Бүгін облыс орталығында бокстан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының Чемпионаты жалауын желбіретті. Байрақты бәсекеде еліміздің әр өңірінен келген 2001-2002 жылы туған 162 былғары қолғап шеберлері бас қосты. 1 шағынаудандағы теннис орталығында өтіп жатқан жарыстың салтанатты ашылуына облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов арнайы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
-Спорттың қай түрі болмасын Маңғыстауда қарқынмен дамып келеді. Осыған байланысты аймағымызда да жаңадан спорт нысандары бой көтеріп, пайдалануға берілуде. Шоқыр Бөлтекұлы атамыз да Маңғыстаудан шығып, қазақ боксының негізін қалады, әуесқой боксты үйретудi алғашқы болып қолға алған ұстаз ретінде тарихта қалды. Оның бүгінгі ізбасарлары да үлкен додаларда ел намысын абыроймен қорғап, әнұранымымызды асқақтатып жүр. Бүгінгі жасөспірімдер Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен Берік Әбдірахмановтан үлгі алады. Қос спортшының жеңісті жолдары Сіздерге де жұғысты болсын дегім келеді. Облысымызда спорттың қай түрін болмасын дамытуға үлес қосып жүрген барлық бапкерлер қауымына алғыс айтқым келеді. Жарыста тек «мықтылар» топ жарып, үміттер ақталсын,-деді облыстық мәслихаттың хатшысы Бекмұрат Жүсіпов.
Дүбірлі додаға қатысушылар 14 салмақ бойынша бақтарын сынайды. Шаршы алаңда өңірдің былғары қолғап шеберлері Абылай Қалимов, Нұрбек Орысбай, Жандос Қошмұхан, Ішберген Алдияр, Қыдырәлі Мұрат, Нұрдәулет Бақытжан, Рыскелді Сұлтанов, Жасұлан Бекболұлы, Арман Келеманов, Нұрас Жеңіс, Оразбек Нөкер, Азамат Амангелдиев, Азамат Набатов, Абзал Күлжан жұдырықтасады.
-Аймақтың намысын 14 спортшымыз қорғайды. Барлығы енді-енді шығып келе жатқан спортшылар. Оларды жарысқа Маңғыстау облысының аға бапкері Ғалым Бекқұлов дайындады. Соңғы кездері 48 келі салмақта Нұрбек Орысбай, 50 келі салмақта Ішберген Алдияр, 60 келіде Рыскелді Сұлтанов, 66 келі салмақта Арман Келеманов жақсы өнер көрсетіп жүргендіктен осы спортшыларымызға үлкен үміт артамыз. Бүгін 26 жұп өнер көрсетеді. Жалпы жарыста топ жарған үздіктерден Қазақстан жасөспірімдер құрама командасы жасақталатын болады,-деген Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» басшысы Ердос Жаңабергенов жеңімпаз атанғандар биылғы жылы өтетін Әлем чемпионаты мен халықаралық турнирлерге жолдама алатынын атап өтті.
Шаршы алаңның шаңын қаққан боксшылардың тартысын маңғыстаулықтар 23-28 қаңтар аралығында теннис орталығынан тамашалап, жерлестеріне жанкүйер бола алады. Кіру тегін.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН