Қашанда қайырымды істердің бел ортасында жүретін «НКОК» компаниясы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балаларға базарлық жасады. Бұл жолы компания облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар және жасөспірімдер бөліміне заманауи ойын алаңын салып, сыйға тартты.
Мұнда 12 жасқа дейінгі балалардың еркін ойнауы үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ компания ересек балаларға арналған волейбол мен баскетбол алаңдарын салып берді. Жұмсалған қаражат құны 7 млн.теңгені құрайды.
— Бұған дейін «НКОК» компаниясы балаларға планшет пен ойыншықтар сатып әперіп, сыйлық жасады. Енді бұл жолы балаларымызға арнап заманауи ойын алаңын, волейбол мен баскетбол алаңдарын сыйға тартты. Әрдайым бізге қолдау көрсетіп, жақсылық жасаудан жалықпайтын мекеме басшылығына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздігіміз құтты болсын! Балаларымыз ауырмасын,-дейді облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері бас дәрігерінің әдістемелік-ұйымдастыру жұмыстары бойынша орынбасары Құндыз Керкимова. Қазіргі таңда облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері балалар және жасөспірімдер бөлімінде 17 жасқа дейінгі 34 бала бар. Өткен жылы мұнда 47 бала ем алған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, жыл санап аймағымызда «құрт ауруымен» тіркелген аурушаңдық деңгейі төмендеп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда 4,9%-ға азайған.
Венера МИРЛАН