Күні кеше ақ халатын киіп, дәрігерлік кәсіпке кіріскен жас мамандар үшін Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан алғаш рет «Жас мамандар кеңесі» құрылуда. Кеңес алдағы айдан бастап тың идеялармен жұмысын бастайды. Басты мақсат-жас дәрігерлердің өз кәсібіне деген қызығушылығын арттырып, медициналық әлеуметтік мәселелерге жастар көзімен қарау. Қордаланған сұрақтарға шешім таба отырып, күнделікті қызметте жүзеге асыру. Аға буын дәрігерлермен тәжірибе алмасып, жастар белсенділігін арттыру.
- Денсаулық сақтау саласындағы «Жас мамандар кеңесі» алдағы айдан бастап жұмысын бастайды. Жыл сайын өңірлік медицинаға жан-жақтан жас мамандар легі ағылуда. Мәселен, 2016 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының кадрлық құрамын 60 жас маман толықтырды. Оның 31-і Ақтау қаласында, 29-ы ауыл-аймақта өз қызметін бастады. Денсаулық сақтау басқармасы осы күнге дейін жас мамандарды елеусіз қалдырған жоқ. Жыл сайын жаңадан келген мамандарды салтанатты түрде қабылдап, мерекелік шаралар өткізіп келеді. Сонымен қотар, облыс көлеміндегі дәрігер-жастар арасында «Данышпан-2016» зияткерлік ойыны тұрақты ұйымдастырылып, Жаңаөзен қаласының құрамасы бас жүлдені иеленді. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Бауыржан Әнуарбек.
Жаңа кеңес алдағы уақытта түрлі бағыттағы кездесулер мен зияткерлік сайыстар, дөңгелек үстелдер мен қайырымдылық іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Әзірге, кеңес құрамына 60-тан астам жас маман біріктірілген.
Венера МИРЛАН