Қазақ баспасөзінде өндіріс жайын өндірте жазатын журналист саусақпен санарлық. Кәрі түбек қойнауындағы «қара алтын» қазынасы, МАЭК, теңіз порты, АЭА, өндірістік кәсіпорындар мен компаниялар, бизнес-құрылымдар жайлы көсіле қалам тербеген қарымды журналист Әбдіғалым Сәркенов есімін аймақтағы әріптестері жақсы біледі. Мұнай-газ саласындағы серпінді жобалар, мұнайлы өңір бойында іске асқан ілкімді істер турасында ауқымды материалдары оқырман тарапынан әркез жоғары бағаланатын. Өндіріс қазанында бұрқ-сарқ қайнаған еңбеккерлер өмірін әспеттеп, қарышты қадаммен алға адымдаған экономика үдерісін әсерлі жеткізе білетін білікті журналист адал еңбегімен абырой иеленген өлке баспасөзінің қара нарларының бірі.
Әбдіғалым аға қазақ зиялыларының қара шаңырағы саналған Қазақ ұлттық университетінде журналистік тәлім алған. Бес жыл ғұмырын әр өңірдің беткеұстарлары бас қосқан, қазақ баспасөзінің «сүт бетіндегі қаймақтары» шоғырланған өнегелі ортада өткерген. Ойға түйгені, көңілге тоқығаны өз кәсібін жетік меңгеруіне, кейін ұжымға сыйлы, іске епті, дарынды, шебер журналист болып қалыптасуына негіз болады. Ол көптеген дарынды курстастарымен, билік тізгінін ұстаған Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды азаматтармен мақтанады. Әбдіғалым ағаның студенттік жылдары езуге күлкі үйірілтер естеліктерге толы. Маңғыстау ауданынан түлеп ұшқан жерлес досы, танымал ақын Ғалым Әріп пен Әбдіғалым аға бір үзім нанды бөлісіп, талай қызық күндерді бастан бірге өткерген.
«Әбдіғалым пейілі кең, жаны жайсаң, жағасы жайлау мәрт мінез иесі. ҚазҰУ-де біздің өңірден үш студент оқыды. Жалын атқан жастық дәуреннен естелік - «Алматы ғазалдары» атты лирикалық кітабымда Әбдіғалым туралы бір үзік сыр ақтардым»,-дейді Ғ.Әріп.
Бес жыл бірге оқыған курстасым, Маңғыстау ауданынан – ауылдасым, Іштартып, бүйрегіміз бұратұғын, Ләззәт, Әбдіғалым - бауырласым. Жас күнде қандай керім ойнап-күлген, Жарасар жаз күніндей жайнап жүрген. Қыздарға қырындарда Әбдіғалым Су жаңа көйлегімді ұрлап киген.. Әзіл-қалжыңы аралас өлең үзіндісінен риясыз, жастың дәуреннің майда лебі есіп тұрғандай. Ескі достар бертін келе өңірдің маңдайалды басылымында талай жыл қызметтес болып келеді.Әбдіғалым аға баспасөз саласындағы еңбек жолын 1982 жылы бастайды. Кәрі түбек тарихы тұнған байырғы басылым, тәуелсіз елмен бір түлеген жаңалық жаршысы -бүгінгі «Маңғыстау» ол жылдары «Коммунистік жол» атауымен басылып шығатын. Әбдіғалым аға алғашқыда мәдениет бөліміне бағытталды. Ол өңір мәдениеті жайында ақпарат жинақтап, хабар-ошар жазатын. Әрине, Кеңестік дәуірде басылым құрылымы өзгерек болды. Мәселен, әр саланың басын бір шалатын әмбебап журналистер атымен жоқ-тын. Нақты бір сала тереңіне бойлап, қыр-сырына қанығу, жан-жақты зерттеу, байыпты сараптау сол кездегі журналист қызметіне тән еді. Әр бөлімде екі не үш журналист қызмет ететін. Содан болар «Коммунистік жол» газетінің өзінде сол жылдары отыздың үстінде тілшілер еңбек етті.
