©
Әлеуметтік желілерден немесе телеарналардан кей журналистердің сот процесі өтіп жатқан залдарға кіре алмағаны немесе жұмыс істеуіне қажетті техникаларсыз кіргізгені туралы ақпараттар тарап жататыны бар. Ондайды сот процесінің жариялауға болмайтын құпиялылығына балаймыз да қоямыз. Алайда, мұндай әрекеттердің заңда қаралғанына назар аудара бермейтініміз жасырын емес.
Аталмыш мәселелерді журналистерге кеңінен түсіндіру мақсатында Маңғыстау облыстық сотында «Техникалық құралдарды сот залдарында қолдану тәртіптері» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарды кіріспе сөзбен ашқан облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Е.Қарабаев БАҚ өкілдерінің сот залдарында техникалық құралдарды қолдану тәртібін білуі аса маңызды екендігін атап өтті.
Облыстық соттың БАҚ-пен байланысын үйлестіруші судьясы Айжан Молбаева қазіргі таңда ақпараттық ашықтық пен айқындық еліміздің сот жүйесі қызметінің басым бағыттарының бірі болғандықтан, сот билігі мен халық арасында БАҚ-тың дәнекер болуы өте маңызды екендігіне тоқталды. Сондықтан сот ғимараттарында өтетін әрбір шараға немесе процестерге БАҚ өкілдері қатысып, ішкі тәртіпке сәйкес техникалық құралдарын еркін қолдануына мүмкіндіктері бар.
Семинар барысында ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімінің басшысы Бекжігіт Тұрлыбек сот ғимараттарына және оның аумағына келушілерді өткізу, объектішілік режимдерді қамтамасыз ету, сот залдарында техникалық құралдарды пайдалану тақырыбында баяндама жасады. Ол баршаға заң ортақ болғандықтан, заң талаптарын орындау—ортақ міндетіміз екендігін атап айтты.
Сот отырыстарында дыбыс-бейне жазба құралдарын қолдану қатысушылардың пікірі ескеріле отырып, төрағалық етушінің келісімімен жүргізіледі. Егер тараптар келіссе және БАҚ өкілдері қызметтік куәліктерін көрсеткен жағдайда сот залдарына техникалық құралдармен жіберіледі. Семинарға қатысқан БАҚ өкілдері мен «Күзет» басқармасының қызметкерлеріне сот ғимараттарында және оның аумағында техникалық құралдарды қолдану тәртіптері заң аясында түсіндірілді. Сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдарының сөз бостандығы және сот ісін жүргізудің жариялылығы» туралы нұсқаулық таратылды.
Басқосу соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА