Мешін жылы межесі биік мерейлі белеске өрлеп, толайым табыстарға кенелдік. Жасампаз істер – парасат пен пайымы мол, табанды іс пен тыңғылықты мінез иелерінің мәуелі жемісі . Егемен елдің өрлеуі мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, азат елдің аяғына нық тұруына атсалсықан атпал азаматтар әркез мадаққа ие. Себебі, сан салаға соны серпін, тың тыныс әкелген, зор қажыр-қайрат, ерекше ерік-жігер танытқан еңбекқор жандар жетерлік. Білікті де білгір, бәсекеге қабілетті маман Исатай Сәрсенов солардың бірі.
Исатай Сәрсенов 1957 жылы арайлы Ақкетіктегі Аташ ауылында дүние есігін ашқан екен. Жұмыс бабына орай отбасы 1963 жылы Құрыққа қоныс аударып, орта білім ордасын сол жерде тәмамдайды. Алғыр әрі ақылды, зерек де зерделі бозбала 1975 жылы Целиноград инженерлік құрылыс институтына оқуға түседі. Бұл институт заманында республиканың белді оқу ордасы атанған. Бүгінде Л..Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім беру жүйесі заман талабына сай әрі ғылыми-зерттеу институттарымен, әлеуметтік және мәдени бағыттағы нысандарымен толыққан. Исатай аға институт қабырғасында жүріп «автокөлік және автокөлік шаруашылығы» біліктілігі бойынша білім алады. Инженер-механик мамандығын игереді. Жоғары оқу ордасын 1981 жылы тәмамдап, тиісті қызметке жолданады. Алғашқы еңбек жолын Маңғыстау технологиялық көлік басқармасында бастайды. Шебер, аға шебер ретінде көлік жөндеу, көлік қаңқасы мен құрамдас бөліктерін, қосалқы бөлшектерін, кем-кетігін түгендеп, құрал-саймандар мен жабдықтарды дайындаумен айналысады. Еңбеккерлер мен өндіріс жүйесін көлікпен қамтып, тасымалдауды жүзеге асырады. Исатай Сәрсенов 1991 жылы кәсіподақ ұйымының төрағасы лауазымына тағайындалады. Төраға ретінде қызметкерлер құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік және материалдық ахуалын жақсарту, қолайлы жұмыс жағдайын қалыптастыру сынды мәселелер шешімін табады. Еңбеккерлерді сауықтыру мен демалыс орындарына жіберу, спорттық сайыстар мен мерекелік кештерді ұйымдастыруға көңіл бөледі. Кеңес одағы ыдыраған күрделі кезеңде жұмыскерлерді қысқартуға жол бермей, еңбек орындарын сақтап қалуға тырысады.
Ел тәуелсіздігін алған жылдары «Ойл Транспорт корперейшин» ЖШС құрылып, қызмет жүйесі жаңғыртылады. Исатай Сәрсенов жаңа мекемеде зор кәсіби тәжірибе, білім-біліктілігімен ерекшеленеді. Он жылдан аса тұғырынан таймай, қалтқысыз қызмет етеді. Одан беріде мекемеге қарасты сан түрлі бөлімше тізгінін ұстап, жауапты іс атқарады. Мәселен, орталық диспетчер қызметіне бас болып, Қаламқас кен орнына қарасты Бозашы технологиялық көлік басқармасында басшы орынбасары ретінде еңбек етеді. Қазіргі таңда Исатай Сәрсенов «Ойл Транспорт корпорейшин» мекемесі маркетинг тобына жетекші. Нарық заманының талабына сай маркетинг саласы өндіріс дамуы мен қызмет өрісінің кеңею бағытында жұмыс істейді. Ол зор ізденіс, оқу-білімге талабы, өсу мен дамуға ұмтылысы арқасында жаңа кәсіпті жатсынбай, қыр-сырын меңгеруге талпынады. Жоғары ақпараттық технологияны именбей игеріп, жаңа қызметке білек сыбана кіріседі.
«Тапсырыс көлемінің азаюына байланысты біз жұмыскерлерге қосымша қызмет көздерін іздейміз. Өзге өндіріс орталықтары, кен орындары мен компаниялардың тапсырысын алуға ұмтыламыз. Құжаттамалар жасақтау, ресми іс-қағаздар дайындау, келіссөздер жүргізу маркетинг тобының басты міндеті»,-дейді Исатай Сәрсенов.
Көлік саласында отыз жылдан аса жұмыс істеген Исатай аға ұжымдағы жастарға жанашыр. Қызмет сатысына өрлеуіне әркез қолдау танытады. Кәсіби бағыт-бағдар нұсқап, ақыл-кеңесімен бөліседі.
Исатай Сәрсенов үлгілі қызметкер, үздік маман болумен қатар ардақты әке, сыйлы отағасы. Биыл асқаралы алпыстың асуын бағындырғалы отырған ағаның ұл-қыздары жоғары оқу орнын бітірген, жан-жақты білімді, саналы жастар. Ұлдары заңгер, ал қызы жеке кәсіпкер. Әке мен ана ізін жалғап, еліне адал қызмет етіп жүрген жастар болашақтан зор үміт күттіреді. Ал Исатай Досаев сынды өз кәсібіне адал, ісіне берік, адал еңбекпен абыройлы іске бас болған азамат өскелең ұрпаққа өнеге бола болары анық.
Голрох Жеменей Суретті түсірген Талант Құсайын