«Біз табақтай-табақтай мақалаларды «Ятрань» жазу мәшінкесімен жазатынбыз. Компьютер мүмкіндіктерінен бейхабар заман. Жұмасына бес күн басылым жарық көрді. Газетке деген халықтың сұранысы жоғары. Журналистерге деген құрмет зор. Күн сайын қызу еңбек, жан-жақты ізденіс, үздіксіз ақпарат ағыны, толассыз жаңалықтар легі. Біз осы қарбаластың ортасында, ел кезіп, іссапарда жүрдік. Күндіз-түні мақала жазған кездерім болды. Ақпарат алу, дерек жинақтау, мақала жазу, қателерді түзету, газет бетіне басып шығаруға дейінгі үрдіс журналист қатысуымен жүзеге асатын. Бүгінгідей электронды ақпарат құралдары, электронды пошта қызметі, заман талабына сай типографиялық құрылғылар мүлдем жоқ. Жұмыс қолдың күшімен атқарылады. Баспаханаға барып, қолымыз май-май болып әріп теретінбіз. Таң қылаң бере үйге жөнелетінбіз»,-деп еске алады Әбдіғалым аға.
Маңғыстау облысы 1988 жылы таратылады. Әрине, тұтастай облыс өмір сүруін тоқтатысымен, «Коммунистік жол» газеті де жабылып, редакция құрамы ыдырайды. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, журналистер жан-жақта өзді-өзімен күн көріс қамымен жүреді. Сол жылдары Әбдіғалым аға Маңғыстау аудандық «Білім» қоғамында жауапты хатшы қызметіне кіріседі. Ғалымдар, аға оқытушылар мен профессорлардың қатысуымен өтетін басқосулар мен жиналыстарды ұйымдастыру –үйлестіру жұмысын атқарды. Екі жыл өтер-өтпес, яғни 1990 жылы қазақ басылымының тағдырына бей-жай қарамай, оны қалпына келтіру жолында жан аямай қызмет қылған Мейрамбай Қибасов, Ғалым Әріп сынды азаматтар арқасында газет қайта құрылады. Бас редактор болып танымал журналист Сәуірбай Есімов тағайындалады. Әбдіғалым аға журналист ретінде қызметін қайта бастайды.
Бұдан соң да Әбдіғалым Сәркенов мемлекеттік қызмет, мұнай-газ өндірісі саласында түрлі лауазымдарды атқарды.
«Тоқырау жылдары тұрмыс қиындығын көп көрдік. Халықедәуір ауыртпалықтарды бастан кешті. Азық-түлік тапшы. Бір жылдары Мырзағали Іңірбаев ағамыздың шақыртуымен «МұнайИнформ» газетін басқардым. Айлығым 13 мың теңге. Басылым бетін үйлестіру, екі тілде мақала жазу, корректорлық қызметті қоса атқару, газетті басып шығару сынды тұтастай бір ұжым жұмысын жалғыз өзім атқардым. Әрине, жалғыз адамға қиынға соғады. Бұдан соң мемлекеттік қызметте болдым. Азаматтық партияның өңірлік филиалында қызмет еттім»,-дейді күлімсірей еске алып.
Десек те, Әбдіғалым аға журналистік қызметтен алыстамайды. 2005 жылы газет ұжымына оралып, тәжірибелі маман, кәсіби білікті журналист ретінде жемісті еңбек етеді. Өнеркәсіп бөлімі тізгінін ұстап, көл-көсір мақалаларды жарыққа шағарады. Өндіріс саласындағы ілкімді істер мен батыл бастамалар, өнімі мол, қуаты зор зауыттар мен қадамы қарышты кәсіпорындар қызметі жайлы татымды дүниелер тудырады. Елеулі еңбегі, табанды талпынысы, журналистік шынайы шеберлігі үшін сан түрлі марапатқа ие болады. Мәселен, 2005-2015 жылдар аралығында төрт мәрте ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталады. Сонымен қоса, 2009 жылы «Жыл журналисі» деп танылып, ENRC корпорациясы мен «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің «Алтын қалам» конкурсында жоғары кәсіби шеберлігі үшін Дипломын екі мәрте иемденеді. Әбдіғалым ағаның өндіріс тақырыбындағы мақаласы «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «KazEnergy» қауымдастығы ұйымдастыруымен өткен «Қалам қуаты» конкурсындда үздік деп танылып, арнайы жүлдеге ие болды. Облыс әкімінің және «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының бірнеше мәрте «Алғыс хат» иегері, «Маңғыстау облысына – 40 жыл», «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Қазақстан прокуратурасына – 25 жыл» медальдарымен марапатталған.
