Қансу газ кенорны – Оңтүстік Маңғыстаудың Қарынжарық ойпатында, Кендірлі сорына еніп жатқан екі түбектің атауы. Аққұдық елді мекенінен қырық шақырымдай қашықта орналасқан. Топырағы сазды, қиыршық тасты, өсімдік жамылғысы жұтаң, негізінен жусанды-бұйырғынды қауымдастықтың түрлері ғана кездеседі. Өткен ғасырдың 70-інші жылдарында жүргізілген барлау жұмыстарының қорытындысымен газ қоры бар екендігі анықталып, игерілуі кейінге қалдырылған кен орны. Бұл аймақта 80-інші жылдардың басынан бастап, шөл және шөлейтті аймақтардың экологиялық жүйелерін сақтап қалу үшін, сонымен бірге Үстірт шыңдарын мекендейтін Маңғыстау эндемигі – Үстірт жабайы қойын жойылып кетуден қорғау үшін Үстірт табиғи қорығы ұйымдастырылды.
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы – Батыс Қазақстан аумағы бойынша жалғыз жоғары санатты табиғат қорғау ғылыми мекемесі. Негізгі қызметі – шөл және шөлейтті аймақтың құмды, таулы және оазисті аумақтардың экологиялық жүйелері мен сирек және жойылып кету қаупі туындаған жан-жануарлар мен өсімдіктерін күзету және қорғау. Қорғау жұмысының негізгі бағыттарының бірі – мониторинг жасау болып табылады. Фенологиялық бақылаулар арқылы жүргізіліп келе жатқан көпжылдық мониторингтің алғашқы қорытындылары шығарылып, бір жүйеге түсірілді. Қазір ғылыми жұмыстар жүргізудің бес бағыты айқындалып, тақырыптар бойынша зерттеулер басталды.
Оңтүстік Маңғыстаудың топырақ жамылғысы жараланғыш, құнарлы қабаты жоққа жақын, карбоналды-гипсті жыныстардан құралған. Бүлінген жағдайда қалпына келуі жоққа тән, түскен із бірнеше ондаған жылдарға дейін көрініп жатады. Жауын-шашын өте аз. Тамыры тереңге кететін, суды аз буландыратын жусан, бұйырғын, сексеуіл тәрізді өсімдіктер ғана өседі. Шөл зонасының осы аймаққа ғана тән экологиялық жүйесінің өзіндік тыныс тіршілігі қалыптасқан. Өсімдіктер мен топырақта тіршілік етуге бейімделген жәндіктер мен бауырымен жорғалаушылардан басқа, бұл өңір қарақұйрықтың қысқы мекені. Тау мен құмның аралығында жатқан, ағысты терең сайлы жер бедері – аңның табиғи қорғаны есепті. Сонымен бірге бұл аумақта шөл сілеусіні – қарақұлақ та мекендейді. Бұл екі жануар да Дүниежүзілік Табиғат Қорғау Одағының тізіміне енгізілген. Өте сирек, жойылып кету қаупі төніп тұрған, ерекше аң – итаюдың да алғаш кездескен жері осы Қансу мен Өнере аймақтарының арасы.
Бұл аумақтың табиғаты да көркемдігімен, ерекшелігімен көз тартады. Кендірлі сорының ортасында орналасқан Өнере төрткүлдері шетелдік және қазақстандық туристердің қызығушылығын тудырып отырған нысан. Бұдан басқа да табиғаты әсем, туристер тамашалауға лайықты жерлер аз емес.
Маңғыстау өңірі – Қазақстан экономикасында елеулі орны бар, мұнай-химия шикізаттары өндірісі жолға қойылған аймақ. Мұнай және газ саласында еңбек ететіндердің әлеуметтік жағдайы жоғары, ал, бюджет саласында қызмет ететіндердің жалақысы мардымсыз, соған орай тұрмысы да қоңторғай. Маңғыстаудың жеке кәсіпкерлерінің негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Егіншілікпен айналысуға су тапшы, бағасы қымбат. Жекелеген қалталы азаматтар өз кәсіптерін ашып отыр, бірақ бұл жеткіліксіз. Несие алуға жалақы мөлшері жеткіліксіз немесе кепілге қоятын мүлік сай емес.
