Несіпхан Садированы Мұнайлы ауданының тұрғындары «Газель» көлігімен құйғытып бара жатқанда көреді. Әйел затының жеңіл көлікті ерттеп мініп жүргенін көрген көпшілік, жүк көлігін ұршықтай иірген жанға таңдана, әрі құрметпен қарайды. Несіпханның жасы 66-ға келсе де өз кәсібін осы көлікпен өрге сүйреп, домалатып отыр. Халықтың жүгін тасып, керек кезінде қастарынан табылады.
Болмысынан ерекше өскен Несіпхан еңбек жолын Ақкетік қаласындағы су ремонттау зауытында өңдеуші жұмысынан бастайды. Құдай қосқан қосағы Жаңаөзен қаласынан болған соң, сондағы автокөлік мекемесінде металь өңдеуші қызметіне орналасады. Осы мекемеде жұмыс жасап жүріп, қосымша көлік жүргізуші мамандығын да оқып алады.
«Жұмыс жасаған жерлерімде өңкей көлік темірлерін өңдейтін едік. Сол кездері көлік жүргізуге құмартып, машина рөліне отыруды армандадым. Құр қиялмен іс бітпейтінін білген соң, ерлермен жағаласа жүріп, жүргізуші куәлігіне қол жеткіздім. Алғаш рет «ГАЗ-51» маркалы астаулы машинаның рөліне отырдым. Содан кейін пошта машинасын, жиһаз таситын машиналарды айдадым. Ең көп жүргізген көлігім нан таситын көлік еді, 20 жылдай осы көлікпен жүрдім.
1997 жылы көптеген мекемелер тарап жатты. Мен жұмыс жасап жүрген мекеме жүргізіп жүрген көлігімді жекеге берді. Бұдан артық қуаныш бар ма?! Осы көліктің арқасында халықтың қажетіне жарап, жеке кәсіппен шұғылданып келемін»,- дейді Несіпхана апа.
Осыдан 10 жыл бұрын Мұнайлы ауданына қоныс аударған ер мінезді әжей 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, 6 немере сүйіп отыр. Бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға ұшырған берекелі отбасы. Сырт келбеті қатал көрінгенмен Несіпхан апаның жан-дүниесі шуағын шашып тұр
Гүлнара Тасболатова