Әбдіғалым Сәркенов газетті өрге сүйреген, өрісін кеңейтуіне табанды іс атқарған азамат деп білеміз. Басылым беделін биіктетіп, таралымын өсіруде тыным таппаған, оқырманды татымды, танымдық дүниелермен баураған ол өз ұжымында сыйлы. Қашан көрсеңде жылы жүзді, езуінен күлкі кетпейтін, мейірбан ағаның замандас, құрбы-құрдастарымен әңгіме-дүкен құрған, көңіл көтерген кездеріне өзім сан мәрте куә болғанмын. Ардагер журналист, корректор апа-ағалармен тату-тәтті, жарасымды сыйластық күні бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Жастарға бағыт-бағдар нұсқауда, ақыл-кеңесін айтуда алдына жан салмайтын, білікті журналист Еркеш Нәрембайқызы Әбдіғалым Сәркенов туралы өз ойын білдірді.
«Әбдіғалым екеуміз 2005 жылы "Маңғыстау" газетіне бірге келдік. Ол газетте бұрын да істеп кеткен екен. Мен облыстық радиодан келдім. Құрдас əрі əріптес болған соң ба, екеуміз бірден тіл табыстық. Арамызда əдемі достық орнады. Тәжірибелі журналист болсақ та, бір-бірімізден үйренетініміз көп екен. Əбдіғалым қай мақаланы жазса да асқан жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен жазатын. Жалғыз өзі күрделі де қиын салалар - өндірісті, экономиканы жазды. Бір ерекшелігі ол мақалаларын үйден жазып əкелетін. Менің "Осында неге жазбайсың. Үйде жазуым керек деп уайымдағанша, алаңсыз демалмайсың ба" дегеніме "Үйде ешкім кедергі келтірмейді, кабинетте біреу кіріп, біреу шығып, ойымды бұзады" дейтін. Осы еңбекқорлығының арқасында республикалық, облыстық байқауларда талай рет жеңімпаз атанды. Елбасының, облыс əкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ең бастысы достыққа адал, адамгершілігі жоғары».
«Кеңес кезінде дүниеде үш ауыр мамандық бар дейтін еді. Ұшқыш, аспаз және журналист. Журналистика кез келген жанның қолынан келе бермейтін кәсіп. Ішкі жан-дүниеңе, ой-санаңа ауыр салмақ түседі. Көп оқуды, көп жазуды талап етеді. Үздіксіз ойланып-толғанып отырасың. Нәзік жандыларға тіптен ауыр. Бірақ өз ісін сүйетін жан кез келген кедергені еңсеріп, табысқа кенеледі»,-дейді майталман маман.
Арда азамат, өз ісінің үздігі, білікті журналист, қарымды қаламгер Әбдіғалым Сәркенов жер-дүние бусанып, нұр-шуағын сепкен наурыз айының алтысында алпыс жастың асқарына аттағалы отыр. Қазіргі таңда «Маңғыстау-Медиа» ұжымында ақпарат және дизайн орталығына жетекшілік етеді. Киелі өңірдің еңбеккерлері мен өндірістегі өзекті мәселелерді жазып, шынайы баяндайтын, баспассөз саласына пәленбай жылын арнап, ыстық-суығына көнген, от-көрігінде пісіп-шыңдалған азамат, біз үлгі тұтатын қаламы қуатты журналистке бар жақсылықты тілейміз. Жұбайыңызбен бірге балалар мен немерелердің қуанышына кенеле беріңіз. Деніңіз сау, отбасыңызға аман болсын.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