Қансу кенорнын игеру туралы әңгіме басталғаннан, оған жақын орналасқан Сенек, Аққұдық елді мекендерінің тұрғындары алақандарын уқалап отыр. Кенорнын игеруге бастама көтеріп жүрген мекеме өкілдерімен өткен қоғамдық тыңдауларда халых өкілдері газ кенорнының ашылуын қолдап шықты. Ол түсінікті де. Себебі, қоғамдық тыңдауды ұйымдастырушылар мәселені бір бағытта ғана түсіндіреді. Әлеуметтік саланың ақсап тұрған тұстарын жөндеуге, жастарға жұмыс тауып беруге уәде (уәде ғана!) береді. Мәселенің екінші жағы, табиғатқа келетін зиян мен денсаулыққа әсер ететін жағымсыз әсерлер туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Айтылған жоқ. Өндіріс жүргізілетін аумақтың қоршаған ортасына әсері және оның мөлшерін азайту жөніндегі құжатта келтірілген цифрларды көрсетумен шектеліп келеді.
Кенорны ашылып, игеру басталған жағдайдың өзінде жергілікті тұрғындарды тек қана күзет жұмыстары мен аспаз, кір жуу және т.б. техникалық жұмыстардан басқаға алатынына кепілдік жоқ. Себебі, бұрғылау және айдау тәрізді кәсібилікті талап ететін жұмыстарға кеше оқытып алған жастар жарамсыз болатыны айдан анық. Шетелдік компаниялар дайын мамандармен жедел табыс табу үшін ғана жұмыс істейтіні белгілі.
Сонымен Қансу туралы қысқарта айтсақ, мәселенің екі жағын тең ұстап айтқан жақсы. Кенорнының экономикалық табыс әкелетіні, аумақтың инфрақұрылымдық мәселелерінің шешімін табу мүмкіндігі жоғары болатындығы, жұмыссыздық саны азайып, тұрғындардың материалдық әл-ауқатының көтерілетіні рас. Дейтұрғанмен, екінші және ең өзекті мәселе – табиғат туралы, сақтау, қорғау және болашаққа жеткізу жөнінде не істедік, не істейміз деген сұрақтарға жауап беру. Газ кенорнын ашпай-ақ, табиғатты, денсаулықты бүлдірмей-ақ табыс табуға, экономиканы көтеруге және әлеуметтік мәселелерді шешуге бола ма? Осы тұрғыдан әңгіме қозғап, қоғамдық тыңдау жасап көрсек қайтеді?
Менің ұсынысым: бұрында айтып жүрмін, аумақта экологиялық туризм саласын дамытуды қолға алу керек. Туристерді шақыруға болатын нысандар жетерлік, аздаған қолдау мен көмек қана керек. Республика бойынша туризм мамандарын даярлайтын оқу орны тек біздің облыста ғана бар. Қазір Өңірлік Туристік Ассосиация құрылды, яғни, заңдық база дайын, енді нақты іс бастау ғана қалып тұр.
Бізде экологиялық туризмнің төмендегідей салаларын дамытуға мүмкіндік бар:
Жастарды масылдық психологиядан арылтып, жеке еңбегімен табыс табуға тәрбиелеуіміз қажет. Жергілікті халық арасына кенорнын игерушілер өкілдері жиі барып, кездесулер мен сұхбаттар жүргізіп жүр. Осы шаруаны облыстық туризм басқармасы да қолға алса. Жергілікті тұрғындар туризм туралы, одан түсетін табыстар мен пайда туралы ештеңе білмейді деп айтуға болады. Бұл біздің басты кемшілігіміз. Сөзден іске көшетін уақыт болды.
Меңдібай АҒИЕВ, Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары