті бейнеленген «Маңғыстау сазгерлерінің антологиясы» жинағын жарыққа шығару жоспарымда бар. Алда әлі 80-нен астам ақын-сазгерлер бағдарламаға шақырылады. Құдай қаласа, халық композиторларын тереңнен зерттеп, ұрпақтарымен бірлесе олар туралы осыған ұқсас жаңа бір дүние жасасам деймін», - дейді іскер азамат.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