©
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Болашаққа бастар жол» атты театрландырылған қойылым байқауы өтті.
Қастерлі мерекенің құндылығын түсіндіріп, желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алуды мақсат тұтқан байқауға колледж студенттерінен құралған 7 топ қатысып, өнер көрсетті.
— Қатысушы топтар ел егемендігін алар тұста халық қандай қиындықтарды бастан кешіргенін, қандай толайым табыстарға жеткенін көрсетіп, халықтар достығын паш етіп, тарихтан үзінділер келтірді. Сахна талабына сай киімдері, сөз мәнері, актерлік шеберлігі жоғары деңгейде болды. Талантты жастар осы қойылымдар арқылы замандастарына үлгі-өнеге болып, ұлтжандылыққа тәрбиеленеді,-деді «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Рима Молдаева.
Жастар өнерін облысық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, өнер саңлақтары бағалады. Нәтижесінде, «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша Ақтау қалалық медицина колледжі, «Қызықты режиссерлік шешім» аталымында «Ақ жол жастар» жастар қанаты жеңімпаз атанды. «Үздік сахналық безендіру» аталымында Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі, «Үздік актерлік шеберлік» аталымында «Каспий өңірі «Болашақ» колледжі» жеңіске жетті. «Ең үздік қойылым» «Мәңгілік ел» атты көрінісімен М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы Ақтау көлік колледжі атанды. Маңғыстау гуманитарлық және политехникалық колледждеріне белсене қатысқандары үшін алғыс хаттар табысталды.
Сондай-ақ мереке аясында Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрында «Тәуелсіздікті аңсаған арыстар» атты жаңа қойылымның тұсаукесері өтті.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор