Еңбек ардагері, ауылшаруашылығы саласының қызметкері, Ұштаған ауылының тұрғыны Асқар Өтепбергеновтің есімін Ұштаған орта мектебіне беру туралы «Маңғыстау», «Жаңа өмір» газеттерінде «Өнегелі өмір», «Тұғыры биік тұлға еді» тақырыптарымен мақалалар жарық көрген болатын. Қоғамдық пікір қалыптасып, ауыл ақсақалдары, мектеп ұжымы, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, жергілікті және облыстық әкімдік қолдап, өңірлік, республикалық ономастикалық комиссияда қаралды. Міне, көп тілегі көл болып, ердің есімі ел есінде қалатын болды. 2016 жылы 20 желтоқсандағы Қазақсан Республикасының Үкіметінің қаулысымен Ұштаған орта мектебіне Асқар Өтепбергеновтің есімі берілді. Өнегелі өмірді кейінгі ұрпаққа үлгі етуге атсалысқан барлық азаматтарға Асекеңнің ұрпақтары атынан алғыс айта отырып, оның өмір жолын оқырман қауымға таныстыруды жөн көрдім. Асқар Өтепбергенов1914 жылы Онды ауылдық кеңесіне қарасты Басқұдық жерінде кедей отбасында дүниеге келген. Әкесі Өтепберген 1921 жылы қайтыс болғаннан кейін 1926 жылға дейін ағасы Қашқынбайдың тәрбиесінде болды. Сол ауылдағы нағашысы Сүгірәлі Асқар ахуннан екі жылдық дәріс алып, 1932 жылы Онды ауылдық кеңесіндегі төрт жылдық мектепті бітіреді.
Асекең 1932 жылдан 1933 жылға дейін колхозшы, бас есепші, ауылдық кеңес төрағасы, КСРО дайындау министрлігінің агенті, ал 1942–1953 жылдары Ұштағандағы «Жаңақорған» колхозының басқармасы, кейінгі жылдары осы колхоздың ферма меңгерушісі, қойма меңгерушісі болып алуан түрлі қызметтер атқарған.
Асекең «Жаңақорған» колхозына келгенде 600 қой, 118 жылқы, 25 сиыр, 82 түйе болса, 1953 жылы колхозды тапсырғанда 17 мың бас қой, 1235 жылқы, 760 түйе, 147 бас сиыр, бір автокөлік болған. Соғыс жылдарында Асекең басқарған колхозшылар «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен жанқиярлықпен еңбек етті. Отан қорғап, қан кешіп жүрген жауынгерлерге жаңақорғандықтар 86 тон, 310 тері қолғап, 224 жүн шұлық, 2 тонна сары май, 3,5 тонна ірімшік-құрт, 25 жылқы, 125 қой жөнелткен.Сондай-ақ 80 мың сом ақшаның қазақстандық танк дивизиясына жаңа танк жасау үшін майдан қорына аударылуы Асекеңнің еңбегінің жемісі екені сөзсіз.
«Асекең таңертең ерте тұрып барлық үйдің түтінін қарап шығып, түтіні шықпаған үйге барып жағдайын біліп, қамқорлық жасап, ас-суы таусылғандарына азық-түлік жетістіріп, талай адамдарды аштан өлтірмей, ел қатарына қосып, олардан талай ұрпақ тарауына себепкер болды. Біз сияқты шикі өкпелерді де еңбекке баулып, тынымсыз тірлігімен ел қамын жеген Асекеңдер нағыз әулие ғой. Ол кісіге қандай құрмет жасаса да артық болмас»,- деп еске алады бұл күнде сексенді алқымдаған Бостан ауылының тұрғыны Жолдыбай ақсақал. Асекең шаруашылықты ойлап қана қойған жоқ. Сонымен бірге колхозшылардың денсаулығы мен білім алуына да аянбай еңбек ете білді. Ол кезде ай сайын колхоз басқармасында ауылшаруашылық, денсаулық, оқу- тәрбие жайы қаралып, алынатын шаралар ауылдық кеңесте бекітілетін. Алғашқы дәрігерлік қызметтер 1939 жылдан бастау алды. Оқыған жергілікті дәрігер жоқ. Ауданға жолдамамен келген орыс дәрігерлерін колхозға алдырып, оларға жағдай жасап, халыққа қызмет көрсетуге тәрбиелеу Асекеңнің өз алдына бір жұмысы болды. Орыс тілі сабағы мектепте өте қатаң тәртіппен жүргізілетін, тіпті ол сабақта қазақша сөйлеуге тыйым салынатын. Сол шалалау орысшамен де орыс дәрігерлермен тіл табыстық. 1939 жылдан 1950 жылға дейін дәрігерлік қызметте З.С.Мальцева, З.К.Веретова, Е.А.Любовина, Т.С.Рыбкова болғанын қазіргілер білмейтін де шығар, бәлкім.
–1950 жылы Ашхабад фельдшерлік мектебінің түлегі Қойсары Сарғожаев дәрігер болды. Ол кісінің емсектігін ауыл адамдары мақтап отыратын. 1952 жылы әр колхоз бойынша бір қыздан арнаулы жолдамамен Гурьевтегі дәрігерлік мектепке оқуға жіберілетін. Мен сол мектепті 1954 жылы бітіріп келдім. Елдің жағдайы өте нашар еді. Құдайдың көмегі болар, бұл жылдары шешек, қызылша сияқты індетті ауру түрлері болған жоқ. Біраз баланы алып кеткен қалың қызылша 1949-50 жылдары болды, – деп еске алады Гиппократтың антына адал, талай адамдарды шипалы қолымен емдеп жазған алғашқы ауыл дәрігері Қарылхан Нұрлыбаева.
