©
Өткен жұмада Елбасы Жолдауын түсіндіру бойынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова Маңғыстау облысына іс-сапармен келді. Жоғары лауазымды қонаққа іссапар барысында жолбасшылық жасауға облыс әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева, жергілікті мәдениет және спорт басқармасы басшылары Бекбол Базарбаев пен Бекболат Байжанов атсалысты.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі 33-шағынаудандағы «Маңғыстау арена» спорт кешені және «Батыр» жекеменшік спорт кешенінің қызметкерлерімен кездесіп, жолдау бойынша еркін сұхбат құрып, сұрақтарға жауап берді.
Одан соң Астаналық қонақ Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры қызметкерлерімен кездесіп, Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесі бойынша сахналанған қойлымды тамашалады.
Маңғыстау ауданынының орталығы Шетпеде ауданның зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Рима Бердиева басқаратын мемориалдық музеймен музей қызметкерлерімен кездесу барысында тарихи маңызы бар орталықпен жете танысты.
Өлкеміздегі ұлттық маңызы бар орынға айналған «Отпан» облыстық тарихи-мәдени кешені де сапар бағдарламасынан тыс қалған жоқ. Кешенмен танысу барысында Ақтоты Райымқұлова қызметкерлерімен кездесуге де уақыт тапты.
Алыстан келген лауазым иесінің облыстық тарихи-өлкетану музейіне бас сұқпай кетуі сирек. Қызметтік лауазымы бойынша тікелей осы саланы бақылайтын вице-министр Ақтоты Райымқұлованың бұл заңдылықтан аттап өте алмасы анық еді. Сондықтан ол өлке жәдігерлерімен танысып, Тамара Жұмалиева басқаратын ұжыммен бірге қонақжай дастархан басында сұхбат құрды.
362 әулиелі мекенге келіп тұрып, Шопан ата, Бекет ата республикалық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштеріне тәуап етпейтін жан жоқтың қасы.
-Қазақтың қызы, қазақтың келіні ретінде қасиетті жерге басымды ием!-деп Маңғыстау топырағын тебірене басқан Ақтоты Райымқұлованың осы сапарға шығарда киелі қауымға арнайы жол тартатыны белгілі болған. Облыс, басқарма басшыларының жолбастауымен Шопан ата, Оғландыдағы Бекет ата басына барып, зиярат етті.
Үміт ЖӘЛЕКЕ