Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстанда биыл 166 жылдық тарихы бар EXPO-2017 көрмесі өтеді.
Халықаралық көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен баратындар кешегі өткен желтоқсанның 1-нен бастап «Қазпошта» АҚ кез-келген бөлімшесінен билеттер ала алады. Бұл дегеніңіз біздің ауданда орналасқан он бөлімшеден де Сіз ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне баруға билетті табасыз деген сөз.
Нақтырақ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ мен «Қазпошта» АҚ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде өткен жылдың 2 қарашасынан Ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттер сату басталды. 2017 жылдың 10-маусымынан бастап 10-қыркүйекке дейін 93 күн бойы өтетін халықаралық көрмеге билеттерді өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап барлық автоматтандырылған бөлімшелерінен сатып алуға болады. Билеттерді сату көрменің соңғы жұмыс күні – 2017 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылатын болады.
«Біз Қазпоштаның арқасында ең шалғайдағы өңірлердің тұрғындарына да көрмеге билет сатып алу мүмкіндігін ұсына аламыз», – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.
«Қазпошта» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Байрам Азизов: «Біздің осы тектес қызмет ұсынуда тәжірибеміз бар. Қазіргі таңда біздің операторлар т/ж билеттерін, авиабилеттерді және т.б. сату бойынша агенттік қызметтерді ұсыну бағытында жұмыс жасауда», –деп атап өтті.
Пошта бөлімшелерінің операторлары электрондық билеттерді ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттер сату бойынша ресмисайт –tickets.expo2017astana.com арқылы ресімдейтін болады.
Клиенттер күні белгіленген билеттерді жұмыс күндеріне 4000 теңгеге және демалыс күндеріне 6000 теңгеге ала алады. Ал күні белгіленбеген билеттерді жұмыс күніне 6000 теңгеге және демалыс күндеріне 8000 теңгеге ала алады. Билеттерді сату қолма-қол ақшамен де, төлем карточкаларымен де жүзеге асырылады. Бөлімшелердің толық тізімі «Қазпошта» АҚ ресми сайтында: www.post.kz
Билеттерді сатып алынған орны бойынша қайтару қарастырылған. Күні белгіленген билет көрмеге барар күннің алдындағы күннің соңына дейін қайтарып алынады. Жоғалтып алған жағдайда, билетті tickets.expo2017astana.com сайтында құрылған жеке кабинеттен басып шығаруға болады.
«Қазпошта» АҚ – пошталық, қаржылық және логистикалық қызметтерді ұсынатын Қазақстан Республикасының ұлттық пошта байланысы операторы. «Қазпочта» АҚ дүниежүзілік пошта одағының құрамында бар, PostEurop еуропа пошта операторлары қауымдастығының мүшесі, VISA International және MasterCard Worldwide халықаралық төлем жүйелерінің түбегейлі қатысушысы болып табылады. Компанияның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» АҚ болып табылады.
Жанар КӨШКІНБАЕВА «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің бастығы