Халықтың сауатын ашпайынша жетістіктерге жету мүмкін еместігін түсінген Кеңес үкіметі колхоз орталықтарынан 2 және 4 жылдық мектептер ашқызып, елді өздерінің саясаты бойынша сауаттандыра бастады. Мектептер 1928 – 1939 жылдары латын, 1940 жылдан бастап орыс (кирилица) жазуына көшірілді. Жаңақорған, Қызылқорған орталықтарында 1932 жылы бастауыш метептер салынып, онда балалар мен ересектер оқыды. 30-шы жылдардың аяғында колхозшылар кірпіш құйып, Кетіктен бөрене әкеліп, оны қол арамен тіліп, тақтай жасап, қамыспен жауып 7 жылдық мектеп салып, осы мектепке 1937–1938 жылдары Ысқақ Шәкіратұлы директор болды.
«Екі колхоздың арасы– 10 шақырым. Біздер (25-30 оқушы) Бақберген, Тұрлыбек, Нұрхан, Бекназар, Қобылан, Нұрберген, Әуез, Бақтылы, Айболдық, Ермек т.б.Жаңақорғаннан бастауыш мектепті бітіріп, Қызылқорғанға 7 жылдық мектепке қатынап оқуға тура келді. Күздің қара суығында, қыстың боранында ашқұрсақ балаларға 10 шақырым жерден мектепке қатынау қиын болды. Сабақтан кешікпеу үшін түн ортасында тұрып, жолға шығамыз. Біздің аянышты жағдайымызды көрген Асекең ағаштан арба жасатып, қыста арбамен тасытты, көктемде бір-бір тай, күзде 2-3 балаға бір құнаншадан беріп, бұл қиындықтың да амалын таба білді. Үкіметтің халықты жаппай сауаттандыру қаулысын басшылыққа ала отырып, Асекең мен Исекең (Исамадин Аязбаев– кеңес төрағасы) Жаңақорған орталығы Ақтөбедегі бастауыш мектепті 7 жылдық білім жүйесіне көшіруге ауданның келісімін алып, оның қабырғасына қолдан соққан кірпіштен өріп, бұрыштарына Қосқаттың тасын түйемен тасып, кестіріп, қалап, 1949 жылы бітірді. Шебері – Мағзам Қоқанов болатын. Осы мектепте 1949-1950 жылы Дила Саймағанбетов, 1950-1953 жылдары Бекқожа Еділханов мектеп директоры болып жұмыс жасап, 1952 жылы Ұштағандағы 7 жылдық мектеп 10 жылдық болған соң, Ұштағанда жұмыстарын жалғастырған. Ол мектеп ақ таспен бұрышталып, Сонабайдың ақ борымен әктелгендіктен «Ақ школ» атанып, сол қоныс күні бүгінге дейін сол атымен аталады.
Халықтың ауыр тұрмысы білім алуға да кері әсерін тигізді. Ағыс Бержанов, Масатбай Ақшаев, Бөкес Қасмағанбетов, Шопан Діңгілбаевтің жағдайлары болмағандықтан оқи алмады. Асекең жағдай жасап, қайта оқуға тартып, Ағыс пен Шопанды Гурьевтегі ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіріп, бітірген соң колхозға алдырды. «Болашақта біліммен ғана нан тауып жейсіңдер, сондықтан қиындыққа мойымай жақсы оқыңдар. Біздер, партия сендерге қамқоршымыз деп, ақыл-кеңес беріп отыратын еді. Қайран, Асекең сонда біздердің болашағымызды ойлап жүр екен-ау»,-деп қимастықпен еске түсірді сол кездің оқушылары Нұрлыбек Қашқынбаев, Бекназар Дарханбаев ақсақалдар.
Заманның ең бір қиын шағында ауылшауыршылығында және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы Асекеңнің ерен еңбегін әділ бағалаған Кеңес үкіметі 1944 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1945 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, КСРО Жоғары Кеңесінің Грамотасымен, 1946-1949 жылдары 5 жылдық жұмыс көрсеткіштері үшін, мемлекеттік жоспар мен міндеттемелер асыра орындалғаны үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин» орденімен және көптеген медальдармен марапаттады.
1947–1953 жылдары ауылдық, 1951–1953 жылдары аудандық Совет депутаты, 1949– 1957 жылдары Қазақстан Республикасы аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланып, өмірінің соңғы уақытына дейін мектептегі ата-аналар комитетінің төрағасы болып, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде аянбай еңбек етті. Тарихи шежірелерді, ұлы адамдардың өмірін, Адай елінің тарихын таң атқанша айтудан жалықпаған, халқына, еліне адал қызметімен, шебер ұйымдастырушылығымен абыройлы болған Асекең 1991 жылы дүниеден озды.
Жұбайы Ибашпен бірге 10 бала тәрбиелеген. Зайыбы соғыс жылдарында және соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңіндегі еткен еңбегі үшін бірнеше медальмен марапатталған. Әлі де ширақ, сергек, шежірешіл, 22 немере, 10 немелтай қызықтап отырған «Батыр ана». Балаларының барлығы жоғары білімді мамандар, бүгінде халық шаруашылығының әртүрлі салаларында абыройлы еңбек етіп жүр.
Наурыз ӨТЕПБАЕВ, ҚР оқу ісінің үздігі, жоғары санатты мұғалім.